«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Дәстүрлі ою-өрнек-ұлт болмысы». Астанада өткен қолөнер шеберлерінің форумынан кейінгі ой

2018 жылғы 24 Қараша
7009 просмотров

Қазақстан, Қырғызстан, Германия және Өзбекстаннан келген шеберлер қолөнер саласының бүгіні мен келешегін талқылады.

«Микро-бизнес. Дәстүр.Мүмкіндіктер» атты «Ұлы дала елі» қолөнер шеберлерінің форумында Қазақстанның үздік қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақстанда қолөнер шеберлерінің саны қанша?

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың Қазақстанда қолөнер шеберлерін бір орталыққа шоғырландыру қажеттігіне назар аударды.

«Көптеген елдерде қолөнер шеберлерінің үлкен шоғырлануы бар. Мысалы, Тәжікстан қолөнер шеберлер одағы 100-ден астам қолөнер майталманын біріктіреді, олардың кәсіби дағдыларын үнемі дамытып, өнім сапасын жақсартуға жұмылдыруда. Ресейде 5 млн.қолөнер шеберін қамтитын 70-тен астам бірлестік жұмыс істейді. Қазақстанда қолөнер саласын дамытудың үлкен әлеуеті бар. Дегенмен саланың негізгі міндеттерін шешу керек», - деп есептейді Олжас Ордабаев. 

Ол сондай-ақ, форум аясында өткізілген шеберлік сабақтары шеберлерге біліктілік арттыруға, болашақта өндірісін әртараптандыруға, бизнесін дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

Форум-салалық серіктестер табу алаңы

Халық өнері өкілдерінің кездесуі, ең алдымен, іскерлік сипатқа ие болды. Шеберлер өз тауарларын көрмеге қойып қана емес, сонымен қатар форум алаңдарында бизнесті кеңейту үшін де, халықаралық нарыққа шығу үшін де әлеуетті серіктестерді тапты. 

«Бүгін бір алаңда осынау нарықтың негізгі ойыншылары жиналдық.  Өндірушілер болашақта жоғары деңгейге шығады. Олар қолөнер шеберлері ғана емес, олар дизайнерлік бұйымдардың халықаралық нарығының жабдықтаушылары атанады», - деп есептейді Tumar Art Group (Қырғызстан) ҚБ коммерциялық директоры Жазгүл Мадазимова.

Жазгүл Мадазимованың айтуынша, бүгінгі негізгі міндет-бәсекеге түспей, өнімді жылжыту мәселелерінде де ынтымақтасуды нығайту.

Қазақстан қолөнер шеберлері әлемдік нарыққа қашан шығады?

Бәсекеге қабілеттілікке келетін болсақ, қазақстандық шеберлерге халықаралық деңгейге шығу мүмкіндігі бар. Кем дегенде қазақтың бір ғана ою-өрнегі алтынмен парапар және Батыс елдерінің нарығына шығар жолдама, деп есептейді немісше сөйлейтін киіз шеберлері қауымдастығының (Германия) мүшесі Ольга Казанская.

«Дәстүрлі ою-өрнек-бұл ұлт болмысы. Әрине, оны қазіргі заманға сай бай негізін сақтап отырып жеткізу үшін сәл дамыту қажет. Мүмкін кілемдер, жастықтар, көрпе-жамылғыларға ұлттық ою-өрнекті кіргізу керек шығар. Айта кету керек, жергілікті шеберлерге тәжірибе алмасу және технологияны жақсарту үшін осындай форумдар сөзсіз керек», - деп атап өтті Ольга Казанская.

Қолөнер -кез келген елдің мәдени мұрасының -жаны

Қолөнер шеберлері форумының маңыздылығын қазақстандық өндірушілер де атап өтті. Мұхтар Шаймұхамбетұлы бұл іс-шараға алғаш рет қатысып отыр. Көрмеге ол қолмен жасалатын кәдесыйлар: музыкалық қобдиша-домбыра және дәстүрлі қазақ киіз үйін алып келген.

«Біздің кәдесыйларға тек шетелдіктерге ғана емес, жастар тарапынан да үлкен қызығушылық бар. Біздің шеберлер лайықты бәсекелесе алады және нарыққа нағыз ұлттық кәдесыйлар ұсынатын болады», - дейді қолөнер шебері.

Қолөнер -кез келген елдің мәдени мұрасының- жаны, деп санайды ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат.

«Туристер Қазақстанға келген кезде олар үшін ғимараттар мен монументтерді ғана емес, материалдық-мәдени мұрамен, дәстүрлермен танысу маңызды. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының және мәдениет және спорт министрлігінің назары өте маңызды», - деді Криста Пиккат.

Қолөнер саласындағы түйіндерді шешу- биліктің қолында

Дегенмен де форумға жиналған қолөнер шеберлерінен осы саладағы қордаланға мәселелер туралы да сұрауды жөн көрдік. Бақсақ ол аз емес екен...

«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Рәшид Күзембаев қолөнердің дамуы бұл ең алдымен ауылдық жерлер мен шағын қалалар тұрғындарын жұмыспен қамту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жасұрпақты қолөнерге баулу екендігін нақтылай келе,  ұлттық қолөнерді тар шеңберден шығаратын күн келгенін тілге тиек етті.

«Қазақстан Заңнамасында қолөнер материалдық емес құндылықтар ретінде қорғалған. Алайда қолөнерді шағын кәсіпкерлік түрі деп қарау керек. Бұл мәселеде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының беделі мен мол тәжірибесіне сүйенген жөн»,-деді Рәшид Күзембаев.

Шындығында да ұлттық болмысымызды айшықтап ерекшелейтін ұлттық тіл, діл, ою-өрнек, домбыра, қобыз және т.б. ұлттық құндылықтарымыз.

Ұлттық зергерлік бұйымдар жасауға маманданған Бақтияр Артықбаев бүгінгі таңда Қазақстандық қолөнер шеберлері үшін екі үлкен шешімін күткен мәселе бар екенін айтты. Әуелгі мәселе,-шетелдерге зергерлік бұйымдарымызды экспорттау (біздің елде қымбат металдар мен зергерлік бұйымдарды шығаруға тыйым салынған). Ал екіншісі-шикізат мәселесі.

«Біз үшін күміс, наубайшыға ұн сияқты. Ұнсыз жұмыс жоқ. Мен күмісті Банктен аламын, бағасы қолжетімді. Бір уақыттарда күміс жоғалып, кез-келгеннің қолынан сатып алуға мәжбүр болғанбыз», - дейді зергер.

Форум алаңдарында тек барымызды көрсетіп қана қоймай, жоғымызды түгендеп, ортақ түйіткілді мәселелерді бірлесіп шешкенде ғана бұл саланың өркендейтіні анық.

«Атамекен» ҰКП  еліміздегі қолөнер саласының гүлденуін, кәсіп түрі ретінде қанатын кеңге жайғанын қалайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер