«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құрылыстағы қауіпсіздік пен сапаға не кедергі?

2017 жылғы 12 Сәуір
7845 просмотров

Сәулет және қала құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жиналыс өткізілді

«Атамекен» ҰКП мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі жол картасын іске асыру нәтижелері» тақырыбында селекторлық жиналыс өтті.

Құрылыс саласындағы жемқорлықтың салдарынан құрылыс салуда жауапкершілік пен қауіпсіздік шаралары нашарлайтыны мәлім. Әсіресе бұл тұрғын үйлер мен қоғамдық орындары құрылысына қатысты. Бұл олқылықтар адам өміріне қауіпті. Кешегі Қызылағаш, Бесоба, Алматы қаласындағы Алғабас тұрғын үйлеріндегі оқиғалар қайталанбас үшін Үкімет, жергілікті атқарушы органдар, әлеумет пен бизнес-қоғамдасықтың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды.

Ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасымен қарастырылған бірқатар іс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствомен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жылдың басынан жүзеге асырылып келеді. Олардың арасында, бизнестің дамыту мен жүргізуге байланысты 16 сала қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілуде.

Агенттік Төарғасының орынбасары Алик Шпекбаев іс-шараны ашу барысында сәулет және қала құрылысы саладағы сот тәжірибесін талдауда сыбайлас жемқорлық қылмыстардың басым бөлігі басшылық құрамына қарасты екенін атап өтті.

«Атамкен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов сәулет және құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың белең алғанын, құрылысқа рұқсат беру, құжаттарды рәсімдеу кезеңінде жымқыру, пара алу және қызметтік лауазымды асыра пайдалану сынды фактілердің басым болуы анықталғанын айтты.

Сондай-ақ құрылысты бақылайтын, сараптама жасайтын сарапшыларды дайындау, аттесттатау мәселесі өзекті екенін жеткізді. «Техникалық әрі авторлық қадағалау сарапшыларын атестаттау ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 қаңтардағы Жарлығына сәйкес жүргізіледі, ал қайта атестаттау әр 5 жыл сайын өткізіледі делінген. Бүгінде атестаттау ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 27 қарашадағы Бұйрығымен бекітілген ережелерге сай жүргізіледі. Ал бұл құжатта қайта атестация өткізу және қайта атестаттаудың мерзімі туралы регламент жазылмаған», – деді Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар Павлодар облысы бойынша Агенттік департаментінің Басшысы Тыныштықбек Жүсіпов талдау барысында алынған нәтижелер туралы есеп беріп, сәулет және қала құрылысында сыбайлас жемқорлық көріністеріне нормативтік құқықтық актілерді дискрециялық құзыреттер мен коллизиялар ықпал ететінін атап өтті.

Алдағы уақытта Ұсынымдардың орындалу сапасы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялық орындалуы бойынша Арнайы мониторинг топ бағалайтын болады. Басқосу барысында Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовке құрылыс саласындағы жемқорлық фактілеріне қатысты сауалдар қойылды. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бір жыл бойы құрылыстағы әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жүйелі жұмыс атқардық. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде Қазақстан құрылысқа берілген рұқсаттардың саны бойынша бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 22-орынға ие болды. 2015 жыл бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 92-орында болған, сөйтіп 70 тармаққа көтерілдік. Жалпы құрылысты бастау рұқсат беру процедуралары бұрын 1,5 жыл қаралса, бүгінде 30 күнде шешіліп жатыр. Сондай-ақ мемелекеттік қызметті бәсекелік ортаға беруді жоспарлап отырмыз», – деді Мархабат Жайымбетов.

Сонымен қатар Комитет басшысы құрылыс саласында 2020 жылға дейін енгізілетін еурокодтау туралы айтып кетті: «Еурокодтар дегеніміз ол құрылыс қағқасының беріктігін есептеу. Бұрын Құрылыс нормалары мен ережелер бойынша барлығы түсінікті әрі оңай болған. Енді еурокодтар бойынша бақылаудың 10-15% міндетті, қалғаны келісім бойынша жасалады. Сондықтан Еурокодтар құрылыс саласына жеңілдік әкеледі деу әлі ерте».

Шара барысында ойын білдірген Қазақстандағы Парламентаризм қорының президенті Зәуреш Баталова құрылыс саласындағы сыбайластықты азайту үшін заң мен заңнамаларды ретке келтіру қажеттігін айтты, өйткені заңдарда қателіктер мен сәйкессіздіктер бар. «Қалалардағы бітпей тұрған құрылыс нысандарының кез келгенінде сыбайлас жемқорлықтың белгісі жатыр. Сонымен қатар «Мемлекеттік қызмет» деген желеумен жер учаскелерін біреуден тартып алып, екінші біреуге сатып жіберетін жағдайлар көп. Бұл мемлекеттік қызмет емес, бұл парақорладың ісі», – деді Зәуреш Баталова.

Астана қаласы бойынша кәсіпкерлердің өңірлік палатаның басшысы Ғани Тасмағанбетов сәулет және қала құрылысы саласында әкімшілік тосқауылдардың бары және олар бизнес құрылымдар дамуын тоқтататындығын және қоғамдық мониторинг нәтижелерін атап өтті.

Парламент депуттары, ҚР Инвесициялар және даму вице-министрі, Қазақстан бизнес қауымдастықтарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, Агенттіктің өңірлік департаменттері және ӨКП басшылары анализ қорытындыларын талқылауға қатысты.

Кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін міндетті жойылуы тиімді деген ортақ пікірге келді. Осы мақсатпен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі үшін тиісті ұсыныстар әзірленді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер