«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Батыс Қазақстанда іскер әйелдер ауыл шаруашылығын дамытуға дайын

2018 жылғы 28 Мамыр
- Батыс Қазақстан облысы
18069 просмотров

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанованың қатысуымен өткен Батыс Қазақстан облысы Іскер әйелдер кеңесінің отырысында айтылды

Отандық, оның ішінде әйелдер бизнесінде де туындайтын мәселенің бірі – өткізу нарығының тарылуы. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы шешуге болады. Лаззат Рамазанова «Үйдегі ас бөлмесі» деп шартты атау берілген жобаны мысалға келтірді. Бұл жоба бойынша кәсіпкер сүт қабылдау және оны қайта өңдеуден бастап, дүкендерге, сүт өнімдерін сату орындарына, медициналық мекемелерге өткізуге дейінгі желіні құрады. Мұнымен қоса, спикердің айтуынша, әйелдер коперациясын дамыту үшін тиісті инфрақұрылымды ұйымдастырудың маңызы зор.

«Біз болмағанда кім істейді? Қазіргі таңда білім беру, денсаулық сақтау, тігін және тағам өнеркәсібі секілді бағыттар бойынша жұмыс істейтін қауымдастықтарды құру қажет. Яғни, өңірде бар салаларды қамту керек. Біріге отырып, көптеген мәселені шеше аламыз. «Атамекен» жанынан нарықтың белгілі бір бөлігін танытатын ірі қауымдастықтар құрылған. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісімшарт жасап, нормативті-құқықтық актілерге сараптама жүргізеді. Осындай жұмыстарды өңірлерде де атқару керек», ­- деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Қауымдастықтар гендерлік белгі бойынша емес, өзін-өзі реттейтін ұйым ретінде құрылуы тиіс. Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының жанында былтыр ғана Қазақстан шина өндірушілер, импорттаушылар және қайта жасаушылар қауымдастығы, Батыс Қазақстан облысы автокөлікпен тасымалдаушыларының қауымдастығы құрылды. Биыл олардың қатарына IT-технологиялар қауымдастығы қосылды. Бүгінде Жеке медициналық және мектепке дейінді білім беру ұйымдарының қауымдастығы құрылу үстінде.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тақырыбын өрбіткен Лаззат Рамазанова «Атамекеннің» бұл мәселеге қатысты бастамалары Астана қаласында 20 маусымда өтетін Іскер әйелдер кеңесінің IV Конгресінде егжей-тегжейлі қаралатынын атап өтті.

«Өңірлерде әйелдер белсенді. Қазіргі таңда Астанада Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы құрылуда. Сол орталық өңірлердегі Іскер әйелдер кеңестерімен бірге жұмыс істеп, әйелдер кооперациясын дамыту үшін инвестиция тартады деп күтеміз», ­- деп хабарлады республикалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 37 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 45%-ы, яғни жартысына жуығы қыз-келіншектерге тиесілі. Лаззат Рамазанова сөз соңында Батыс Қазақстан облысында әйелдер бизнесін дамытудың әлеуеті де, мүмкіндігі де зор екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер