«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қытай шекарасындағы жағдай өзгеріссіз

2021 жылғы 18 Ақпан
8374 просмотров

Миллиардтаған шығын, өндірістің тоқтауы, толып тұрған қоймалар. Кәсіпкерлер жүк ағынын арттыруға барынша күш салып, ҚХР шекарасы маңында тұрып қалған вагондар мәселесін үкіметтік деңгейге шешіп беруді сұрайды.  «Атамекен» ҰКП алаңында бизнес-қоғамдастық, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері мен мемлекеттік органдар кезекті рет кәсіпкерлерге проблемалық мәселені шешуге көмектесуге тырысты.

Қаңтар айының соңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС қытай тарапымен келіссөздер жүргізді. ҚХР өкілдері Қазақстаннан келген жүк пойыздары көлемін «Алашанькоу» станциясында тәулігіне 18-20 пойыз, «Қорғас» станциясында тәулігіне 8-10 пойызға дейін арттыруға уәде берді. Алайда жағдай әлі де өзгеріссіз.

 «Шекарада тұрып қалу салдарынан кәсіпкерлер белсенділігінің төмендегенін байқадық. Бизнесмендеріміз Қытай тарапынан маңызды серіктестерінен айрылып қалуы мүмкін, Қытай серіктестері бізбен жұмыс істеуге ынталы, бірақ ҚХР үкіметінің шектеу шаралары салдарынан біздің тарап келісімшарттық қатынастар міндеттерін бұзып жатыр. Осы ретте Ұлттық палатаға ҚХР Сыртқы істер министрлігінен Қытай шектеу шараларын көктемнің соңына дейін күшейтетіні жайында хат келіп түсті. БАҚ көздерінде екі елдің теміржолдары арасында келісімдер жасалып, 1 ақпаннан бастап вагондарды қабылдау артатыны туралы хабарланғанымен, көріп тұрғанымыздай, жағдай өзгермеді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Әмрин.

 Теміржол өкілдері атап өткендей, Қытай тарапына вагондарды жіберу динамикасы сақталған, бірақ мардымсыз. Мысалы, астық үш күн сайын жіберіліп отырады, дегенмен астықты жөнелту жиілігі Қытай тарапымен күніне бір рет деп келісілген, есесіне металлургия өнеркәсібінің өнімдері үздіксіз қабылданады. Сонымен қатар, бағалау деректері бойынша жүк жөнелтушілерге маршрут бойындағы жүктерге келтірілген зиян шамамен 17-18 млрд теңгені құрауы мүмкін.

 «Ұлттық тасымалдаушы ретінде, біз өз тарапымыздан жүк ағынын тоқтап қалмауы үшін барымызды салудамыз. Қытай темір жолы 2021 жылдың қаңтар мен ақпан айына жабық вагондармен астық және тартылған өнімдерді тасымалдауға жоспарды бізбен келіспеді. Қытай тарапы жүк тиелген вагондарды тіпті ірі сатып алушыларына да қабылдамай қойған жағдайлар да бар. Біз бір амалын тауып, тартылған дәнді-дақылдарды биг-бэгтерге салып, жөнелттік. Шекарадан тез өтудің сәтті жағдайлары да бар, бірақ ҚХР кедергісіз жібере беретініне кепілдік жоқ», – деді Қанат Көбесов.

 «УПНК-ПВ» ЖШС логистика бөлімінің жетекші маманы Бауыржан Құрманғалиев олар наурыз айында өз қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болатынын айтты.

«Адамдардың көзіне қалай қараймыз білмеймін, бірақ шекарадағы жүктің тұрып қалуы салдарынан үздіксіз жүрген өндірісті тоқтата тұру керек, біз кокс өндіреміз. Тауар өткен жылдың қазан айынан бастап жатыр, қоймаларымыз лық толы, сондықтан өнімді сақтайтын жер жоқ. Босату, қайта тиеу шешім емес, басқа вагондарды іздеу шығынды», – деді Бауыржан Құрманғалиев.

 Тағы бір проблема – вагондарды жөндеу. «Северное зерно» компаниялар тобы құрылтайшысы Евгений Карабановтың айтуынша, вагондардың бір бөлігі істен шығып, жөндеуді талап етеді, осыған байланысты тасымалдаушылар вагондарды кері қайтаруда. Кәсіпкер Сауда және интеграция министрлігіне жүк жөнелтушілерге шығындарды өтеу тәртібін қайта қарау туралы өтінішпен жүгінуді ұсынды.

 «Біз барлығын төлеп қойдық қой: сертификаттау, вагон операторларының қызметі, кері қайтару үшін төледік. Сауда министрлігінде экспортаушылардың шығынын өтеу бағдарламасы бар. Бәлкім ҚХР шекарасында зардап шеккен экспорттаушыларды да осы бағдарламаға қосу мүмкін болатын шығар?», – деп ұсынды Евгений Карабанов.

Ұлттық тасымалдаушы жүк ағынын ұлғайту үшін Қазақстанда сыртқы дезинфекция процедурасын жүргізуге және Қытайдың China Certification & Inspection Group сертификаттау және инспекциялау тобының қатысуымен дезинфекция станциясын сатып алуға дайын, бұл компанияның сертификаты халықаралық дәрежеде танылған және Қытай бағалау жөніндегі мемлекеттік комитетінде аккредиттелген.

 «Транко» АҚ директорының орынбасары Сергей Анашкин мәселе шешімі ссозылып кеткендіктен ҚР Үкіметі деңгейіне шығуды ұсынды.

 «Біз желтоқсанда «Достық» станциясына барған кезде Премьер-министрдің төрағалығымен Көлік жөніндегі кеңес отырысын өткізуді ұсынғанбыз, өйткені мәселені шешуге өзіміз қауқарсызбыз», – деді Сергей Анашкин.

ҚР Индустрия министрлігі ҚХР үкіметіне шығу үшін ҚР Премьер-Министрінің қолтаңбасын алуға екі рет хат жазды, бірақ нақты жауап әлі де жоқ. Бұл туралы ҚР ИИДМ Көлік комитеті Теміржол көлігі басқармасының жетекішісі Елдос Нестай хабарлады.

 «Министрлік Көлік жөніндегі кеңестің жуырдағы отырысында ҚХР бағытында жүк тасымлдау мәселесін енгізу бойынша бастама көтереді», – деп атап өтті Елдос Нестай.

 Мұрат Әмрин жиынды қорытындылай келе, соңғы отырысы 2020 жылдың қарашасында өткен Қытай бағытында жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау мәселелерін шешу жөніндегі жұмыс тобының алаңында ҚР ИИДМ, ҚР СІМ және ҚР ҚМ бірлесіп, тұрып қалған және қараусыз қалған вагондармен байланысты жағдайды шешу бойынша ұсынылған шараларды қарастыру қажетттігін атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер