«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес пен билік ынтымақтастығы

2018 жылғы 05 Сәуір
- Атырау облысы
11925 просмотров

Бүгін Атырауда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кәсіпкерлердің облыстық форумында кәсіпкерлікті қолдау және қорғау жөніндегі қажетті шаралар туралы айтылды

Форумды Атырау облысының әкімдігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, мемлекеттік органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Қатысушылар диалог форматында өңірдегі бизнестің өзекті мәселелерін талқылады.

Елбасы белгілеген бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі – экономиканы кәсіпкерлікті дамыту арқылы әртараптандыру, - деді Нұрлан Ноғаев өз сөзінде.

«Облыста кәсіпкерлікті қолдау бойынша әкімшілік кергілерді азайту, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, бизнес-жобаларды қаржыландыру тәрізді жүйелі жұмыстар атқарылуда.  Соңғы бес жыл ішінде облыстық бюджеттен кәсіпкерлердің жобаларына 1,2 млрд теңге бөлінді, ал биылғы жылы бұл сома 500 млн. теңгені құрады. Сонымен бірге ауыл кәсіпкерлеріне ерекше назар аударылады. Және бұл жалғасады», - деді облыс басшысы.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов алаңдаушылық тудыратын мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, коммерциялық мақсатта жер алу мәселесі бизнес үшін әлі де өзекті болып отыр.

Атырау облысында 16 елді мекеннің 8 бас жоспарлары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы орналастырылған. Дегенмен, Жер кодексі бойынша барлық жергілікті атқарушы органдар бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын және елді мекендердің инженерлік коммуникацияларының схемаларын интернет-ресурстарда жариялауға тиіс.

«Бұл жарияланымдардың сапасын жақсарту керек. Ақпарат кәсіпкерлер үшін ыңғайлы және түсінікті болу керек, оңай ашылуы тиіс. Сондай-ақ, жер учаскелерін беру туралы ақпаратты бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына ұқсас етіп жариялау қажет деп есептеймін. Өйткені өңірлердегі бизнес өкілдері бір-бірін біледі. Мұндай басылым жерді неге сатып алғанын білуге мүмкіндік береді: шағын немесе орта бизнес объектісін салу үшін бе немесе сату үшін бе. Біздің ойымызша, бұл қоғамдық бақылаудың бір түрі болады және көптеген мәселелерді шешеді», - дейді Болат Палымбетов.

Сонымен бірге бизнес-омбудсмен кәсіпкерлікті субсидиялау проблемасын айтып өтті. Атап айтқанда, кейбір өңірлердегі кәсіпкерлер балабақшалар мен ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесін көтерді.

«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікте әр тарап қатынастарды дамытуға мүдделі болуы керек. Өкінішке орай, көбінесе  негізсіз, кейде ойдан шығарылған себептерге қатысты кәсіпкердің талабын орындаудан бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Кейбір субсидияларды беру туралы шешім қабылдайтын лауазымды тұлға оларды өз қалтасынан шығаратындай әсер қалдырады.

Сондықтан субсидия беру жөніндегі комиссия құрамына бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерін қосу қажет. Комиссияның құрамы 50 де 50 болса, яғни 50% - кәсіпкерлерден, ал 50% - мемлекеттік қызметкерлерден тұрса дұрыс болады. Сонымен қатар, оларды тек көрер көзге енгізбей, дауыс беру құқығын да беру керек. Бизнес жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен серіктестігін қажет етеді», - деп қорытындылады Болат Палымбетов.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Ыдырысов кәсіпкерлік құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы өз ұсыныстарын жеткізді.

«Мемлекеттік экологиялық сараптама, суды пайдалануға рұқсат беру, жер телімінің мақсатын өзгерту, ветеринарлық сертификат алу сияқты т.б. бірқатар мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру қажет деп санаймын. Экология, ауыл шаруашылығы, құрылыс, табиғи монополиялар саласындағы техникалық регламенттердің талаптарын талдау керек. Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын бұзатын лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажет», - деді Абдолла Ыдырысов.

Бұдан басқа, кәсіпкерлер өздерінің проблемалық мәселелерін айтып, жергілікті атқарушы органдардың шешімін талап етті. Олардың ішінде - сауда орындарын алу, қаржыландыру, ауыл шаруашылығын дамытуға субсидия алу.

Форум соңында Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойылды. Содан кейін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов кәсіпкерлік субъектілерін жеке қабылдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер