«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің бірден бір жолы - ашықтық

2017 жылғы 14 Ақпан
- Қарағанды облысы
12929 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қарағандыда өткен Бас прокуратура алқасында жер телімдерін алушылардың тізімін ашық жариялауды ұсынды

Болат Палымбетов құрылыс салу үшін шағын және орта бизнеске жер телімдерін бөлу түйткілдердің бірі болып табылады деген ойда.

«Қарағанды облысы бүгінгі таңда барлық елді мекендер сайттарында ЕЖЖ (егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы), бас жоспарларды ашық жариялап отыр. Қазіргі уақытта бас жоспарға немесе ЕЖЖ-ға сәйкес келмеу салдарынан жер телімдерін беруден бас тартқан жағдайлар осы өңірде жоқ деуге болады. Дегенмен, бәрі де ашық болуы үшін, жер телімдерін аукциондар арқылы өткізуді ұсынғанбыз.

Өткен жылы Қарағанды облысы бойынша бар-жоғы 3 аукцион өткізіліп, 20 телім сатылды. Әрине, бұл заң бұзушылық емес. Әкімдіктер инвестициялық жобалар арқылы, ӘКК және тағы басқа жобалар арқылы жер телімдерін беруге құқылы», - деді Болат Палымбетов.

Бизнес-омбудсмен облыс басшылығына қалалар мен аудан орталықтары бойынша 2016 жыл ішінде жер алушылардың толық тізімін  – қандай ЖШС телім алғанын, қандай қажеттілік үшін алғанын және ол жерге не салғалы жатқанын жариялау керек деген ұсыныс жасады.

«Бұл қоғамдық бақылаудың тиімді құралы болады, және де жер телімдерінің әділетсіз бөлінгені жайлы барлық артық әңгімені жоюға болады. Яғни ашықтық сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол бермейтініне сенімдімін», - деді Уәкіл.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тарту мәселесі жөнінде де өз ұстанымын жеткізді.

«Сотқа дейінгі тергеу негізінен шағын және орта бизнеске қатысты жүргізіледі. Олардың көпшілігі - мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар. Ал тергеушілер мемлекеттік бағдарламалар операторларын олармен арада болатын барлық қарым-қатынасты тоқтатуға шақырады, дегенмен олардың кінәсін сот қана айқындай алады. Мұндай тәжірибені тоқтату керек. Шағын және орта бизнеске қатысты қылмыстық іс үш айдан аса уақытқа созылады. Бұл мүлдем ақылға қонбайтын жәйт! Мұндай істер үш айдан аспауға тиіс деген меже қою керек шығар, бәлкім? Осы кезең ішінде мәселенің ақ-қарасын ажыратуға болады деп ойлаймын. Ал егер одан көп уақыт керек болып жатса, онда істің мән-жайын жете қарастыру қажет. Кәсіпкерлермен кездесулер өткізген кезде естігенім, бизнестің сұрайтыны да осы», - деді ол.

Кездесуде 2016 жылғы 14 маусымда өткен «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» Форумының ұсыныстарын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын іске асыру нәтижелері мен бизнеске маңызды мәселелерді шешу жолдары айтылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер