Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бүгіні мен ертеңі
29 наурыз күні Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысы өтті. Күн тәртібінде Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы мәселесі көтерілді
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік филиалдарына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында әкімшілік кедергілерге кәсіпкерлерден түсіп жатқан шағымдар көп. Мәселен, заңмен бекітілген кейбір актілердің солқылдақтығының кесірінен түрлі қитұрқылықтарға жол беріліп жатқанын көбіміз көріп отырмыз. Бүгінгі әңгімеміз мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бүгінгі күнгі басты мәселелерін талқылау және оның ертеңіне жол ашу», – деді жиынды ашқан Қайырбек Сүлейменов.
Расында да, көз жүгіртіп қарар болсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңнаманы пайдалану кезіндегі заңмен бекітілген актілер мен шектеулер, құқықтық регламенттеудің жеткіліксіздігінен әкімшілік кедергілерге, соңы сыбайлас жемқорлыққа алып келіп отырғанын байқаймыз.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңнаманы пайдалану кезіндегі заңмен бекітілген актілер мен шектеулер, құқықтық регламенттеудің жеткіліксіздігі осы заңды заңды түрде айналып кетуге жол ашады. Өңірлерде мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік сумен жабдықтау және су тарту, электр энергиясымен қамту, көлік, жол құрылысы, байланыс, апаттық-құтқару қызметі және туризм салалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларынан тысқары қалған. Бұдан бөлек, әлеуметтік экономикалық аймақтардың инфрақұрылымдарын салуда үш жыл ішінде бірде-бір мемлекетік-жекеменшік жоба жүзеге аспаған. Ал «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңда осы жұмыстың құқықтық механизмі қарастырылған», – дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.
Негізінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікте алға ілгерілеу бар екенін, бірақ та, кедергілердің де жоқ емес екенін «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің Қазақстандық орталығы» АҚ Вице-президенті Айдос Көбетов та айтып өтті.
«Бұл заң бастапқыда мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік кезінде белгілі бір соммаға дейінгі лимиттерді белгілеген болатын. Соның әсері ме, бастапқы жылдары келісімшарттар көп жасалған жоқ. Кейін әлгі лимит алынған соң келісімшарт жасаушылардың саны артты. 2018 жылдан бастап қазіргі күнге дейін 550-ден астам келісімшарт жасалды. Барлық өңірлер ат салысуда. Кей өңірлерде жұмыс бірден сезілсе, екіншісінде сәл сылбырлау. Бұл әр өңірдің қаржылық мүмкіндігіне де байланысты. Жұмыстар үш санат бойынша жүргізілуде. Бірінші санатта бюджетке салмақ салмайтын жобалар. Бұған мысалы, мектеп, колледж қабырғаларындағы асханалар секілді дүниелер кіреді. Екіншісі, тек операциялық шығындарға көмек қажет ететін жобалар (ХҚКО секілді), үшіншісі, барлық жағынан көмек қажет ететін жобалар. Былтырғы жылы Президент Әкімшілігі тарапынан басымдықты бірінші санатқа беру жайлы ұсыныс тастаған болатын», – дейді Айдос Көбетов.
Айдос Көбетовтың түсіндіруі бойынша екінші санаттағы келісімдерді жасау мемлекетке де пайдалы болар еді. Мәселен, былтырғы жылы Қарағандылық бір кәсіпкер мемлекетке өз ғимаратын ХҚКО ретінде тегін пайдалануға ұсыныс берген екен. Кәсіпкер тек сол ғимараттағы басқа операциялар бойынша қызмет көрсетушілердің есебінен-ақ (асхана, банк операциялары үшін ашылған бөлімшелер, көшірме асау орыны секілді қызметтер)пайда таба алады екен. Бірақ, бұл келісім бізге беймәлім себептермен іске аспай қалған.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша конкурстар өткізудің өзіндік проблемаолары бар екенін K-pro Invest+ компаниясының атқарушы директоры Ернар Байжалиев сөзге тиек етті.
«Ғылым мен технологияның дамыған заманында бұндай конкурстар қағаз жүзінде өтеді. Сондықтан да соңынан ешқандай да электронды із қалдырмайды. «Цифрлы Қазақстан» болуға ұмтылған елде бұл қадамның әлі жалғасып келе жатуы мені аздап күмілжітеді. Бұл бір. Екіншіден, конкурсқа қатысушылардың конвертерін ашу кезінде бағалар дыбысталып айтылмайды. Бұл да көңілге күмән тудырады», – дейді Ернар Байжалиев.
«Атамекен» ҚР ҰКП құзыреті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асырудың барлық кезеңдеріне қатысуға жетпейді. Алдағы уақытта айтылған шағымдардың оң бағытта өзгеруіне барлық күш-жігерімізді салатын боламыз», – деп отырыс соңында сөз түйіндеді Қайырбек Сүлейменов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: