«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде техникалық қызмет көрсету станцияларының қауымдастығы құрылмақ

2018 жылғы 17 Сәуір
- Ақтөбе облысы
5327 просмотров

«Атамекен» өңірлік палатасы жергілікті кәсіпкерлердің жай-күйінен үнемі хабардар болып, олардың проблемалық мәселелерін жіті назарда ұстап келеді. Кәсіпкерлік палатасы алаңында бизнесті жүргізу кезінде кездесетін кедергілерді жойып, кәсіпкерлердің ісін дамытуға арналған дөңгелек үстелдер мен басқосулар жиі өткізіледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді дер кезінде анықтап, шешімін табу үшін палата жанынан бірлестіктер мен қауымдастықтар ашу көзделген. Өңірімізде бизнестің елеулі бөлігін алып отырған техникалық қызмет көрсету станцияларын біріктіріп, өзара ақпарат алмасу, жәрдемдесу мақсатында осы сала мамандарының қауымдастығын құру жөнінде кездесу өткізілді.


«Техникалық қызмет көрсету станцияларының негізгі проблемасы бұл-кәсіби мамандардың тапшылығы. Соңғы уақытта елімізде заманауи көлік түрлерінің көбеюіне байланысты оларға мамандандырылған көмек көрсету мәселесі туындады. Біз кәсіпкерлерге құқықтық, бухгалтерлік, салықтық кеңес берумен қатар маман даярлау мәселесін де шешуге ықпал етуге даярмыз. Ол үшін алыс-жақын шетелдік ірі компаниялармен келісім жасап, мамандарды оқуға жіберуге болады»,-дейді ӨКП директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері техникалық қызмет көрсету станцияларының иелеріне қауымдастыққа мүшелік етудің артықшылықтары туралы түсінік берді. Кәсіпкерлер бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, қауымдастыққа мүше болуға келісетіндіктерін білдірді. Қауымдастықтың алғашқы отырысы келесі аптаға белгіленді.

 

«Біз бұл салада 15 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеміз. Жетістіктеріміз де бар, қиналатын кездеріміз де жоқ емес. Әрбір бизнес иесі бәсекеге қабілетті болу керек. Бұл үшін мемлекет тарапынан да қолдау болғанын қалаймыз. Осы ретте мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасында Кәсіпкерлер палатасы дәнекер болады деп сенеміз», -дейді «Данай» ТҚС басшысы Мұса Калимов.


Өңірлік палатасының қызметкерлері қауымдастық жұмысының нәтижесінде аталған саладағы бірқатар мәселелер шешімін тауып, техникалық қызмет көрсету саласы жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдіреді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер