«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қолдау нәтижесін беруде

2019 жылғы 10 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
8990 просмотров

Жастар жылына орай, биыл Маңғыстау облысында жас кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетін болады

Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру мақсатында жас кәсіпкерлер қауымдастығы құрылмақ. Бұл туралы «Өңірлік Коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев мәлімдеді.

 

Табысқа жеткен жас кәсіпкерлер

Өткен жылы кәсіп ашқан маңғыстаулықтарға 27 млрд теңге несие берілген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 20%-ға жоғары көрсеткіш.  Несие алғандардың басым бөлігін жастар құрап отыр. Брифингке өткен жылы кәсіп ашып, табысты еңбек етіп жатқан жас кәсіпкерлер де қатысып, өздерінің табыс құпияларымен бөлісті. Мәселен, 29 жастағы Анар Сейдалиева темір-бетон дайындайтын зауыт ашқан. Жас қыздың құрылыс саласындағы кәсібі аз уақытта нәтижесін берген. Бүгінде зауыт айына 150 мың шаршы метр өнім өндіріп отыр. Ал, 23 жастағы Артем Чигин мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, Жаңаөзен қаласынан жиһаз шығаратын кәсіпорын ашты. 30 жастағы Сайөтес ауылының қарапайым жұмысшы жігіті Қанат Әбдиев:

 «Кәсіпкерлер мен компания басшыларын жұмылдырып, ауылға балалар ойын алаңын, аялдама, сахна, спорт, футбол алаңдарын салып, ауыл ішіндегі тозығы жеткен жолды жөндеп беруге сеп болдық. Біз 50 елдің қатарына қосыламыз десек, әрбір азамат кіндік қаны тамған туған жеріне ащы терін төгіп еңбек етуге міндетті. Сондай ұстаныммен жүрсек, жастар, олардың соңынан еретін ұрпақ артынан жақсы із қалдыруға ьарын салады деп ойлаймын», – деді.

 

Биыл ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға 1 млрд 400 млн теңге бөлінді

 2018 жылдың есебі бойынша аймақта 51 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Шағын және орта кәсіппен айналысатын адамдар саны – 120 мың. Берілген микронесиелер саны – 2,2 млрд, бұл көрсеткіш те алдыңғы жылдармен салыстарғанда 2 есеге артқан.  

Биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін қазынадан 1 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінбек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп.

2018 жылдың қаңтар-қараша айлары бойынша бөлшек сауда айналымы – 86 537 млн теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 101,1 % орындалды.

Бүгінде облыста 35 базар орталығы, 16 сауда орталығы тіркелген.

Кәсіпкерлер құқығы қорғалды

2018 жылы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогына 382 құқықтық өтінім түсті, оның 132-і кәсіпкерлік субъектінің құқығына қатысты, 69 өтінімге оң баға беріліп, 51 өтінімге түсіндірме жұмыстары ұсынылды, 12 өтінім қаралу үстінде.

Көбіне кәсіпкерлер жер қатынастары мен сәулет құрылысы бойынша хабарласады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу мен салық саласына қатысты да өтінімдер көбеюде.

«Атамекен» палатасының қолдауымен құны 2 млрд 199 млн 449 теңге тұратын жобалардың құқығы қорғалды.

 

Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020»  бағдарламасын жүзеге асырудағы 4-бағыт (қаржылай емес қолдау көрсету) бойынша 1197 тұтынушыға 1645 қызмет көрсетілген, олардың ішінде 79 кәсіпкер 2 487,47 млн теңге көлеміндегі өз жобаларын іске асырған.

Аудан, ауыл  кәсіпкерлеріне көмек көрсету мақсатында аудан орталықтарында 6 кәсіпкерлік орталық өз жұмысын атқаруда, осы орталықтарда  2499 кәсібін бастаған адамға 5159  консультациялық көмек көрсетілген. Нәтижесінде сомасы – 386,4 млн.теңге тұратын 192 кәсіпкердің жобасы іске асып, құжаттары реттелді. Бизнесті оқыту бойынша кәсіпкерлік білімін  көтеруге байланысты 1050 адам арнайы оқытылды.

 «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру аясында кәсіпкерлікті кешенді оқытуға арналған  «Бастау» жобасы іске асырылды. 2018 жылы аталған оқыту барлық аудандар мен Ақтау, Жаңаөзен қаласында жүргізілді. 1056 адам оқытылып, 294-і 966,2 млн теңгеге өз жобаларын іске асырды. 

Ақпан айынан бастап  кәсіпкерлік скрининг жүргізіледі

Биыл Маңғыстау облысында ақпан айынан бастап кәсіпкерлік скрининг жүргізіледі. Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңіне қазынадан 50 млн теңге бөлінді. «Құс бағып, жұмыртқа өндіріп отырған немесе бақша егіп, өнім алып отырған азаматтарды анықтап, оларға қолдау көрсетілмек. Өнімдерін тапсыруға көмектесеміз. Осылайша тұрғындардың күнделікті табысын арттырып, кәсібін дөңгелетуіне қолұшын береміз. Бұл аймақтағы кәсіпкерлердің санын арттырып, көлеңкелі бизнестің алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Н. Қарасаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер