«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Саудаға арналған жетінші топтама». Комитеттің ұсыныстары заң жобасында ескерілген

2018 жылғы 31 Қазан
2883 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Сауда комитеті отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды.

Заң жобасын әзірлеуші- ҚР Ұлттық экономика министрлігі. «Doing Business» рейтингі шеңберінде реформалар жүргізу бойынша түзетулердің жетінші топтамасы бизнесті жүргізу және сауда қызметін жетілдіру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Құжат 38 нормативтік құқықтық актіге (10 кодекс пен 28 заң) 300 түзетуді қарастырады және 2 сұрақ блогынан тұрады.

Бірінші блок «Doing Business» рейтингін іске асыру үшін 5 индикаторды қамтиды: «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосу», «Кәсіпорындарды ашу», «Миноритарлық инвесторларды қорғау», «Құрылысқа рұқсат алу» және «Салық салу».

Екінші блок электрондық және биржалық сауданы, агроөнеркәсіптік кешендегі ішкі сауданы реттеуді жетілдіруге, сондай-ақ сыртқы сауда қызметін реттеу мәселелерінде ұлттық заңнаманы үйлестіруге бағытталған.

«Заң жобасы аясында электронды сауданы дамыту үшін біз пошта құжаттарын декларация ретінде пайдалана отырып кедендік декларациялауды жеңілдетуді ұсынамыз. Сондай-ақ, заң жобасына электрондық коммерция ұғымы енгізіледі. Электрондық сауда субъектілері мен олардың интернет-дүкендер, электрондық сауда алаңдары, ақпараттық-жарнамалық электрондық алаңдар сияқты қызмет етуін нақты шектеу қарастырылуда, сондай-ақ мобильдік төлемдер жүйесін регламенттеу көзделіп отыр»,-деді ҚР ҰЭМ сауда департаментінің директоры Айжан Бижанова.

Жаңа заң жобасында электрондық саудадағы логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын орталыққа фулфилмент анықтамасы беріледі.

Ұлттық палата заң жобасына түзетулер енгізуге белсенді қатысты, олардың көпшілігін Комитет мүшелері қолдады. Атап айтқанда, заң жобасы шеңберінде тауар биржаларын жетілдіруге бағытталған түзетулер топтамасы қарастырылған. Ұсынылған баптар:

- биржаларда стандартталған тауар түрлерін сақтау қағидаты бойынша тауар биржалары мен электрондық сауда алаңдары қызметінің мәнін шектеу,

- классикалық аукцион режимін алып тастау, онда бір-біріне белгілі сатушылар мен сатып алушылар арасында жасалған стандартталмаған тауарлар бойынша биржадан тыс мәмілелер тіркеледі.

ҚР ҰЭМ өкілінің айтуынша, бұл жаңа енгізілімдер алдыңғы қатарлы әлемдік практикамен байланысты, онда биржаның негізгі функциясы таза бәсекелестік, сондай-ақ бизнес субъектілерінің биржалық алаңға еркін қол жеткізуі есебінен әділ бағаны қалыптастыру.

«Биржалық сауданы дамытуды ынталандыру және бизнеске әкімшілік жүктемені қысқарту мақсатында жаңа заң жобасында биржалық мәміле бағасын нарықтық деп тану ұсынылды. Сонымен қатар, делдалдар мен дилерлерді лицензиялау институттары аясында биржалардағы ерікті өзін - өзі реттеу және аккредитациялау құралдарына ауыстыру ұсынылады», - деді Айжан Бижанова.

Спикердің пікірінше, бұл биржалық сауда-саттықтың барлық қатысушыларының жауапкершілігін күшейтеді. Заң жобасы әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өсуі мәселесін шешуге бағытталған. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатуға ретро-бонустар орнатуға тыйым салу, сондай-ақ тұрақтандыру қорларының қызметі үшін барынша икемділікті енгізуге арналған нормалар көзделген. ӘКК-нің сатып алынатын тауардың уақыты мен санын дербес айқындау және оны кейіннен өткізу жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілетін болады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Сауда департаментінің директоры Дінмұхамед Әбсаттаров бүгінде әкімдіктер тек стационарлық нүктелерді ғана ұсынатынын, бұл көшпелі сауданы толығымен дамытуға мүмкіндік бермейтіндігін атап өтті. Жаңа заң жобасы жергілікті атқарушы органдарға сауданы жүзеге асыру үшін маршруттарды бекіту құқығын беруді ұсынады.

Сондай-ақ, көтерме-тарату орталықтарының ұғымдық аппараты мен функционалы қарастырылған. Бұл қойма құрылыстарынан, сауда павильондарынан және арнайы жабдығы бар басқа да үй-жайлардан тұратын, оларды ішкі және сыртқы базарларда көтерме сату үшін азық-түлік тауарларымен сатып алу, дайындау, бөлу және өзге де операцияларды орындауға арналған көпфункционалды инфрақұрылымдық сауда-логистикалық кешен.

Отырыс барысында кәсіпкерлерді «Organic», «Eco», «Bio» белгілерімен таңбаланатын өнімдерге қатысты түйткілді мәселелер көтерілді. Талқылауға ҚР АШМ және ҚР ҰЭМ сауда қызметін реттеу департаментінің өкілдері белсенді қатысты. Айта кету керек, бұл мәселе ұзақ уақыт ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мен ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті ұстанымынсыз қарастырылмай келеді.

«Сауда комитеті үлкен және жемісті жұмыс атқарды, бұл комитет пен сауда департаменті мүшелерінің барлық бастамаларының шамамен 90% жетінші топтамада көрініс тапты. Оның ішінде, «жұмыс істемейтін» деп аталатын нормалар алынып тасталды немесе толықтырылды. Ұлттық палата заң жобасымен жұмыс істеу барысында ҚР ҰЭМ және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заңнаманы кезең-кезеңмен реформалауда көрініс табатын эволюциялық тәсілді қадағалайды. Бұл бизнес субъектілері үшін өте маңызды және пайдалы, өйткені барлық өзгерістер барынша ауыртпалықсыз, бизнес-ортаны жақсартуға және дамытуға бағытталған», - деп түйіндеді Дінмұхамед Әбсаттаров.

Талқылау қорытындысына сай түзетулердің жетінші топтамасын мақұлдау туралы шешім қабылданды. Таңбалау мәселесі бойынша комитет мүшелеріне ҚР қолданыстағы заңнамасын, сондай-ақ ЕАЭО және ДСҰ нормативтік құжаттарын зерделеу ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер