«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекенім»: игі істің қатары көбейіп келеді

2017 жылғы 14 Желтоқсан
- Ақмола облысы
5318 просмотров

Жалпы республикалық «Атамекенім» акциясының аясында Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер кеңесінің ұжымы Көкшетау қаласындағы көп балалы отбасыға көмек көрсетті.

Instagram желісіне жарияланған хабарландыру өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкері, IT-маман Әміл Алиевтің назарын аударды. Застанционный ауылының тұрғыны 3 жастан 16 жас аралығындағы балалардың қыстық киімі жоқ деп көмек сұраған еді. Ұл балалар мектепке спорттық аяқ киіммен барып жүр екен.

Қарапайым ғана көмек сөзінің артында үлкен оқиға жатыр. Әріптестің бастамасынан палата қызметкерлері мен Іскер әйелдер кеңесі де қалыс қалмады. Сыртқы киім, күнделікті киімдерді, аяқ киім мен азық-түлік, ойыншық секілді қажетті заттар жиналды.

Жиналған заттар екі көлікпен жеткізілді. Жеті баланың анасы қуаныштың көз жасын жасырмады. Көмек қолын созған қайырымды жандарды көрген ана алғысын жаудыруды тоқтатпады.

«Осылайша тез көңіл бөліп, көмектеседі деп ойламаған едім. Баршаңызға алғыс білдіремін», - деді Динара Аманбаева.

37 жастағы Динара медициналық мекеменің бірінде еден жуушы болып жұмыс істейді, жолдасы – жүргізуші. Оның айтуынша екеуінің тапқан табысы жетіспейді. Отбасы қаладан үй алу кезегінде тұр.

«Акцияның Тәуелсіздік күніне орайластырдық. Немқұрайдылықтан сақтану керек. Біз адамдардың арасы суып, алшақтап кеткенін көріп отырмыз. «Атамекенім» акциясы жақсылық жасауға шақырады. Іскер әйелдер кеңесіне алғыс білдіремін. Әрдайым қолдап, көмектесіп келеді», - деді ӨКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергіні төмендету бөлімінің басшысы Расул Сыздықов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер