Тимур Құлыбаев: Әйел кәсіпкерлігі жіті назарда болуы керек
Сенімділік медеу береді, ал бизнестегі сенімнің маңызы зор
Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев ҰКП Іскер әйелдері кеңесінің Астанада өткен Конгресінде айтты.
«Қыз-келіншектердің қызметкер ретінде, бизнес жетекшісі ретінде ер азаматтардан ерекшелігі бар. Мәселен, деректер алу, есептер, бухгалетрлік немесе қаржылық есептеулер қажет болса, оның бәрі еңбекқор әйелдер қолымен жасалады. Әйелдер шын мәнінде жұмысқа бар білімін салып, кәсіби тұрғыда кіріседі, жұмысты беріліп істейді. Айта кетейін, сенімділік медеу береді, бизнестегі сенімділік – басты қағидалардың бірі. Еліміз Шығыс халқы болуына қарамастан шағын және орта бизнестің 42%-ын әйелдер басқарады. Бұл ретте білім мен тәжірибе алмасу маңызды. Бизнес тұрғысынан алғанда Қазақстан жас мемлекет болып саналады. Менің замандастарым кәсіпкерлікпен айналысқан әрі өз қателіктерінде шыңдалған алғашқы буын болып саналады. Бүгінде іскерлік білім алуда жоғары оқу орындары бар, «Болашақ» бағдарламасы бар. Отбасын ұйытып, бала тәрбиелеумен қатар бизнесін де дөңгелетіп жатқан әйелдер балалары үшін нағыз үлгі. Балалар аналарына қарап бизнестің қажеттілігін ерте түсінеді. Бұл кәсіпкерліктің өмірлік мектебі», – деді Тимур Құлыбаев.
Төралқа Төрағасы әйелдер кәсіпкерлігі Ұлттық палатаның жіті назарында болуы керек екенін атап өтті. «Іскер әйелдер кеңесінің күші – бірлікте. Бүгінде әр өңірде Іскер әйелдер кеңесінің өкілдігі бар. Бұл бүкіл республика кәсіпкерлерімен кері байланыстың барын айқындайды. Бүкіл бизнес үшін, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігі үшін қаржы қолжетімділігі маңызды. Бұл мәселені микро несиелеу ұйымдары арқылы шешуге тырысудамыз», – деді Тимур Құлыбаев.
Еске салсақ, 2016 жылы «Атамекен» 6 өңірде, яғни Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай облыстарында шағын несие берудің пилоттық жобасын іске қосты.
Шағын қаржы орталығы кепілдікке жылжитын/жылжымайтын мүлік, жер учаскесін, автокөлік, ауыл шаруашылығы техникасы мен жадбығын ала отырып, «жұмсақ» саясатты ұстанады. Несие беру туралы шешімді бизнес қоғамдастық өкілдерінен тұратын Өңірлік кеңес қабылдайды. Бұл пилоттық жоба бүгінде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізіне алынды. Бағдарлама аясында 7 жылға 6% мөлшерлемемен 18 млн теңгеге дейін сомада несие берілу қол ға алынды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұнымен қоса «Bastau Бизнес» жобасын іске қосты. Биыл жоба аясында 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындары кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Ол үшін 80 ауданға 1 млрд 200 мың теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде биылғы жылы 3000 кәсіпкерлік субъектісі ашылуы керек. Ал келесі жылдан бастап «Bastau Бизнес» жобасының ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны ұлғаймақ. 2021 жылы 30 мың тұрғын қамтылып, кемінде 6000 бизнес іске қосылуы керек. Бұл мақсат үшін жыл сайын 2 млрд 400 млрд теңге бөлінбек.
«Енді білім алған ауыл тұрғындары өз бизнесін қалай жүргізіп, отбасын қалай асырау керектігін біледі. Мұның маңызы өте зор және жағымды оқиғалар оң әсерін тигізері анық. Жетістігіне куә болған жақындарының көкірегінде жеке кәсіппен айналысып, отбасын бағуға деген сенім ұялайды. Бұл жеке кәсіппен айналысуға ынталандыратыны анық. Ал «Атамекен» әрдайым қолдау көрсетуге дайын», – деді Ұлттық палата басшысы.
Конгресс барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Іскер әйелдер кеңесінің төрт мүшесіне «Өз ісіне адалдығы үшін» Ұлттық палатаның ІІІ дәрежелі медалін табыстады.
Анықтама үшін: «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесін құрудың басты идеясы – өңір әйелдерінің іскерлік ортадағы белсенділігін күшейту. Әйел-кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін ынталандыру, әйелдердің жеке кәсіпкерлікке араласуын, олардың экономикалық бастамаларын қолдау және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту кеңестің басты міндеті. Ұйымда 700 -ден астам кәсіпкер әйел мүшелікте.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: