Текелі Іскер әйелдері кеңесінде жаңа басшы
Райхан Сисекенова филиал басшысы болып сайланды
Текелі қаласы Іскер әйелдер кеңесінде жаңашылдық. Жуырда Алматы облысы Іскер әйелдері кеңесінің төрайымы Римма Салықова филиалдың жаңа басшысын таныстырды. Филиалды басқаруға белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Орталық Азия университеті әкімшілігінің өкілі Райхан Сисекенова сайланды.
«Райхан Маратқызы түрлі салаларда қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, тәжірибесі мол маман. Ол Орталық Азия университеті жұмысын жүргізіп қана қоймай, Өңірлік кеңес жанындағы Туризм және спорт комитеті жұмысына араласады, Іскер әйелдер кеңесі қызметі туралы жан-жақты хабардар», – деп атап өтті Римма Салықова.
Райхан Сисекенова осындай жауапты жұмысты тапсырғандары үшін Іскер әйелдер кеңесі мүшелеріне алғыс білдірді. Жақын арада жаңа басшы жергілікті әйелдердің қала кәсіпкерлігіндегі үлесін анықтау бойынша жұмыс жасалатынын хабарлады.
«Қалада қанша әйел бизнес жүргізіп жатқанын анықтау біз үшін маңызды. Бұл талдау әйел кәсіпкерлігінде мәселелерді анықтау, жүйелі жоспар құру үшін қажет. Талдау жүргізу барысында анықталған мәселелерді біз қала әкімі алдында көтеріп, бірлесіп шешуді талқылайтын боламыз», – деді филиал басшысы.
Кездесу барысында Римма Салықова «Қазақстан бизнес идеялардың жерұйығы» атты ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің ІІІ Конгресі қорытындысы туралы айтты.
«Іскер әйелдер кеңесі құрылғанынан бастап дербестігі мен тиімділігін дәлелдеді. Кеңес түсіндіру жұмыстарынан бөлек, түрлі оқу семинарларын да жүргізеді, мәселелерді шешуге қатысады. Сондықтан біздің қатарымызда белсенді кәсіпкер әйел саны артып келеді. Іскер әйелдер кеңесі аудан мен қалалардағы Кәсіпкерлер кеңесі, жергілікті өкілетті органдардың кеңес беру органдары жанында құрылған. Жалпы Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша әкімдіктің серіктесіне айналды», – деді Римма Салықова.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: