«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер палатасы: «Күріш комбайнына берілетін субсидия көлемі артты»

2018 жылғы 29 Қазан
- Қызылорда облысы
7994 просмотров

Қымбатты оқырман, бүгін біз ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан қолдау түрлеріне қатысты болып жатқан жаңалықтармен бөліспекпіз. Сауалдарымызға Кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков жауап береді.

- Жасұлан, сәлеметсіз бе. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін қандай жаңалығыңыз бар? Аталмыш салада мемлекет тарапынан қандай бастамалар қолға алынып жатыр?

- Сәлеметсіз бе. Соңғы жаңалықтарға тоқталатын болсам, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің қазір басым бағыт беріп отырған саласы – малшаруашылығы. Бұл салаға қатысты несиелендіруді де, субсидияны да күшейтіп жатыр. Атап айтатын болсам, егер кәсіпкерлер немесе кәсіпкер болуға ниетті азаматтар мал шаруашылығының ет бағытына қатысты кәсіппен айналысса, осыған қатысты несиені 4 пайызбен алуға мүмкіндіктері бар. Бұл еліміздегі ең төменгі пайыз мөлшері. Бірақ оның шарттары малды міндетті түрде шет елден алып келуі керек. Яғни шет елден асыл тұқымды немесе ет бағытындағы малды алып келсе, қажетті қаржыны 4 пайызбен ала алады. Бұл бастаманың екінші артықшылығы – шет елден алып келген 1 мал үшін 225 мың теңге субсидия беріледі. Мәселен, шет елден 1 малды 400-500 мыңға алды делік, оның 225 мың теңгесін мемлекет қайтарымсыз көмек – субсидия түрінде береді. Бұл жаңалықты енгізудегі мақсат – кәсіпкерлерді, шаруаларды сырттан мал әкелуге ынталандыру. Осы уақытқа дейін, баршамыз білеміз, мал алуға берілген мемлекеттік қолдау түрлері нәтижесі аздау болды, себебі алған қаржыға облыс, аудан, ауыл ішінде мал алынып, мал басының көбеюіне, асылдануына айтарлықтай ықпал етілмеді. Осы мәселені шешу үшін, малдардың тұқымын асылдандыру үшін мемлекет осындай қолдау түрлерін көрсетуді қолға алды.

- Жалпы Кәсіпкерлер палатасы тарапынан салаға қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар немесе өзге де мәселелерге қатысты ұсыныстар берілді ме? Нәтиже бар ма?

- Кез келген кәсіпкерлік саласына қатысты нормативтік-құқықтық актілер шығатын кезде бірінші бізге - Кәсіпкерлер палатасына жобасы келеді. Аталмыш жобамен әр саланың сарапшылары бар, танысып, кәсіп иелері үшін тиімділігі, зияны – барлығын сарапқа салады. Мұнан өзге, қолданыстағы заңнамаларды да сараптап, кәсіпкерлердің ісін жүргізуге қатысты кедергі келтіретін нормаларына қатысты ұсынысымызды беріп отырамыз. Солардың бірі инвестициялық субсидиялар. Аталмыш субсидия кәсіпкерден кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беруге арналған. Біз екі жылдан бері Ауылшаруашылығы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына күріш комбайнына қатысты берілетін субсидияға қатысты ұсыныспен шығып келдік. Осыған дейін егін шаруашылығымен, оның ішінде күрішпен айналысатын кәсіпкер комбайн алған жағдайда жалпы кеткен шығынның тек 6 млн.теңгесі ғана субсидия түрінде төленетін. Мәселен, кәсіпкер 150 млн.теңгеге комбайн сатып алса, мемлекет тек 6 млн.теңгесін ғана қайтарып беріп келді. Басқа техникаларға қарайтын болсақ, мысалы, бидай комбайнына 10-12 млн.теңге субсидия беріліп келді. Бұл жайт, әрине, кәсіпкерлердің өкпе-ренішін тудырады. Біздің ұсыныстарымыз ескеріліп, инвестициялық субсидия беру ережелеріне өзгеріс енгізілді. Ендігі жерде күріш комбайнын алған кәсіпкерлерге 29,5 млн.теңгеге дейін, яғни алынған техниканың 25 пайызына дейін субсидия берілетін болды. Бұл біз үшін ерекше жаңалық. Өз ұсынысымызда, ең болмаса 12 млн.теңгеге дейін берсе деген ұсыныс болған. Ал нәтижесі, өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекеттік қолдау тетігі жақсарды. Аталмыш құжат 17 қыркүйек күні күшіне енді.

Келесі мәселе кәсіпкердің лизингке алған техникасына қатысты. Аталмыш техникаға кеткен шығынның мемлекет бір бөлігін қайтарып беретін. Қайтарып бергенде қалай, субсидияға берілген қаржыны мемлекет бірден кәсіпкер техника алған мекемеге аударып жіберетін. Лизинг те несие секілді ғой. Кәсіпкер ай сайын лизингте көрсетілген қаржы көлемін өз ақшасына жауып, субсидияға бөлінген қаржыны кәсібін дамытуға жұмсағысы келсе де бұл қадам мүмкін болмай келді. Біз осы мәселені де өткен жылдан бастап көтеріп келдік. Ұсынысымыз ескерілді. Жаңа ережеде мемлекет тарапынан субсидия түрінде берілген қаржы кәсіпкердің келісімі негізінде ғана лизинг беруші компанияға аударылады. Егер кәсіпкер қаржыны өзінде қалдырғысы келсе, оған толықтай құқығы бар. Бұл да болса біздің жеңісіміз деп санаймын.

- Алғашқы сауалымызда Сіз мал шаруашылығы саласындағы жаңалықтарға тоқталып өттіңіз. Егін шаруашылығындағы жағдай қандай?

-     Республика бойынша гектарлы субсидияны алып тастап жатыр қазір. Өткен жылға дейін күріш пен мақта және қант қызылшасына гектарлы субсидия берілетін. Осы жақын уақыттан бері гектарлы субсидияны алып тастады. Бұл бір жағынан дұрыс болды деп ойлаймыз. Себебі, бір кәсіпкер жеріне жан-жақты мамандар шақырып, жаңа технологияны енгізіп, қомақты қаржы салып жұмыс жасауы мүмкін. Ал келесі бір кәсіпкер тұқымын сеуіп, одан артық қаржы жұмсамауы мүмкін. Мұны мысал түрінде келтіріп айтып отырмын. Міне, осы жағдайда қаржы салғаны да, салмағаны да гектарына сай субсидия алып келді. Былай қарағанда әділетсіздік. Жаңа ереже бойынша ендігі жерде субсидия өңделген өніміне беріледі. Егер Сіз кәсіпкер ретінде 1000 тонна өнім жинасаңыз сол жинаған өніміңізге субсидия аласыз, 1 тонна жинасаңыз онда сол көлемге ғана арналған қаржыны аласыз. Міне, саладағы өзгерістер осы.

- Сұхбатыңызға рахмет. Жақсы, сау болыңыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер