«Атамекен»: ҚР ИИДМ қағаз нұсқадағы жол-сапар парақтарын қолдануды 2022 жылға дейін қалдырды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2021 жылғы 16 маусымда көлік құралдарын басқарудың жаңа жүйесін таныстырды. Ұлттық палатаның сарапшылары электронды құжат айналымына кезең-кезеңмен өту орынды деп санайды, сонымен қатар қағаз нұсқасын да сақтап, құжаттарды толтыруда артық талаптарды қысқартуды ұсынды.
Кәсіпкерлер 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін «Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін ұйымдастыру және пайдалану қағидаларын, Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде тіркеу, есепке алу, өңдеу және сақтауға жататын құжаттар тізбесін бекіту туралы» ҚР ИИДМ-ның жаңа бұйрығымен жұмыс істеуге дайын емес.
«Бірден түсіндіре кетейін, аталған бұйрық көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін ұйымдастыру және пайдалану тәртібін анықтайды және жүкқұжаттар мен жөнелтпе парақтардың қағаз форматында қолданылуын шектемейді. Тасымалдаулар үздіксіз жүргізіліп, тәулік уақытына бағынбайды. Кәсіпкерлер жолда интернет болмау себепті электронды тауар-көлік жүкқұжатты және жол-сапар парағын толтыруға мүмкіндік болмайтын жағдайға жиі тап болады. Сонымен қатар бизнес өкілдері деректерді сақтау және ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істеуі мәселелеріне алаңдайды, өйткені тәулігіне 10 мыңға жуық адам тіркеуден өтеді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.
Еске сала кетейік, тауар-көлік жүкқұжаттары мен жол-сапар парағын қолдану тәртібі «Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 546 бұйрығымен айқындалған. Бұдан бөлек, астық жинау науқанында бидайды алқаптардан элеваторға тәулік бойы тасиды, демек интернеті нашар, білікті маманы жоқ ауылдық жерде электронды құжаттарды рәсімдеу қиындық тудырады.
«Атамекен» мамандары қағаз нұсқаны алып тастау және электронды құжатқа асығыс түрде көшу сыбайлас жемқорлық салдары мен шартты мәмілелер жасау жағдайын көбейтеді. Бұл өз кезегінде шаруалардан электронды құжат талап етілсе, жүкті жеткізуді тежеп, егін егу, астық ору жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін.
«Сондықтан біз министрлікке қағаз жүкжөнелтпе құжаттары мен жол-сапар парақтарын пайдалануды сақтау ұсынысымен өтінім жасадық. Бизнес оған қандай форматты қолдану ыңғайлы екенін түсінуі керек. Кәсіпкерлерге онлайн құжаттауға біртіндеп көшуге дайындалу үшін, ал мемлекеттік органға іркілістер мен кемшіліктерді болдырмау үшін жүйені сынақтан өткізуге уақыт қажет», – деді Палата өкілі.
Сонымен қатар «Атамекен» министрлікке электронды форматқа ұқсас артық талаптарды қысқарту туралы ұсыныспен шықты. Құжаттарды электрондық форматқа ауыстыру кезінде мемлекеттік орган толтыруға арналған артық 80 тармақты алып тастады.
Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі – автомобиль көлігі саласында тасымалдау қызметімен байланысты құжаттарды тіркеу, есепке алу, өідеу және сақтауды қамтамасыз ететін және тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға және тасымалдау процесіне қатысушыларға осындай құжаттар туралы формаға салынған ақпаратты беруді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: