Туристік сала комитеті ЭКСПО–2017 көрмесіне атсалысады
Қазақстанға жолы түскен шетелдіктердің 80%-дан астамы тек жұмыс бабымен келеді
«Атамекен» ҰКП Туристік сала комитеті 2016 жылдың қорытындысын жариялауға және 2017 жылдың жұмыс жоспарын талқылауға арналған отырыс өткізді.
Жиында «Атамекен» ҰКП Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Туристік сала комитетінің 2016 жылғы жұмысы ішкі көшпелі туризмге бағытталғанын, туризмдегі түйткілді мәселелерді көтеріп, Үкімет деңгейіне, Президент Әкімшілігі деңгейіне көтерілгенін жеткізді. Сонымен қатар 2016 жылда атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.
ҚР Үкіметінің Мемлекет басшысына жолдаған хатында туризм саласына қатысты ұсыныстар көрсетілген. Оның ішінде туризм бойынша өкілетті органның мәртебесін арттыру және күшейту; әкімшілік кедергілерді алу және бюрократиялық процедураларды азайту, шетелдік азаматтар үшін ойын бизнесін дамыту, туристік инфорақұрылымды дамыту, туризмді басқару бойынша мекеме құру, мемлекет брендін жасау, ҚР туристік саласын 2020 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасын жаңарту мәселелері қамтылған.
2014 жылы ҚР Үкіметі туристік саланы 2020 жылға дейін дамытудың Тұжырымдамасын қабылдады, алайда оны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары бекітілмеген, қаржыландыру анықталмаған. 4,8 млн адам ішкі және көшпелі туризмге қатысқан. Оның ішінде Қазақстан азаматтары 4,1 млн болса, шетелдіктер саны 692 мың адам. Қазақстанға келуші-бейрезиденттердің 90% ТМД елдерінің өкілдері. Ал шет елге шығып келетін азаматтардың саны жыл сайын өскен. Туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі 1,6%. Қазақстан туризм және саяхат саласының бәсекелестік индексінде әлемдегі 141 елдің арасынан 85-орында. Қазақстанға жолы түскен шетелдіктердің 80%-дан астамы тек жұмыс бабымен келеді.
Осыған орай Кәсіпкерлер палатасы өңірлерде туристік әлеуетті дамыту бойынша бірнеше бағытта жұмыс жүргізген. Жергілікті атқарушы органдардың, қауымдастықтар мен туристік нарық өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылған. Қажетті қаржы шығындарын анықтау үшін туристік нысандар тексеруден өткізіліп, өңірлердің визит картасы дайындалса, сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту үшін Жол картасы жасалған.
Қазақстанда 2011-2015 жылдары Қазақстан имиджін қалыптастыруға 1,3 млрд теңге бөлінген. Туризмді дамытуда мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 50-орынды алады, алайда туристерді тартудағы маркетингтік шаралар бойынша 111-орында. Осы және өзге де сараптамалар бойынша елдің танымалдығын арттыруда біртұтас маргетингтік шаралар ұйымдастырылмағаны байқалады.
Комитет отырысында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева: «ТМД-ның бірнеше елі бекітілген ресми туристік бренд қолданып келеді. Айталық Өзбекстан қолданатын логотип 2014 жылы бекітілген. Ал Қырғызстан 2012 жылы өз брендін бекіткен. Барлық туристік шараларда сол белгімен танымал. Қазақстан бұл мәселеде де бір шешімге келмеген. Туристік бренд болмағандықтан, шетелдік көрмелерде, туризмге арналған шараларда түсініксіз, әртүрлі логотиптер қолданылады», – деп атап өтті.
Басқосуда «Атамекен» ҰКП ұсынып отырған туризм бойынша Ұлттық кеңсе құру моделі айтылды. Ұлттық кеңсе туристік саланың маркетингі, оны дамыту, қолайлы орта құру, әлеуетті арттыру бағыттарында жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар 2017 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылып, өңірлердегі туристік сала мамандарының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
«Комитет жұмысын 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесіне бағыттаймыз. Көшпелі туризмде түйткілді мәселелер өте көп. Заңнамаға қатысты сауалдар мен ұсыныстар да баршылық. Оған енгізілетін өзгертулер мен ұсыныстарды талқылауға, қабылдауға айтарлықтай уақыт кетеді», – деді «Атамекен» ҰКП Туристік сала комитетінің төрайымы Роза Асанбаева.
Комитет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесіне туристерді көптеп шақыру бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтіп, 2017 жылдың іс-шаралар ретімен таныстырды.
«Биылғы жылдың ақпан-маусым айларында «ЭКСПО-2017 керуені Ұлы Жібек жолында» атты роуд-шоу ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл керуен маңызды 14 қаланың қамтиды. Олардың ішінде Мадрид, Барселона, Рим, Париж, Варшава, Берлин секілді қалалар бар. Сонымен қатар, шет мемлекеттердің туристік операторларына арналған 30 роуд-шоу ұйымдастырылмақ. Халықаралық ірі 7 көрмеге қатысу да іс-шаралар қатарында. Халықаралық көрмеге орай Қазақстанда ірі ақпараттық тур ұйымдастырылады», – деп таныстырды Роза Асанбаева.
Комитет отырысында туризм саласындағы өзекті мәселелерді жұмыс жоспарына қосу, халықаралық көрмеге қатысу, көрме туралы ақпараттарды алдын-ала хабарлау секілді бірқатар мәселелер көтерілді. Онлайн-байланыспен Тараз, Өскемен, Алматы қалаларындағы мамандар пікір білдіріп, қызу талқылауға қатысты.
«Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығы» Астана бөлімінің Төрағасы Қанат Елеусізов туристік саладағы кәсіпкерлер үшін салық мөлшерін азайтуды ұсынды. Оның айтуынша, салық көлемінің көптігі туристік саладағы қызмет көрсетудің қымбаттауына алып келеді, егер салықты екі есе азайтса, туристердің саны артуы әбден мүмкін.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: