«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде 60 жұмыссыз келіншек тігіншілік курсынан өтті

2017 жылғы 21 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
12015 просмотров

100% жұмыспен қамту – тігін кәсіпорнының жанындағы оқу орталығында өткен алғашқы оқу курсының нәтижесі

Ақтөбедегі жұмыссыз келіншектер үш ай ішінде «Азайя» ЖШС тігін цехында пішу, тігу курсынан өтті. Цех басшылығы өңірлік кәсіпкерлер палатасы, қалалық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында  бастама көтеріп, қайта дайындау жобасын жүзеге асырды. Алғашқы лек тігін курсын сәтті аяқтады.

«Тігін курсынан өткен 29 қатысушы сол тігін цехына жұмысқа алынады. Сондай-ақ облыстағы дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығына кіретін ательелерге жұмысқа орналастырылады. Оқу қорытындысы бойынша жаңадан кәсіпке машықтанғандар жұмыс істейтін екі кооператив құру жоспарланған. Тігін машиналарын «АЛМЕКС» қоры арқылы алу ойластырылған. Олар мектеп формасын тігумен, сондай-ақ қаладағы, облыстағы кәсіпорындарға қажетті арнайы киімдерді тігеді», - деді оқу орталығының жетекшісі, ЖШС директоры Айнұр Бақтығалиева.

«Азайя» ЖШС басшылығы кооперативтерді өзінің қамқорлығына алып, кей функцияларын аутсорсингке бергісі келеді. Ақтөбе тігіншілері таяу уақытта өңірдегі арнайы киімдердің импортын алмастыруды көздеп отыр. Оның ішінде аудандардағы тігін цехтары да қосылады. Мысалы, биыл бірінші рет «СНПС-АқтөбеМұнайгаз» компаниясы алғаш рет өз жұмысышыларының киімдерін ақтөбелік цехке тапсырыс беріп тіктірген. Бұған дейін Қытайдан жеткізілген еді.

Сертификат табыстау салтанаты өте әсерлі өтті. Тігіншілердің қолынан шыққан мектеп формасы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар білім алушылар арасында өткен байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпазға арнайы сыяпат табысталды.

Алғашқы бітіру сәтіне қалалық мектептердің мұғалімдері де қатысты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов, қалалық мәслихат хатшысы Сұлулан Шынтасова, Ақтөбе қаласы жұмыспен қамту орталығының басшысы Найля Бөртібаева бірлесіп атқарылған жұмысқа сәттілік тіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер