Ақтөбелік кәсіпкер мектепке дейінгі балаларды дамыту орталығын ашты
Құрбан айт мерекесі күндері Ақтөбеде «MIR» мектепке дейінгі балаларды дамыту орталығы ашылды. Әсіресе облыс орталығындағы қажеттілікті азайтқан Мектепке дейінгі білім беруде жаңа мекеменің ашылуы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қоры филиалының тиімді ынтымақтастығы арқылы іске асты.
Жаңа мектепке дейінгі мекемені бастауыш кәсіпкер Мейрамкүл Жиенбаева ашты. Көмек алу үшін кәсіпкер Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында менеджерлер барлық есептерді реттеп, банк несиесін жеңілдікпен алу үшін бизнес-жоспар құруға көмектесті. Алынған қаражат Орталыққа жабдық пен жиһаз алуға жұмсалды.
«Небәрі екі жыл бұрын мектепке дейін балалар орталығын ашам деп еш ойламаппын. Өзім мектепке дейін білім беру саласында 28 жыл жұмыс істедім. Бұл саланың барлық қыр-сырын білемін, балалармен қалай жұмыс істеу керек, шаруашылық жүргізу машығын игергем. Бұл бағыттың жаныма жақын болғандықтан болар, кәсіпті жеңіл бастап кеткеніме әлі де таңқалып отырмын. Алайда Кәсіпкерлер палатасына уақытында өтінім жасамасам, бұл мақсатым орындалмас еді. Осылайша арманға қол жетті. Міне, енді мен жеке балабақшаның жетекішісіне айналдым. Кәсіпті жергілікті тұрғындар қажеттілігіне қарай таңдадым, бұған қоса мамандығым, тәжірибем де келіп тұр», – деді Мейрамкүл Жиенбаева.
«MIR» мектепке дейінгі балаларды дамыту орталығы балабақша принципі негізінде жұмыс істейді. Мұнда балалар дамуына барлық жағдай жасалған. Жабдықталған музыка залы, хореография залы, ағылшын сыныбы бар. Кең асхана, «Гало Мир» сауықтыру тұз шахтасы, медициналық кабинет, тартымды ойын алаңы балаларды ғана емес ата-аналарды да қызықтырады. Штатта 28 адам жұмыспен қамтылған. Балалармен логопед маманы жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда баланың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Айта кетелік, орталықта көп балалы және толымды емес отбасыдан шыққан балаларға жеңілдіктер қарастырылған. Бизнес ханым келешекте бизнесті кеңейтіп, қала мен облыс ішінде балабақшалар желісін ашпақ.
Орталық Ақтөбедегі жаңа «Батыс-2» шағын ауданында орналасқан.
Өз кәсібін ашам деушілерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып кеңес алуды ұсынамыз. Мекенжайы: Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр д-ғы, 22 К, «Қазына» бизнес орталығы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: