«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда 60 мүмкіндігі шектеулі жанға халықаралық форумның билеті табысталды

2017 жылғы 27 Қараша
- Алматы қаласы
8839 просмотров

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында Synergy Global Forum 2017 ұйымдастырушылары мүгедектердің қоғамдық ұйымдарына арнап қайырымдылық шарасын өткізді

Тегін шақыру билетті ең алдымен кәсіпкерлікпен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандарға тапсырылды.

«Біздің мекеме коммерциялық ұйым, біз ақша табамыз. Алайда әлеуметтік жобаларға қызығушылығымыз зор. Мысалы, Мәскеудегі форумдарымызға жетім қалған жасөспірімдерді шақырдық, үш жыл қатарынан өздерін дамытуларын бақылаймыз. Форум мен спикерлердің қалай әсер ететіндіктерін анықтаймыз. Мамандығым – психиатр, медицина ғылымдарының кандидатымын. Адамдарға көп жағдайда ішкі мотивация жетпейтіндігін жақсы түсінемін. Тіпті ден сау адамдарда әлеуетін арттыруға кедергі келтіретін ішкі құлазулары болады. Форумға келген мүгедек жандар, әсіресе бизнеспен айналысатындар ерекше қуат алып, ынталанады деген үміттеміз Әлемдік үздік спикерлермен кездесу жаңа бастамаларға демеу болады деп ойлаймын», - деді SGF жобасының жетекшісі Евгений Фомин.

Көз ауруынан мүгедек атанған Фархат Юсупджанов Ник Вуйнич пен Майк Тайсонның тренингіне барам деген ой тіпті болмағанын айтады. Спикерлер туралы ақпаратты білгенімен, олардың тренингіне қатысу мүмкіндігі осылай оңай берілетіндігіне де таң.

«Форумға қатысудың ең арзан билеті – 50 мың теңге. Бұндай ауқымды шараға қаражат бөлуге шамам келмес еді. Бірақ шақыру билетін сыйға тартатындығын естігенде қуанышымда шек болмады. Мен жеке кәсіпкермін, Алматының жоғары оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі студенттерге білім беремін. Инклюзивті білім беру бойынша тренингтер өткіземін. Болашақта арнайы білім беру орталығын да ашқым келеді. Форумға қатыссам, жоспарларымды жүзеге асыруға құлшындыратын ерекше қуат пен әсер алатыныма сенемін», – дейді Фархат Юсупджанов.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы басшылығының өкілі Алмас Қасенбаев Synergy Global Forum 2017форумының ұйымдастырушыларына кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып, «Атамекенім» акциясына қолдау білдіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созғандарына алғыс білдірді.

Synergy Global Forum 2017 Алматы қаласында 1-2 желтоқсан күндері «Almaty Arena» спорт кешенінде өтеді. Әлемнің үздік спикерлері сөз сөйлеп, дәріс оқиды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер