«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбе супермаркеттеріне пайдалы тамақтану сөрелері қойылады

2018 жылғы 20 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
6786 просмотров

Бизнес өкілдеріне мереке күндері азық-түліктен улану деректерінің алдын-алу шаралары жөнінде түсінік берілді

Бүгін Кәсіпкерлер палатасында жаңа жылдық мерекелік шаралар алдында тағамнан жаппай уланудың алдын-алу бойынша семинар өткізілді. Семинарда Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары қаладағы бірқатар мейрамахана басшыларына корпоративке жайлатын дастархан мәзірінің қауіпсіздігі, азық-түліктің сапасы мен даярлау технологиясы жайлы мағлұмат берді. Әсіресе, көшедегі тағам саудасымен айналысатын кәсіпкерлердің қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы нақтыланды. Сондай-ақ, тұрғындардың денсаулығына зиян тағамдарды сатуды шектеу немесе оған балама ретінде табиғи тағамдарды көбірек ұсыну жөнінде мәселе көтерілді. Оның бір шешімі ретінде сауда орындарында арнайы «Пайдалы өнімдер сөрелерін» қою туралы ұсыныс айтылды.

«Халыққа ұсынылатын тағамдардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Ол үшін тағамның зиянды болмауымен қатар, денсаулыққа пайдалы болуын қамтамасыз ету керек. Сауда нүктелерінде балаларға немесе арнайы мәзірмен тамақтанатын жандарға бөлек орын берілген жөн. Сонда тұрғындар пайдалы тағамдарды іздеп әуре болмайды әрі сатып алған азық-түліктің сапасына сенімді болады. Бизнестің әлеуметтік жауаптылығы артқан жағдайда, халықтың әл-ауқаты да жоғарылайтын болады. Бұл тұрғындардың өмір сүру ұзақтығына оң әсерін тигізеді», – деді Ақтөбе облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Майракүл Елеуова.

Дөңгелек үстел барысында қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне азық-түлікті дайындау, сақтау және тасымалдау нормалары, асхана жұмысшыларының санитарлық  талаптарды сақтауын қамтамасыз ету туралы түсінік берілді. Сонымен қатар, бизнес өкілдеріне қоғамдық орындар мен сауда нүктелерінде денсаулыққа пайдалы тағамдарды тұтынуды насихаттайтын көрнекілік құралдар қою ұсынылды. Департамент мамандары әдетте мереке күндері тағамнан улану деректерінің көбірек тіркелетіндігін алға тартып,  осы уақытта сақтану шараларының күшейтілу керектігі жөнінде тағы бір мәрте ескерту жасады.

Шара Ақтөбе облысында халық денсаулығын қорғау бойынша 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер