«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Рустам Жүрсінов: Сыбайлас жемқорлықтағы әрбір екінші мәміленің бастамашысы – шенеунік

2018 жылғы 14 Мамыр
7214 просмотров

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық бар екенін әрі оның кең жайылғанын еш күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оны түпкілікті жоюдың ең жақсы тәсілі – кешенді жұмыс деп есептейді. Бұл туралы нақты түсінік алу үшін мәселеге қатысты арнайы шолу жасалды және ол туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов баяндап берді.

– Рустам Манарбекұлы, шолуға нақты тоқталып өтсеңіз. Қандай қағидаттардың негізінде дайындалған?

– «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңы 10-бабының 2-тармағына сәйкес «Атамекен» тұрақты негізде «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін дайындап келеді. Аталған «Сыбайлас жемқорлық туралы арнайы шолу» осы рейтингті құрайтын бөлік болып саналады. Сыбайлас жемқорлық бойынша арнайы шолуға мәліметтерді жинақтауда негізгі үш қағидатқа сүйенген: сыбайлас жемқорлықтың таралуы және пара көлемі, сыбайлас жемқорлықтың факторлары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат.

Жалпы «Атамекен» сыбайлас жемқорлықтың туындауының себебі мен салдарын талдауда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2017 жылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп 16 саладағы, атап айтқанда салық және кедендік әкімішіліктендіру, ауыл шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ветеринарлық қадағалау, өрт қауіпсіздігі және тағы басқа да салалардағы сыбайлас жемқорлық қаупін зерттеді Жиналыс қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік орган бойынша 139 ұсыным дайындалды (жергілікті мемлекетік органдарға бағытталғанын есепке алғанда – 800-ден астам ұсыным). Ұсыным негізінде мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық қаупін жою бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдады.

– Осы құрауыштардың ерекшелігі мен пайдасы қандай?

– Әрине, белгілі бір пайдасы бар. Осы құрауыштардың әрқайсы сыбайлас жемқорлық жағдайына терең көз салуға мүмкіндік беретін мәселені ашады. Мысалы, «Сыбайлас жемқорлықтың таралуы» бөлігінде өңірлердегі мемлекеттік органдардың нақты деңгейін, бейресми төлем көлемін зерттейміз. Ал «Сыбайлас жемқорлық факторларында» сыбайлас жемқорлықтың туындау себебі мен сыбайлас жемқорлық бастамасына талдау жүргізілді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» талдауында мемлекеттік органдар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар жұмысының тиімділігін бағалауға басымдық берілді.

– Шолуды дайындауда қандай әдістер қолданылды?

– Қазақстанның барлық өңіріндегі бизнестің 8 219 субъектісі сауалнамаға қатысты. Сауалнама 2017 жылдың шілде-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Қорытынды алынған мәліметке негізделіп, талдау жүргізіе отырып жасалды. Іріктеудің негізгі құрамы жеке кәсіпкерлерден (63,4%) және жауапкершілігі шектеулі серіктестерден (31,1%) құралды, ал акционерлік қоғам мен шаруа қожалықтарының өкілдері тиісінше 1,6% және 3,8%. Кәсіпкерлерді таңдағанда компанияның құрылған және жұмыс істеп тұрған жылы маңызды факторға айналды. Бұл арқылы жас әрі тәжірибелі бизнесмендердің пікірлерін алуға мүмкіндік болды: компаниялардың 30,6%-ы құрылғанына 3 жылға дейін уақыт болса, компаниялардың 42,3% нарықта 3 жылдан 10 жыл аралығында жұмыс істеп келеді, тиісінше 27,1%-ының құрылғанына он жылдан астам уақыт болған.

Жұмыс барысында мемлекеттік 20 органның қызметіне баға бердік, оның 8-і – әкімдіктердік басқармалары, 12 –орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері.

– «Атамекен» 3 айлық зерттеуде қандай нәтижеге қол жеткізді?

– Өкініштісі сол, зерттеу қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа тап болған кәсіпкерлердің саны 45%-дан 57%-ға дейін артқаны байқалды (12%-ға өскен). Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық арқылы көмек алған субъектілер саны 7%-дан 8%-ға дейін өскен, әсіресе шаруа қожалықтарының арасында көп – 14%, ал секторлар бойынша тоқталсақ, сумен жабдықтауда – 17%, жарнама және баспахана қызметінде – 14%, жылжымайтын мүлік операциясында - 13%, көлік және логистикада – 12%.

– Қай өңірде сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары?

– Кәсіпкерлер 2016-2017 жылдар аралығында Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында сыбайлас жемқорлық деңгейі артқанын көрсетті.

Сыбайлас жемқорлық рейтингінде Жамбыл, Маңғыстау облыстары көш бастап тұр, ал шыншылдық бойынша Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы алдыңғы орында.

Зерттеу қорытындысы бойынша әкімдіктердің сыбайлас жемқорлық анағұрлым көп таралған басқармалары да анықталды. Олардың қатарында сәулет, жер қатынастары, сатып алу және сәулет-құрылыс бақылау басқармалары бар.

Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері арасында жергілікті кеден органдарында сыбайлас жемқорлық анағұрлым жоғары екенін анықталды. Өңірлерге қарай бөлетін болсақ, кеден органдарының Жамбыл және Маңғыстау облыстарындағы аумақтық бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлық кең етек алған.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер экономикалық тергеу қызметінің жергілікті бөлімшелері мен Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит (қаржылық бақылау) комитетінде сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары екенін атап көрсеткен.

– 2016 жылмен салыстырғанда оң серпін бар ма?

– Әрине. Пара көлемі 94 мыңнан 61 мың теңгеге дейін азайған, сыбайлас жемқорлық мәмілесінің көлемі 10%-ға төмендеген (171 млрд теңгеден 155 млрд теңгеге дейін). Дегенмен, сыбайлас жемқорлық кедергі келтіріп отырған кәсіпкерлердің саны да 37,8%-дан 49,3%-ға дейін артқанын атап өткен маңызды.

– Ал сыбайлас жемқорлықтағы пара көлемі қай жақта көп?

–  Кәсіпкерлер сауалнама барысында параның нақты көлемін көрсетпейді, белгілі бір деңгей аралығындағы көлемді таңдайды, мысалы, 5-тен 50 мыңға дейін, одан соң сауалнаманың барлық жауабынан арифметикалық орташа сан шығарылады. Мемлекеттік сатып алулар басқармасында пара көлемі үлкен екені анықталды – 93,4 мың теңге. Анағұрлым ірі пара – қаржылық бақылау, экономикалық тергеу, кеден қызметі, экологиялық бақылау, индустриялық дамыту және қауіпсіздік салаларында.

2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасының бағасы жақсарған – 2,7-ден 3,4 балға дейін.  Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының бизнесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалар айтарлықтай тиімді емес деп есептейді.

– Сыбайлас жемқорлық мәмілесін кім бастайтынын анықтауға бола ма?

– Сыбайлас жемқорлықтағы әрбір екінші мәміленің бастамашысы шенеунік екенін атап өткен жөн. Алайда бизнестің жауапсыздығын да назардан тыс қалдырмау керек. Мәселені бейресми түрде шешкісі келетін кәсіпкерлердің үлесі айтарлықтай жоғары – 40,6%. Орын алған жайттың 5%-ында екі тарап та бастамашыл болады. Ірі бизнес орын алған жерде сыбайлас жемқорлық мәмілесін көп жағдайда шенеуніктер бастайды.

Сондай-ақ шаруа қожалықтары мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеген уақытта шенеуніктер сыбайлас жемқорлыққа көп жол береді, атап айтқанда мемлекеттік қызметкерлер 1,7 есе рет сыбайлас жемқорлыққа бастамашыл болады.

Жамбыл (81%), Оңтүстік Қазақстан (81%), Қостанай (77%) облыстарында орын алатын жағдайлардың көбінде мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлерді мәселені бейресми жолмен шешуге итермелейді.

– Бизнестің сыбайлас жемқорлыққа жол беруіне қандай себеп бар?

– Кәсіпкерлердің атап өтуінше, артық талап пен олардың орындалмауы, сондай-ақ өтінімдерді қарау мерзімінің ұзақ болуы сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері. Сауалнамаға қатысушылардың 19%-ының пікіріне сүйенсек, кәсіпкерлер жаупкершіліктен қашу үшін сыбайлас жемқорлыққа жол береді.

Өз кезегінде зерттеуден алынған нәтиже негізінде әкімшілік процедураларды реттеу, мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасыларының шығынын бақылауды күшейту, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын арттыру бойынша жұмысты жалғастырған маңызды деп есептейміз. Мұнымен қоса, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрдайым адал да заң тәртібін сақтайтын кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғап, қолдау көрсететінін айтып келеді.

Әлеуметтік зерттеудің қорытындысы жайлы толық мәліметті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтынан ала аласыздар.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер