«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылдық келіншек балаларға арналған дамыту құралдарын шығармақ

2018 жылғы 13 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
8298 просмотров

Сонымен Ақтөбенің үш ауданын қамтыған Елдік скриниг өз жемісін бере бастады. Дәл қазір «Атамекен» ҰКП бастамасымен ерікті топ өңірдің бизнес ахуалын нақты анықтау мақсатында ауыл-елді аралап, скриниг өткізіп жүр. Скрининг қай ауылда қандай бизнес түрінің дамығанын, қай түріне әлде де сұраныс барын анықтауға мүмкіндік береді. «Ел іші - өнер кеніші» дегендей зерттеу жұмысы ауылдағы ағайынның әртүрлі кәсіптен хабары барын көрсетті. Елдегілер тігін де тігеді, такси де айдайды, наубайхана да ашқан.  Скрининг нәтижелері туралы айту ертерек, алайда жұмыс тобының  назарын аударған Қарғалы ауданы, Батамша елді мекенінің тұрғыны Венера Өткелбаеваның қолынан шыққан балаларға арналған дамыту құралдарын таныстыруды жөн көрдік. Венераның мамандығы – тігінші. Ол ауылдастарының киімдерін қысқартып, жөндеп беріп, азын-аулақ ақша да табады, қыздарына әдемі көйлекті де өзі тігіп береді.

Жақында балаларға арналған дамыту кітапшаларын өз қолымен жасауды бастады. Жұқа киізге моншақ, ілгек, лента секілді қолда бар материалдардан түрлі ертегі кейіпкерлерінің пішінін салып дайындаған жұмсақ кітапшалар балаларға өте ұнайды екен.  Сонымен қатар ол кішкентай сәбилердің қол моторикасын дамытуда маңызы зор көрінеді. Қазіргідей түрлі гаджеттерге тәуелділіктің артқан заманында мұндай ойыншықтардың пайдасын ата-аналар жақсы түсінеді. Мұндай бұйымдар бала-бақшалар мен мектептерде қолдануға таптырмайтын құрал болмақ.

«Дамытушы құралдарды жасауды интернеттен үйрендім. Тігіншіліктен хабары бар жанға қиындығы жоқ екен. Мұндай бұйымдарды жасауға 3-4 күн ғана уақытым кетеді. Болашақта кең көлемде тапсырыстар алып, өз кәсібімді кеңейтіп, тігін цехын ашсам деймін», – дейді Венера Өткелбаева.

Венера кәсіпкерлікке алғашқы қадамын жасап үлгерді. Ол Қарғалы ауданында өткізілетін «Бастау» курстарына тыңдаушы ретінде тіркелді. Жақында осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқуды бастайды. Бүгін ол Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына өз хоббиін кәсіпке айналдырудың жолдарын сұрай келіпті. Палата қызметкерлері оның бұйымдарын нарыққа шығарып, танымал етудің қыр-сырларымен бөлісті. Алдымен, Венераға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсібін заңдастыруға кеңес берілді. Содан кейін кәсіпкерлерге арналған ресурстарды тиімді пайдалану механизмдері туралы түсіндірілді.

«Қолөнерді бизнеске айналдыру бүгінде сәнде. Алайда кәсіп иелерінің көбі өз өнімдерін қалай жасауды білгенімен, оны қалай өткізуді біле бермейді. Бұл үшін оларды салалық қауымдастықтарға біріктірудің маңызы зор. Қауымдастыққа мүше болу арқылы олар бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, саланы дамытуға өз үлестерін қосатын болады. ӨКП жанынан құрылған тігіншілер қауымдастығының мүшелері белсенділік танытып, бүгінде өңірдегі тігін бизнесін өркендетіп отырғанын айту керек. Олардың көбі өз кәсіпорындары жанынан оқу орталықтарын ашып, жұмыссыздықтың алдын алу үшін мамандар даярлдаумен айналысып отыр. Венераны осы қауымдастыққа мүше болуға шақырамыз», – дейді ӨКП Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дамиля Құнанова.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер