«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесте де жауапкершілік болу керек – Абылай Мырзахметов

2018 жылғы 19 Ақпан
9374 просмотров

Кәсіпкерлік ахуалды жақсарту жайында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты. Брифинг Мемлекет басшысының  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы басты бағыттарды іске асыруға арналды

Абылай Мырзахметовтың айтуынша жаңа жолдаудың барлық он  бағыты бизнеске тікелей немесе жаңама қатысы бар.

«Жолдауды іске асыру бойынша өзіміздің нақты жоспарымыз бар. Бірінші – бұл макроэкономикалық саясат: салық, тарифті, қаржы-несиелік және бюджеттік саясат.  Бұл қолайлы бизнес-ахуал құрайтын факторлар болып есептеледі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмысты маңызды деп санаймыз. Жаңа салық кодексі қабылданды, бюджеттік процестерді жетілдіру үдерісі жүріп жатыр, тарифтік саясатта  ЭЫДҰ және еуропалық стандарттарға сай қадамдар жасалуда», – деді Абылай Мырзахметов.

 Сонымен қатар қаржы-несиелік саясатта орын алған жағдай әлі қанағаттандырарлық емес.

«Біз Ұлттық Банктың реттеуші ретіндегі өткеріп жатқан қиындықтарын түсініп отырмыз. Банктарды тазалау, шоғырландыру – мұнын барлығы бір-бірімен байланысты дүниелер. Алайда несиелердің қол жетімділігі шешілмей,  ашық күйінде қалып отыр.  Сонымен қатар біз рұқсат беру жүйесі, бақылау-қадағалау функцияларын реформалау, адами капиталды дамыту шеңберіндегі жұмыстарды маңызды бағыттар деп санаймыз», – деді спикер.  

Рұқсат беру саласын қозғай отырып, Абылай Мырзахметов нақты дәйектерді келтірді: егер бес жыл бұрын бизнес үшін 1300 түрлі рұқсат түрі қолданылса, бүгінде олардың саны жыл сайын орта есеппен 30%-ға қысқарып отыр.

«Қазіргі таңда Үкіметпен атқарылып отырған тығыз байланыс арқылы рұқсаттар саны 4 есе азайды. Біз «сүзгілерді» қойдық. Енді мемлекеттік органның рұқсат құру ниеті «Рұқсат беру туралы» заңынан өту керек, ал оған дейін реттеушілік талдау әсері сүзгісінен қаралады. «Атамекен» міндетті түрде баға береді. Осындай бірнеше сүзгіден өткен рұқсат Мәжіліс қарауына жіберіледі. Осылайша шамамен 300 рұқсат түрі қалды. Қазіргі таңда осы рұқсаттардың қайсысы өзін-өзі реттейтін ортаға беруге қолайлы екеніне талдау жүргізіп жатырмыз», – деді Абылай Мырзахметов.

Бизнесті тексеруді қысқарту бойынша Үкіметпен  бірге ауқымды жұмыс жүргізілді. Егер 2012 жылы тексерулер саны шамамен 300 мың болса, былтыр бұл көрсеткіш 80 мыңды құрады. Бұл ретте тәуекелдерді басқару жүйесін енгізудің маңызы зор, яғни тексерулер компанияға жасалған талдау негізінде автоматтты түрде тағайындалады. «Атамекен» тұрақты түрде тексеріліп отырған нысанды анықтаудың объективтілігі үшін жүйенің өзіндік жұмысын талдап отыр.

«Кәсіпкер өтініммен жүгінді, оның компаниясы Алматыда тіркелген, бірақ жұмысы Қарағандыда... Ол тіркеу орнын ауыстырған, бірақ мекенжайды өзгерткен уақытта жүйе салық төлеуден қашқақтады деп талдайды. Осылайша ол бірден «қызыл аймаққа» түсті әрі тексеру де келді. Ақылға сыймайтын жағдай деп есептейміз, бұл салық мамандарына жетті. Осындай жайттар орын алмас үшін жүйеге әрдайым мониторинг жүргіземіз. Жүйе адал кәсіпкерлерді ынталандыру керек. Тағы бір шара – тексерулерді сақтандыру. Еуропада бұрыннан айыппұл арқылы жазалайды. Бұл кәсіпкерді тәртіпке үйретеді, өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сақтандырушы сіздің бизнес алдында міндеттемеңізді қаншалықты дұрыс орындайтыныңызды бақылайды. Міне, бізге осы жүйені қолға алу керек», – деді Абылай Мырзахметов.

Сонымен қатар, «Атамекен» Басқарма Төрағасының айтуынша, кәсіпкерлерге де өз жұмыстарында адалдық қағидасын сақтау маңызды. Абылай Мырзахметов журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, осыған қатысты орынды сынды оң қабылдайтынын айтты.

«Тұтынушыны қорғауда сауал дұрыс қойылып отыр. Соңғы жылдары көп нәрсе жасалды, мемлекеттік реттеу қысқарды, енді бизнестің жауапкершілігін арттыру керек. Лифтіде қандай жағдай орын алғанын қараңыздар. Біз лицензиялауды алып тастадық, бүгінде лифт құрылғысын жеткізуші ешқандай бақылауға алынбаған, шындығында қандайда бір тұрғын үй кешенінде лифтіге қатысты оқиға бір айға жетпейтін уақыт аралығында орын алып жатады. Стандарттар жүйесін енгізуді ұсынамыз. Қазір заң жобасы Мәжілісте. Бизнестің салалық қауымдастықтары, тұтынушылар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен дайындалатын стандарттар нормативті актілердің негізіне айналуы керек деп есептейміз. Егер ертең фирма лифтіні орнартса, онда Пәтер иелерінің кооперативі немесе тапсырыс беруші стандартқа қаншалықты сәйкес келетінін нақты тексере алады», – деді Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» сондай-ақ тұтынушы қай өнім сапаға сай еместігін анық көруі үшін Сәйкес келмейтін өнімдердің реестрін енгізуді ұсынады. Мәселенің тағы бір шешімі – білікті сарапшылар мен мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыру мүмкіндігі бар Тұтынушыларды қорғау қоғамын құру.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес кәсіпорындарында цифрландыру мен модернизациялау процесін кеңінен енгізу үшін Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Бәсекелік қабілетті арттыру бағдарламасын қолдануды ұсынады.

«Біз шағын және орта бизнестің негізгі шикізаттық емес 9 саласын қамтуды ұсынамыз. Олардың барлығы мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланады. Мемлекет бір терезе арқылы кешенді қолдау шараларын береді, ал бизнес цифрландыр және модернизациялау бойынша өзара міндеттемені алады. Біз цифрлық өндірісті, ақылды менеджементті қалай енгізу керек деген секілді дүниелерге дейін көмектесеміз... Осылайша барлық шараны бір бағдарламаға біріктіре отырып, бизнестің адалдығын арттырамыз», – деп есептейді Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер