Экспорттаушылар Қытай шекарасындағы кептеліс салдарынан келісімшарттық міндеттемелерін орындай алмауы мүмкін
Кәсіпкерлер Қазақстан-Қытай шекара маңындағы теміржол стансаларында жұмыстың тоқтауы салдарынан жүкті түсіре алмай жатыр.
Маусым айының соңында кәсіпкерлер Қытай темір жолы тарапынан телефонограммаларды алды, онда «Қорғас» ҚТЖ станциясындағы кептеліске байланысты Орта Азияға – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға және кері барлық бағыттар тоқтағаны туралы хабарланды.
«Орын алған ситуация кәсіпорындардың экономикалық қызметіне нұқсан келтіруде, өйткені сатылымдардан түскен қаражат есебінен біз жұмыскерлерге еңбекақы төлейміз, өндірістік қуаттылықты сақтау үшін материалдар мен жабдық сатып аламыз», – деп кәсіпкерлер ҰКП-ға жазуда.
Ұлттық палата аталған мәселемен ҚР Сауда және интеграция министрілігі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамына мәселені қытай тарапымен шешуді сұрап хаттар жолдады.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қытай бағытына қарай жүк тасымалдарына байланысты ағымдағы жағдайға аландаушылық білдіреді. Осы ретте пандемия салдарынан екі елдің теміржол және кеден қызметтері ерекше жағдайда жұмыс істеп жатқанын түсінеміз. Осыған байланысты қазақстандық жүктерді тасымалдауға қатысты мәселелерді шешуге өкілетті билік органдарынан шұғыл әрекет күтеміз», – деп мәлімдеді «Атамекен» ҚР ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің сарапшысы Дархан Мұратханов.
Әзірге Қытай тарапы «Келісімшарттық және коммерциялық жұмыс» басқарудың автоматтандырылған жүйесінде (ККЖ БАЖ) жүкті түсіру жоспарын мақұлдамай жұмыс істеуде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: