«Атамекен» Гуанчжоу индустриялық паркі мен Қазақстан бизнесін байланыстырады
Астанада ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Гуанчжоу электрондық сауда индустриялық паркі арасында келіссөздер болып өтті.
25 қазанда «Атамекен» палатасында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен Қытай Халық Республикасының Гуанчжоу электрондық сауда индустриялық паркі делегациясының кездесуі болып өтті. Келіссөздер барысында екі жақ тарапынан қойылатын талаптар мен ұсыныстар талқыланды. Іскерлік келісімдерге ҚР «Атамекен» ҰКП тарапынан Ұлттық палата Басқарма төрағасының орынбасары әрі Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Юлия Жақыпбаева, «Атамекеннің» басқарушы директоры – Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры Дінмұхаммед Әбсаттаров, ҰҚП-ның Сыртқы сауда палатасы бастығының орынбасары Нұралы Бөкейханов қатысты. Қытай делегациясын Гуанчжоу электрондық сауда индустриялық паркінің төрағасы Ся Минхань бастап келді.
Кездесу барысында екі тараптың электрондық сауда аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Ю. Жақыпбаева қазіргі таңда ҚР Экономика министрлігінің «Атамекен» ҰКП-ымен бірлесе отырып, Электрондық сауданы дамыту жөніндегі жол картасын дайындап жатқанын атап өтті.
«7 бөлімнен және 30 шарадан тұратын бұл жол картасының 13-шарасы «Атамекен» Ұлттық палатасы тарапынан ұсынылған. «Қазпошта» АҚ-ның ресми мәліметі бойынша, Қазақстандағы пошталық жөнелтілімдердің ірі қатысушысының бірі – Қытай. Біз Қытайдың әртүрлі электрондық сауда алаңдарымен (Alibaba.com, Jumore ж.т.б.), кэшбэк-сервистерімен, бөлшек сауда бойынша сайттарымен белсенді ынтымақтастық қарым-қатынастамыз. Қытайдың бұл бағыттағы әлеуеті өте күшті екені бізге жақсы таныс», – деді Ю. Жақыпбаева.
Кэшбэк-сервис – ғаламтор желісі арқылы үнемді сауда жасаудың танымал тәсілі. Ол сатып алу барысында ең алдымен сервис сайтына өтуге, одан соң қажетті сауда орнына тікелей шығуға мүмкіндік әпереді. Онлайн дүкен сервис арқылы сатып алушының өзіне қайырылғанан көреді де, пайданың белгілі бір бөлігін сервиске береді, ал сервис болса, өз кезегінде қайтарылған ақшаның бөлігін тұтынушымен бөліседі.
«Атамекен» ҰКП-ының басқарушы директоры Д. Әбсаттаров Қазақстанға электрондық сауданың басты экономикалық локомотиві іспеттес болып отырған Қытай тәжірибесінің қажеттігіне тоқтала келе, қазіргі уақытта оны әлемдік тәжірибемен, Қытай заңнамаларымен сабақтастыра сараптау жұмыстары жүріп жатқанын атап көрсетті.
«Атамекен» ҰҚП-ы Сыртқы сауда палатасы бастығының орынбасары Н. Бөкейханов Ұлттық палатаның кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған барлық бастамалар үшін ашық екендігіне тоқталды. «Атамекен» кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық картасын дайындады. Ол әр өңірдің бизнестік ахуалы мен инвестициялық жобалары туралы барлық мәліметтерді жинақтаған өзінше бір онлаин-тұғырнамаға айналып отыр. Олар қытайлық серіктестер үшін де қолжетімді», – деді ол.
Кездесу барысында ынтымақтастық пен бірлесе жұмыс жасаудың басқа да мүмкіндіктері талқыланды. «Гуанчжоудың технопаркі аумағында ауыл шаруашылық өнімдеріне мамандандырылған аймақтар бар. Сондай-ақ, іскерлер үшін ғаламторлық саудаға байланысты техникалық көмектер ұсына аламыз. Қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік онлайн-алаңдарға шығуына қолдау көрсетеміз. Әрі қазақстандық жобаларға қытай инвесторларын тартуға дайынбыз», – деді өз сөзінде Ся Минхань.
Сонымен бірге тараптар ақпараттық қауіпсіздік, туризмді бірлесе дамыту, Гуанчжоу мен Шанхайға тікелей рейстер ашу және өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ю. Жақыпбаева «Атамекен» тарапының Гуанчжоу индустриялық паркімен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоюға ықыласты екендіктерін мәлім етті. «Біз Қазақстан бизнесі мен Гуанчжоу электрондық сауда индустриялық паркі арасын байланыстыратын тиімді көпір қызметін атқаруға дайынбыз», – деді ол.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: