«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бизнес Мектептегі» оқудың алғашқы қорытындылары шығарылды

2018 жылғы 26 Шілде
- Жетісу облысы
4812 просмотров

Алты ай ішінде 500-ге жуық азамат кәсіпкерлік курстарынан өткен

Алматы облысында «Бизнес Мектеп» компоненті аясындағы жобалардың іске асырылу қорытындылары белгілі болды. «Бизнес Мектеп» компоненті «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне және кәсіпкерлік ынтасы бар тұрғындарға ақысыз оқыту жобаларын ұсынады.   

Бизнес-тренер Қайрат Оңғаров хабарлағандай, жыл басынан бері «Тәлімгерлік қағидаты бойынша жобалық оқыту» бойынша 65 кәсіпкер оқып шыққан. Курс аясында Ақсу, Кербұлақ, Ескелді аудандарының тыңдаушыларына алты тәлімгер сабақ беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Барлық тәлімгерлер өңірдегі аты шыққан, табысты кәсіпкерлер болып табылады.

«Нам» шаруа қожалығының басшысы Герман Нам - жоба аясында тәлімгер атанған кәсіпкерлердің бірі. Шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған және 75 мың га жері бар. 2015 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен айналысады.

«Герман Николаевичтың қожалығы үлгілі кешендердің бірі. Қожалықтың жұмысымен Мемлекет басшысы да танысқан болатын. Сондықтан жоба тыңдаушылары үшін кәсіпкердің зор тәжірибесі мен біліктілігі өте маңызды», - дейді жобаның бизнес-тренері Қайрат Оңғаров.

Мал шаруашылығы бойынша сабақтарды Кербұлақ ауданында «Майтөбе-Ет» кәсіпорнын басқаратын Баясыл Ақбасов пен «Қарашоқы» кооперативіне жетекшілік ететін Мұхаметхан Нүрелов өткізді.

2018 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірлік палатаның «Бизнес Кеңесші» жобасына 268 жас кәсіпкер мен кәсіпкерлік ынтасы бар азамат қатысқан. Аталмыш курстың ұзақтығы екі күн және жеке бизнесті құру тақырыбына арналған.

«Бизнес Кеңесші» бойынша оқыту Алакөл, Сарқан, Алакөл аудандарында, Текелі мен Талдықорған қаласында ұйымдастырылды. Биыл цифровизацияның дамуы мен үрдістерді оңтайландыруды есепке алына отырып, бағдарламаға электрондық үкімет, электрондық мемлекеттік қызметтер, базалық цифрлық біліктіліктер тақырыптары енгізілген», - деді Александр Кузнецов.

Үшінші тоқсанда «Бизнес Кеңесші» курстары 26-27 шілде күндері Қаратал ауданында, тамыз айында Көксу, Кербұлақ, Ескелді аудандарында, ал қыркүйекте Талғар, Еңбекшіқазақ, Ескелді аудандарында жоспарланған.

«Бизнес Өсу» атты бес күн аралықта интерактивті режимде тәжірибелік жағдаяттар мен жаттығулардан тұратын жобаға Ескелді, Көксу, Қаратал мен Кербұлақ аудандарынан 111 адам қатысты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер