Медицина техникаларына сервистік қызмет көрсету ережелері талқыланды
«Атамекен» алаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және медицина техникаларын сараптау ұлттық орталығының, «СК Фармация» ЖШС, осы саладағы қауымдастықтар мен өндірушілер өкілдері қатысқан отырыс болып өтті.
Кәсіпкерлер палатасына медицина техникасына сервистік қызмет көрсетуші бизнес өкілдері тарапынан қызмет көрсету Ережелеріне енген өзгеріске байланысты шағымдар көп түскен екен. Жаңа ережелер көптеген кедергілер тудырып, медицина мекемелері мен қызмет көрсетуші тарап арасында түсініспеушілік тудырып, әрі қарайғы қызмет көрсету мәселесі үлкен сұрақтың астында тұр.
«Біз он жылға жуық уақыттан бері медицина техникаларына қызмет көрсетіп келеміз. Қызметіміздің аясы да кең. Компьютерлік және магнитті-резонансты томографияға да біздер қызмет көрсетеміз. Қол астымызда 80-ге жуық биомедициналық жүйе бойынша арнайы маманданған инженерлер,тәжірибе жасауға арналған зертханамыз бар. Медицина саласындағы кәсіпкердердің де сөзі мен пікірін есепке алуды және тізе біріктіріп жұмыс істеуден қашпайтындығымызды айтқым келеді. Жаңа заң бойынша мамандар тауар өндірушілерден арнайы курс өту керек. Бұл өз кезегінде біздің алдымызға тосқауыл болады және белгілі бір механизмі де жоқ», - деп налыды «EDS Group» ЖШҚ директоры Евгений Цой
«Медицина техникасын өндірушілер инженерлерді оқыта алмайды. Бірақ, тесттен өткізіп, біліктілігін бағалайтын сертификаттар бере алады. Бұл сервистік қызмет көрсетудің белгілі бір деңгейін бағалау болар еді»,- деді «Ақтөберентген» АҚ өкілі Атомжан Махмутов.
Аймақтардағы сервистік қызмет көрсетуші бизнес өкілдері де бұл тұрғыда өз пікірлерін білдірді. Қызмет көрсетуге деген сұраныс барын, жаңа ережеге сай жұмыс істей алмай отырғандарын да алға тартты.
«Біздің бүгінгі әңгімеміз тек қана сирек кездесетін қымбат техникалар жайлы ғана емес, жалпылама техникаларға қызмет көрсету жайлы. Ал, жаңа заңда медицина мекемелерінің инженерлері жайлы бір ауыз сөз де жоқ. Барлық медицина мекемелері аудандарға, түпкі ауылдарға өз инженерлерін жібере алмайды ғой. Оның үстіне көп жағдайларда медициналық мекемелерде техникалар мен құрылғыларды сатып алатын қаржысының жоғын да ескеруіміз керек. Бұның кесірі бізге ғана емес, ауыл тұрғындарына, медицина мекемелеріне де тиеді. Енді біздер өзіміздің инженерлерімізден айрылып қалу қауіпінің алдында тұрмыз»,- деді «Алтай-Сем медтехника» ЖШС директоры Виктор Акимов.
«Radiation Protection Company» ЖШС директоры Раушан Фатхуллинаның айтуынша кейбір ауруханалар мен емханаларда әлі күнге дейін 1980 жылдары шыққан техникалар пайдаланылуда. Ал, бұл техникаларды өндірушілер бұл күндері өз қызметтерін тоқтатқан. Ізін де таба алмайсыз. Із-түзсіз кеткен өндірушілер қалайша инженерлерімізді оқытпақ дейді.
«Енгізілген өзгерістер бизнес-қауымдастықтардың келісімімен жасалған болатын. Егер, мәселе шынымен күрделі болса біз әрдайым қайта қарауға, өзгерістер енгізуге әзірміз. Қазіргі таңда елімізде медицина техникасына қызмет көрсететін 500-ден астам компаниялары бар. Біздің тарапымыздан жасалған тексеріс кезінде кейбірінің талапқа сай емес сапасыз техникалармен қызмет көрсеткені белгілі болды. Әрине, инженерлерді арнайы оқыту қымбатқа түсетінін біз де білеміз. Бірақ, азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстауымыз керек», - деді ҚР Денсаулық сақтау Министрлігі өкілі Руслан Әділханов.
Алқалы жиын соңы арнайы жұмыс тобын құру шешімімен және сенімді қызмет көрсетушілер реестрін құру қажеттілігі жайлы шешіммен аяқталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: