Бизнестің дамуына аспаздың біліктілігі әсер етеді
Солтүстік Қазақстан аспаздары қазақтың ұлттық тағамдарын жаңа тәсілмен дайындауды үйренді
Петропавл қаласында Астанадан келген танымал бас аспаз Ахлиддин Тулегенов әріптестеріне шеберлік сағатын өткізді.
Елордалық қонақ әріптестерімен қазақтық ұлттық тағамдарын дайындау құпияларымен бөлісті. Негізгі тағамдармен қатар, десерттерді де даярлады. Шеберлік сағатына барлығы 14 адам қатысты. Олардың қатарында жұмыс істеп жүрген аспаздармен бірге студенттер де бар. Қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралардың мейрамханаларға да, аспаздар үшін де маңыздылығы жоғары. Бірі білім толықтырса, екіншісі тұтынушылар қатарын арттырады. «Жаңа нәрсені үйрене отырып қонақтарымызға жаңа, дәмді тағамдар ұсына аламыз, осылайша бізге келушілердің қатары да артады», – дейді олар.
Ахлиддин Тулегенов солтүстік-қазақстандық аспаздарға қазақтың ұлттық тоғыз тағамын дұрыс әрі дәмді дайындаудың тәсілін айтты әрі көрсетіп берді. Бұл іс-шараны Кәсіпкерлер палатасы мен СҚО мейрамханашылары мен қонақ үй мамандарының қауымдастығы ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылар мұндай шеберлік сағаттарын тоқсан сайын өткізетіндіктерін атап өтті. «Палата мамандарды дайындауды, оларды қайта дайындау мен біліктіліктерін арттыру жұмыстарын жоспарлы түрде атқарып келеді. Оқуға алғаш болып өз ісін осы саламен байланыстырғысы келген колледж студенттері қатысты. Көптеген аспаздар осындай шеберлік сағаттарына бірнеше рет қатысты және бұл Қауымдастықпен бірлескен жұмыстың бір бағыты ғана», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Владимир Литвиненко.
Сонымен қатар, Қызмет көрсету саласының жұмысшыларын дайындау, қайта дайындау мен біліктілігін арттыру үшін Ресурстық орталық ашылған. «Бүгінде Қауымдастық жанынан Сертификаттау орталығын ашу мәселесі шешілді. Бұл мейрамхана мен қонақ үй бизнесіндегі, көрсетілетін қызмет саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады», – деп хабарлады Владимир Литвиненко.
Екі күндік шеберлік-сыныбы аяқталған соң барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: