«Атамекен»: бизнестің түйткілді мәселелері назарға алынды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес-қауымдастық палата төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездесті. Диалог нәтижесінде үш жүзге жуық мәселеден түйткілді проблемалар тізімі жасалды. ҰКП кәсіпкерлердің бұл мәселелерін үкімет деңгейінде шешуді ұсынады.
Тимур Құлыбаев бизнес-қоғамдастықпен тұрақты түрде кездеседі. Талқыланатын мәселелер экономикалық жағдай мен бизнестің сұранысына байланысты өзгеріп отырады. Бұл кездесудегі көтерілген негізгі өзекті тақырыптар: АӨК-тегі жағдай, салық, дәрі-дәрмектер, сүт өнімдерін таңбалау, тауарларға жөнелтпе құжаттар, акцизді енгізу.
«Атамекен» съезі қарсаңында біз кәсіпкерлермен кездесіп, әр саладағы мәселелер туралы барынша ашық сөйлесуді қаладық», – деп атап өтті алғы сөзінде Тимур Құлыбаев.
Алматылық кәсіпкерлер ведомстволар тарапынан цифрлық бастамалар: электронды шот-фактура (ЭШФ), тауарларға жөнелтпе құжаттар (ТЖҚ), таңбалауды енгізуге қатысты тәсілдерін қайта қарау мәселесін көтерді. «Қазақстанның тікелей сатылымдар қауымдастығы» атқарушы директоры Анастасия Калашникованың айтуынша, жаңа, айтарлықтай күрделі ережелерді орындау кәсіпкерлер, әсіресе шағын бизнесте жаңа проблемалардың пайда болуына әкеледі, сыбайлас жемқорлық қатерлерінің қосымша көзіне айналады.
«Пилоттық жобаны жеті рет кейінге қалдырды. Шағын бизнес бөлшек саудадағы жөнелтпе құжаттарды енгізе алмай жатыр. ЭШФ, қадағалау бөлігінде халықаралық келісімдердің талаптарын орындайды, бірақ механизмнің өзі соңына дейін іске асырылмады. Тексерулер автоматты түрде жүргізілуі керек болса да кәсіпкерлер қағаз құжаттарды әлі де қораптарға салып апарып жүр. Ал тауарларға жөнелтпе құжаттар болса электронды-шот фактура, виртуалды қойманы толықтай ұқсас», – деді Анастасия Калашникова.
2020 жылғы қазанда сүт өңдеу бойынша бірқатар кәсіпорын алаңында цифрлық таңбалау процестерін сынау үшін пилоттық жобалар іске асты. Кәсіпорындар қатарында Шығыс Қазақстан облысындағы «Эмиль» ЖШС бар.
«Пилоттық жоба жүргізілген соң біз таңбаланған өнім зауыттан шыққан бойда оның бағасы 29%-ға қымбаттайтынын есептедік. Баға өсуіне: жабдық және бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесн сатып алу, таңбалаудің өзі, қосымша қызметкерлер еңбекақысы және таңбалаудың операторы – «Қазақтелеком» АҚ-қа өнімнің әр таңбалаған данасына 3,5 теңге көлемінде төлем жүргізу әсер етеді. Қызметкерлердің еңбекақысын, банктік қызмет көрсетуді және басқа да операцияларды есепке ала отырып, соңғы тұтынушыға өткізу кезеңінде сүт 39,2%-ға қымбаттайды», – деді «Астана-Бизнес» ЖШС басшысы Фарид Әбитаев.
Сүт саласының өкілдері Тимур Құлыбаевқа таңбалаудан өткен сүт өнімінің бағасы бірден 70 пайызға өсетінін айтты. Бұл жайт өндіріс көлеміне әсер етіп, орасан зор инвестициялық салымды қажет етеді. Кәсіпкерлер сүтті өнімді таңбалауды Қазақстанда ерікті негізде, дәлірек айтсақ, өз өнімін ЕАЭО елдеріне экспорттайтын кәсіпорындарға ғана енгізуді ұсынды.
Тағы бір көтерілген мәселе – кәсіпкерлер арасындағы кассалық тәртіп. Кассалық аппарат орнатқан шағын және орта кәсіпкерліктің 560 мың субъектісі ішінен жартысы ғана аппараттарды қолданады. 2021 жылы есеп-қисапты ашық жүргізуден «жалтарған» субъектілер саны 11 пайызға өскен.
«Іс жүзінде олар пандемия салдарынан және бизнестің жабылуы себепті қолданылмайды. Сауда жасағанда, көп жағдайда сатып аулшылар сатушыдан чекті талап етпейді немесе чекті алып, бірден қажетсінбей тастай салады. Демек, қазіргі кезде чектер кәсіпкерлерді бақылау элементі ретінде мемлекетке ғана керек», – деді Алматы қаласы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев.
Кездесу барысында Максим Барышев кәсіпкерлер нарықтық стимулдарды құруға мұқтаж екенін айтты. Мұндай стимулдарға банк карталары үлгісінде «салық кэшбегі» сервисін енгізгенде қол жеткізуге болады.
«Бұл жасалған сауда төлемінен 1 пайыз мөлшерінде қайтарым алу мүмкіндігі. Бұл соманы жеке тұлғалардан: көлік, мүлік және жерге салық төлеу үшін пайдалануға болады», – деді Максим Барышев.
Сондай-ақ, спикер отандық ІТ-компаниялардың ресейлік қаржы-техникалық корпорациясының мемлекеттік басқарудың цифрлық платформасын әзірлеуге қатысты жаңалыққа алаңдаушылығын жеткізді.
«Егер біз кәсіпкерлер ретінде пырақтарды дамытқымыз келсе, онда тапсырыстарды ел ішінде бөлу керек. Қазақстанда ресейліктерден кем түспейтін білікті ІТ-мамандар бар», – деп атап өтті ІТ-бизнестің өкілі.
Талқыланатын түйткілді мәселелердің басым бөлігі агроөнеркәсіптік кешен, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығына байланысты – субсидиялау, ет өнімдерін қайта өңдеушілерді қолдау, сақтандыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Солтүстік облыстардың кәсіпкерлері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бөлшек сауда бағаларын бақылау және қадағалау мәселелеріне тоқталды. Шекті бағалар шығарылатын өнімнің өзіндік құны мен бизнестің тиімділігі ескерілмей қалыптасады, бұл өткізу тізбегін бұзуға әкеп соғады және бизнесті шығынға ұшыратады, деп санайды қостанайлық «Жас-Қанат 2006» ЖШС Бас директоры Қайрат Маишев. Бұдан басқа, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі өнімнің жекелеген түрлері бойынша теңсіз тәсілді көздейді. Мысалы, тізімге бірінші сұрыпты бидай наны, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% құрайтын сүт пен айран кіреді.
Бизнесмендер, сондай-ақ, туризм, мемлекеттік шекараны өту, кіру ережелері, құрылыс саласында отандық тауар өндірушілерді қолдау, салық мәселесін көтерді.
«Бизнесті қолдау бойынша тиімді шешімдерді табу үшін барлық мәселені үкімет қарауына шығарамыз», – деп қорытындылады Тимур Құлыбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: