«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Табысты және ісін адал жүргізетін кәсіпкерлер жаңа экономиканың локомотивіне айналуы тиіс – Қасым-Жомарт Тоқаев

2023 жылғы 19 Сәуір
8434 просмотров

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген жиында жаңа геоэкономикалық ахуал жағдайында бизнесті дамыту векторларын айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту экономиканың өсуі үшін аса маңызды ресурс деп санайды. Бұл жұмысқа Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тартылатын болады.

«Үкімет нақты салалардағы ірі шетелдік серіктестермен нәтижелі жұмыс істеп жатыр, дегенмен күш-жігерді арттыра түсу қажет. Интерактивті инвестициялық картаны құру, әр өңірдің инвесторлары мен инвестициялық жобаларының цифрлық дерекқорын іске қосу қажет. Бұл жұмысқа «Атамекен» Ұлттық палатасы да тартылуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан басқа мемлекет басшысы кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлерді бюрократия мен заңсыз әрекеттерден қорғау керегі жайында айтты.

«Әлеуметтік саты» ұғымы баршаңызға белгілі.  Бұл кез-келген бастамашыл және еңбекқор адамға мансап сатысында және қоғамдық иерархияда сенімді түрде алға жылжуға мүмкіндік беретін жүйе. Сол сияқты, біз кәсіпкерлер үшін тиімді жұмыс істейтін «экономикалық сатыны» салуымыз керек. Сондықтан, жүйелік шаралардан басқа, өңірлерде ең табысты және ісін адал жүргізетін кәсіпкерлерді ілгерілету маңызды. Олар жаңа, әділ экономиканы дамытудың локомотивіне айналуы тиіс», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес пен инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысқа отандық банктерді тарту қажеттігін атап өтті.

 «Ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша банк секторының мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Мен экономикаға несие беруді кеңейту туралы тиісті тапсырманы жарлық шеңберінде бердім. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес қолжетімді банктік несиелеуден тыс қалып жатады. Бұл ретте біз банктердің ақшасы барын және олар ашық жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қаржыландыруға дайын екенін білеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

  Мемлекет басшысы әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға инвестициялар тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және жан басына шаққандағы қаржыландыру институтын толық көлемде пайдалану қажет екенін айтты. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсанында МЖӘ-нің жаңа моделін енгізуге бағытталған заңнамалық түзетулерге қол қойылды. Түзетуде жеке әріптестерді іріктеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданды, квазимемлекеттік кәсіпорындардың қатысуы шектелді. Осылайша, бизнесті мемлекеттік жобаларды іске асыруға тарту үшін жағдайлар жасалған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер