Экспорттаушыларға сертификат бір күнде беріледі
«Атамекен» экспорттаушыларға арналған сертификаттардың қанша күнде дайын болатынын түсіндірді.
«Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Эльмира Оразованың айтуынша «Атамекен» тауарларды экспорттау кезінде, оның шығу түбін анықтайтын сертификаттар беруді рәсімдейді
Бұл автоматтандырылған жүйе арқылы іске асады. Кәсіпкерлердің өтінімдері https://doc24.kz/ сайты арқылы қабылданып, қажетті сертификат қолдарына 1 күн ішінде тиеді. Жылдам бүлінетін азық-түлік өнімдеріне берілетін сертификат мейілінше тез арада, өтінім түсісімен рәсімделеді. Сертификаттар қатаң бақыланып, Халықаралық Келісім негізінде сұраныс беруші елдің талабы бойынша беріледі.
«Бұдан бөлек, «Атамекен» кәсіпкерлермен бірлесе отырып, экспорттаушы сертификатын рәсімдеуге қажетті құжаттар тізімін мейілінше қысқартуды ұсынған болатын. Аталмыз тізімнің ішінде ветеринарлық сертификатқа қатысты өзгерістер де бар» , - деді Эльмира Оразова.
Департамент директорының орынбасарының айтуынша тап осы ветеринарлық сертификаттың әсерінен Қазақстан тарапынан жіберілетін жүктердің кешігуі жиі кезігеді. Сондықтан да, «Атамекен» Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қажетті құжаттар тізімінен ветеринарлық сертификатты алып тастауды ұсынған болатын. Әзірге бұл сұрақтар қарастырылу үстінде.
Сертификаттау жөніндегі сұрақтарыңызды +7 7172 919359 нөміріне хабарласу арқылы қойып, жауабын ала аласыздар.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап тауардың шығу түбін көрсететін сертификатты алу электронды негізге ауысқан болатын.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: