«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әуе жолаушыларына ПТР-тест сервистік қызмет ретінде көрсетіледі

2021 жылғы 25 Наурыз
11823 просмотров

Турпакеттерге міндетті ПТР-тестілеуден өту енгізілді. Енді шетелде жүрген қазақстандықтарға елге ораларда тестілеу үшін өз бетінше зертхана іздеудің қажеті жоқ, бұл шаруаны туроператорлар атқарады. Мұндай шешім Коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданып, 20 наурыздан бастап күшіне енді.

 «Өткен жылдан бері – шетелден Қазақстанға келу алдында ПТР-тестіні өткізу қажет пе, әлде ұшаққа отырарда тестілеудің барын тексеру қажеттігіне қатысты пікірталас жүріп жатыр. Ұшақ жолаушыларының қауіпсіздігі үшін тестілеу нәтижесінің алдын ала болғаны дұрыс екені анық. Осы ретте түрлі себептерді айтып, тестілеуден өтпейтін азаматтарымыз да бар. Бір жағдайда адамдар тестілеуді өткізуге үлгермей қалдық десе, кейбірі зертхана таппадық дейді. Енді бірі қаражатының жетпей қалғанын алға тартады. Бірақ жақында шетелден екі адам COVID індетіне оң нәтижемен елге оралған», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

ПТР нәтижелері болмаса, азаматтарды ұшақ бортына отырғызбау туралы ұсыныс – Қазақстан туроператорлары қауымдастығының бастамасы. Ұйым төрағасы Инна Рейдің айтуынша, бүгінде тұрақты чартерлік рейстердің басым бөлігін туроператорлар қалыптастырып отыр.

 «Біз бүкіл жауапкершілікті түсініп отырмыз. Талдау көрсеткендей, шетелге шығарда тестілеуді өткізу талабына қарамастан адамдар Қазақстанға коронавирусты жұқтырып оралуда, осы жайт шетелге ұшуды қауіпті етеді. Әуеде ұшудың орташа уақыты 3-тен астам сағатты алады. Сондықтан біз ПТР-тестілеу қызметін турпакет құнына қосуды ұсындық. Бұл шара дер кезінде қолға алынып жатыр деген ойдамын», – деді  Инна Рей.

Енді ПТР-тестіні ұшуға дейін тапсыру сервистік қызмет болады, демек, қазақстандықтар анализ тапсыру үшін өз бетінше зертхана іздеп сабылмайды.

«Адамдарға медициналық орталыққа барып, онда тестіден өту ұсынылады, немесе дәрігерлер биоматериалды алу үшін қонақүйге өздері келеді», – деді Инна Рей.

Турист тест үшін қосымша қаражат төлеуден бас тартса, турпакет іске асырылмайды. ITours туроператордың бас директоры Салтанат Омарова ақылы тестілеу енгізілген елдерде турпакеттегі тестінің бағасы 25 АҚШ долларынан жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті.

 «Бізде қазақстандықтар турпакеттерді сатып алмайтыны жайында алаңдаушылық жоқ. Туристердің басым бөлігі мұндай шараның енгізілгеніне қуанышты, өйткені үйге қайтарда уайымдамайтын болады», – деді Салтанат Омарова.

Юлия Якупбаева жолаушылардың статусын тексеру – Қазақстанның жаңашылдығы емес екенін айтты. Бақылаудың мұндай түрі көптеген елде, мәселен Грузияда қолданылып келеді.

 «Бүкіл әлемнің авиакомпаниялары жолаушылар ағынын қауіпсіз жолмен арттыру бойынша жолдарды іздестіруде. Жақында ғана Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) өкілдерімен кездестік. Олар әр ел бойынша саяхатқа қойылатын талаптарға негізделген Travel Pass пилотын іске қосты. Ұшаққа кірерде коронавирусқа тест-нәтижесі сұралады. Қазіргі кезде пилоттық жоба Emirates Airlines, Etihad Airways, Qatar Airways, Singapore Airlines атты 4 компанияда сыналып жатыр. Ресейде ЕАЭО елдері тұрғындары үшін «COVID-19-сыз саяхатта» («Путешествую без COVID-19)» сервисі әзірленді», – деді Юлия Якупбаева.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер