«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Іскерлік біліктілік артып келеді

2017 жылғы 17 Қазан
- Қызылорда облысы
8511 просмотров

Қызылордада 43 қыз-келіншек «Кәсіпкерлік негіздері» бойынша оқып, сертификат алды

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова аймақтағы қыз-келіншектерге арналған «Іскер әйелдер бизнесі» атты жобасын қорытындылап, шараға қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етті.

«Облыста Іскер әйелдер кеңесін құрғанда жұмыстың басым бағыты ретінде қыз-келіншектерді оқытып, біліктілігін жетілдіруді алдық. Себебі нәзік жандылар арасында сауалнама жүргізгенімізде басым бөлігі өз кәсіптерін ашқысы келетіндіктерін, алайда ол үшін тәжірибесі мен біліктіліктері жеткіліксіздігін алға тартты. Сол себепті де біз наурыз айында «Іскер әйелдер апталығын» қолға алған болатынбыз. Сұраныстың көптігінен апталығымыз айлыққа ұласып, 200-ден астам қыз-келіншекті оқытып шығардық», - дейді Жанна Аманова.    

«Іскер әйелдер бизнесі» жобасы облыста осы жылдың маусым айында басталды. Жанна Аманова жобаны қолға алғанда қатысушы қыз-келіншектерге Іскер әйелдер кеңесінің мүшелерін бизнес-тәлімгер ретінде қолдау көрсетуге шақырды. Нәтижесінде бизнес-тәлімгерлер теориялық біліммен қатар, тәжірибе жүзінде кәсіпкерлік нысандарына апарып, кәсіпті жүргізу ерекшеліктерімен таныстырды.

 «Іскер әйелдер бизнесі» жобасына қатысқан 43 қыз-келіншек жақында «Кәсіпкерлік негіздері» оқыту курсы бойынша білім алып, сала бойынша біліктіліктерін жетілдірді. Оларға арнайы сертификаттар табыс етілді. Желтоқсан айында бұл азаматшалар қаржы бизнес-жобаларын қорғайтын болады. Жобаға қатысушылардың арасында қазірдің өзінде нәтиже бар. 3 нәзік жанды азаматшамыз өздерінің оқу орталықтарын ашып, жұмыс жасауда. Атап айтсам, Әсем Мақанова «Қабілет» оқу орталығын, Жүнісова Эльмира «Интеллект» оқу орталығын және Ашекова Нұргүл «Speak kz» оқу орталығын ашты. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын»,  - дейді Кеңес төрайымы.

 Іскер әйелдер кеңесі жұмысты мұнымен тоқтатпақ емес. Бүгінде Жанна Аманова бастаған қызылордалық қыз-келіншектер «Мамочки kz» жобасын қолға алуда. Бұл жоба кәсіппен айналысқысы келетін аналардың басын біріктіретін болады.

Мұнан өзге Кеңес қазан айынан бастап студент жастарға арналған «Бизнес-инкубатор» жобасын да қолға алмақ. Сондай-ақ Жанна Аманова аймақтың қыз-келіншектеріне кәсіпті онлайн жүргізуді үйреткісі келетінін жеткізді. Бүгінде бұл бағытта да арнайы жоба әзірленіп жатыр екен. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер