«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ЕЭК бизнестің мәселелерін жүйелі түрде қарастыруға уәде берді

2021 жылғы 03 Наурыз
11082 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі бизнес мәселелерін тұрақты негізде қарауды ұсынды. Жуырда қазақстандық бизнес өкілдері Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен кездесуі өтті

 ҰКП Басқарма төрағасының пікірініше, жүйелілік нақты уақыт режимінде проблемаларды қадағалауға және кәсіпкерлердің даулы мәселелеріне тез шешім табуға мүмкіндік береді.

 «Палатада мәселелерді ағымдағы мәселелер – күнделікті өтінімдер, бизнесті қорғау бойынша жеке сұрақтар, консультациялар және жүйелі мәселелер деп бөлеміз. Ұзақ уақыт бойы шешілмей келген және заң шығарушылық деңгейде шешуді талап ететін жүйелі проблемаларды қадағалау үшін бізде түйткілді мәселелер тізілімі бар. Бәлкім, бес елдегі бизнестің өтінімдерін қадағалау, олардың шешілуін бақылау үшін осындай тізілім, электронды алаңды құру бойынаш ұсынысты қараған жөн болар», – деді Абылай Мырзахметов.

Михаил Мясникович бұл ұсынысты қолдап, ЕЭК-тің Хаттама департаментінде даулы мәселелер бойынша динамика мен шешімдерді қадағалауға көмектесетін қажетті ресурстардың барын атап өтті.

 «Біз хаттама қалыптастырамыз. Жаз айларында Жоғары кеңестің отырысы өтеді, осы іс-шара аясында бас қосып, бүгінгі кездесуде қазақстандық кәсіпкерлер көтерген мәселелер қалай шешіліп жатқанын қарауды ұсынамын», – деп атап өтті Михаил Мясникович.

Үш сағатқа созылған талқылаудан кейін кәсіпкерлер техникалық реттеу және химиялық өнімді жаппай тіркеу, автомобиль өнеркәсібіндегі кооперация, демпингке қарсы шараларды қолдану, Одақ аумағы арқылы қазақастандық тауарлардың транзитіне қатысты мәселелерді көтерді.

 ЕАЭО шеңберінде навигациялық пломбаларды қолданумен транзиттің бірыңғай жүйесі құрылып жатыр, Ресейде навигациялық пломбалар 2020 жылдан бері қолданылуда. Оларды қолдану санкцияланған тауарларды тасымалдау мәселелсін шешіп, бақылаудың қосымша шараларын азайтар еді. алайда іс жүзінде қазақстандық тасымалдаушыларға Одақ елдеріндегі мемлекеттік органдар тарапынан жүкке тексеру жүргізілуде.

 2019 жылдан бері Беларусь-Латвия шекарасында өткізу бекеттерін өткен кезде Беларусь кеден органдары әр екінші жүк көлігін тексереді. Мұндай жайт тауарларды жеткізу мерзімін 3-7 күнге ұзартып, қаржылық шығынға әкеп соғады.

 «Тексерулерге кететін шығынды ескере отырып, тасымалдау құны 25 мың рубльден асып түседі. Егер тауарлар Литва-Беларусь немесе Польша-Беларусь шекара бөлігі арқылы өтетін болса, мәселе туындамайтынын, бірең-сараң көлік тексерілетінін саралап көрдік», – деді «Alem trans group» ЖШС бас директоры Владимир Слепченко.

Бұдан бөлек, қазақстандық тасымалдаушыларға қатысты маршрутты белгілеу ретінде қосымша шара қолданылады. Мәселен, «Кублей» ЖШС-ның Санкт-Петербург теңіз порты арқылы қайта тиеуге жөнелтілетін жүктері ай сайын осы қосымша шараға ілігіп жатыр. Демек жүк көліктері қосымша тексеруден өтеді, уақытша сақтау қоймасын жалдайды, негізінен осы кедергілерді навигациялық пломба шешуі тиіс еді. ЕАЭО Кедендік кодексінің 217-бабына сәйкес аталған шара тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде қолданылуы мүмкін.  

 Кәсіпкерлер сонымен бірге Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы арқылы Қазақстан Республикасына өтетін фитосанитарлық бақылауға жататын «санкцияланған тауарлардың» транзитіне тыйым салумен байланысты проблеманы атап өтті.

 «Беларусь Республикасының уәкілетті органы Россельхознадзорға сілтеме жасап, фитосанитарлық бақылауға жататын санкцияланған тауаралрды өткізбейді. Қазіргі кезде біз мұндай тарауалрдың транзитін Ресей-Латвия шекарасындағы екі өткізу бекеті (Бурачки, Убылинка) арқылы өткізіп жатырмыз. Мұндай маршрут жеткізушілерге ұзақ, айналмалы. Бұл жайт ҚР аумағына өнімді жеткізу мерзімін орта есеппен 10-12 күнге ұзартып жібереді, сонымен қатар 1 жүк көлігіне орта есеппен 50 мың рубльге шығын әкеледі», – деді Владимир Степченко.

Транзитке қатысты тағы бір проблема 2019 жылы Ресей Украинаға бірқатар тауарларды, оның ішінде көмірді жеткізуге және транзиттеуге шектеулер енгізгеннен кейін пайда болды.   Мәселен, 2019 жылдың шілде айында көмір компаниялары 378 мың тоннаға жөнелтуге өтінім жіберген, осы көлемнің 8%-ы ғана мақұлданды.

 «Іс жүзінде бұл шектеу біздің кәсіпкерлеріміз үшін Украина нарығын жапты. Шектеуден кейін 1,5 жыл ішінде көмір экспортаушы 8 компания ішінен көмірді тұрақты негізде небәрі 3 компания ғана экспорттауда. Ал ресейлік көмір экспорты бір жыл ішінде артып кеткенін байқадық, ой салатын жайт. Бұл мәселе Алқа отырысына үш мәрте шығарылды, Комиссияның мұны кедергі деп тануға қатысты қорытындысы бар, алайда Алқаның шешімігн әлі алмадым», – деп атап өтті «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ директорының орынбасары Максим Кононов.

 «Exim Artis» ЖШС 2020 жылы 18 тонна көмірдің тек 2 мың тоннасын тиеп, 1,9 млн АҚШ долларын жоғалтты. Компания өндірісті азайтып, штатты 400 адамға қысқартты, қалған қызметкерлердің еңбекақасын азайтты. Қазақстандағы көмір компаниялары жағдайы нашарлағаннан кейін 2020 жылы Ресей Украинаға көмір экспортын 8%-ға ұлғайтты. 2019 жылы ЕЭК осы мәселе бойынша кедергі бар екенін мойындады.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Кедендік реттеу департаментінің директоры Дина Мамашева  ЕАЭО Кедендік кодексіне өзгерістер енгізуге қатысты алаңдаушылығын білдірді. Бүгінде құжатқа 309 түзету енгізілген, қазақстандық тарап 58 түзету енгізді, оның ішінде 55 түзету бизнес өкілдері бастамалаған. Спикердің айтуынша, жұмыс даму стратегиясының және тараптардың қандай шараларды қарастыруы керектігі жайында түсінудің болмауына байланысты ретсіз және жүйесіз жүргізілуде. Дина Мамашева кедендік өзара қарым-қатынас шеңдерінде бірден 4 келісім бойынша жұмыс басталғанын айтты, соның ішінде транзиттің бірыңғай жүйесі туралы келісім бар. Алайда ұсыныстарды қарау бойынша топтар мен қосалқы комитеттерді саны бүгінде 33 бірлікті құрайды, олар тиімді жұмысқа кедергі келтіруде.

 «Біз транзит мәселелеріне қатысты түбегейлі дұрыс емес тәсілдемені көріп отырмыз, олардың барлығы жекелеген келісімде емес, Кедендік кодексте көрсетілуі тиіс. Кейбір мәселелерді тыс қалдыру көзделіп жатқаныға қатысты алаңдау бар. Біз келісімдер кодексті алмастырмағанын қалаймыз»,– деді Дина Мамашева.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге әр мәселе бойынша түсіндірме берілді. Барлық көтерілген проблема хаттамаға жазылып, ЕЭК және «Атамекен» ҚР ҰКП бақылауына алынды.

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына қаңтардағы үндеуі аясында ЕАЭО елдері арасындағы өзара саудадағы кедергілерді жою Қазақстанның сөзсіз басымдығына айналатынын баса айтты. Еуразиялық экономикалық комиссия тауар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалуын шектеп жатқан кедергілерді алып тастау және жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеуді  белсенді әрі ашық жүргізу керек.

 «Мұндай кездесулер тұрақты негізде жүргізіледі, бұл Президентіміздің бастамасы, ризашылығымызды білдіреміз, өйткені Елбасымыздың бастамасымен Одақты құру кезінде жыл сайын бизнес-форумдар өткізіліп, бизнестің министрлермен кездесулері өтті. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мұндай практика әлсіреп қалды. Қазіргі кезде адамдар мен бизнес Одақтың тиімділігін сезінуі үшін осындай кездесулердің қажеттілігі бар. Биыл Іскерлік кеңес аясында Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген бес бастама бойынша, соның ішінде кедергілерді алып тастау бағытында белсенді жұмыс істейміз», – деді Абылай Мырзахметов.    

Анықтама үшін:

Қазақстанның 2021 жылы ЕАЭО-ға төрағалық етуі біздің елге биылғы жұмыс бағытын айқындау құқығын берді. Басты назарда өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, ЕАЭС ішкі нарығындағы кедергілерді жою, трансшекаралық көлік күре жолының және логистикалық хаб әлеуетін пайдалану, цифрландыру, сондай-ақ ЕАЭО келісімшартын іске асыру және ЕАЭО мүше мемлекеттердің экономикасына интеграциялық процестердің ықпал етуі болмақ.

 2020 жылы Қазақстанның ЕАЭО-тағы сауда айналымының көлемі 19,7 млрд АҚШ доллары болды, 2019 жылмен салыстырғанда 9%-ға кеміген. Аталған кезеңде экпорт көлемі 14%-ға төмендеген, 2014 жылмен салыстырғанда 23%-ға қысқарғаны байқалады. Сонымен қатар 2020 жылы Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына қол қойған. Онда ЕАЭО дамыту бойынша 11 бағыт пен 330 іс-шара жинақталған,  оған ынтымақтастықтың жаңа бағыттары да енгізілген.

 ЕАЭО Іскерлік кеңесі 2015 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен интеграциялық процестерді кеңейту және бизнестің ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастық өзекті мәселелері жөніндегі  бірыңғай ұстанымын әзірлеу  үшін құрылды.

ЕАЭО Кеден одағы мен Ресей, Қазақстан және Беларусьтің Бірыңғай экономикалық аймақ негізінде құрылды. 2014 жылдың 29 мамырда Астанада Ресей, Беларусь және Қазақстан Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа қол қойып, ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Кейін ЕАЭО-ға Армения мен Қырғызстан қосылды.

Одақтың негізгі мақсаттары:

- одаққа мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру  мақсатында олардың экономикаларын тұрақты дамыту үшін жағдай жасау;

- тауар, көрсетілетін қызмет, капитал мен еңбек ресурсының бірыңғай нарығын қалыптастыру;

- жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономиканы жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және бәсекеге қабілетін арттыру.

Одақ шеңберінде тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің қозғалысы, экономиканың маңызды салаларында келісілген, келісілген немесе бірыңғай саясаттың жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер