«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Агроөнеркәсіп кешені үшінші жаңғыру драйвері

2017 жылғы 06 Ақпан
5041 просмотров

Биылғы Жолдауда ауылшаруашылық саласына басымдық беріліп отыр

«Кәсіпкерлік қауымдастығының нығаюын қамтамасыз ететін ұйымның басшысы ретінде Жолдауда кәсіпкерліктің дамуына көп көңіл бөлінгені мені қуантуда. Агроөнеркәсіп кешені азық-түлік пен экономикалық қауіпсіздікті реттейтін отандық экономикамыздың маңызды салаларының бірі. Агроөнеркәсіп кешені үшінші жаңғырудың драйвері  болып саналады», – дейді Кәсіпкерлер палатасы Ертіс аудандық филиалының директоры Ерлан Жетпісов.

Оның айтуынша, аграрлық секторды дамыту үшін көп күш-жігер жұмсау қажет. Ол үшін АӨК жаңа бағдарламасы қолайлы жағдай жасап отыр. Ішкі нарықты қамтамасыз ету мен отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, шағын және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық өндіріс кооперативтеріне тарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және сауда-логистикалық инфрақұрылымның дамуы осы бағдарламаның басым тұстары болмақ.

Сарапшылардың пікірінше, АӨК дамыту бағдары бойынша субсидияларды тиімді бөлу принциптері қайта қарастырылып, өнімді сақтандыруға біртіндеп көшу жоспарланған. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей қазіргі қолданыстағы субсидиялаудың механизмдері мен талаптары қажетті нәтиже беріп отырған жоқ. Енді қаржылық мемлекеттік қолдаудың тиімділігі артады. Ол үшін АӨК субъектілерін субсидиялау жүйесіне сүбелі өзгерістер енгізіледі деп жоспарлануда. Мәселен, қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау ретінде субсидиялауды 67 мың қолданушы алып отыр. Осы ретте субсидияның 1 теңгесіне өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 7 теңгесі келеді. Осы орайда қолданыстағы 56 субсидияның  тиімсіз 6 түрі алып тасталынып, 34 түріне өзгерістер енгізіледі. 2021 жылға дейін субсидиялауды қолданатын 64 мың адамды 500 мыңға дейін жеткізу көзделген.  Ал субсидияның 1 теңгесі өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 15 теңгесіне тең келетін болады.

Өсімдік шаруашылығына қарастырылған субсидиялау осы салаға жаңа технологияларды енгізуге, өнімділікті қамтамасыз ететін құрал-жабдық пен техниканы алуға жұмсалатын болады, яғни өсімдіктің тікелей шығымына, өнімділігіне, сапасына, өзіндік құнына, сондай-ақ, өндірістен барынша тиімді өнім алуға әсер ететін болады.

Оңтайлы қадам ретінде шағын шаруашылықтардың бірігіп, коопереация құрып жұмыс істеуін айтуға болады. Ірі, бірақ бір кәсіпорынды қолдаудан гөрі ұйымдасқан бірнеше кооперацияларды қолдаған тиімдірек. Жалпы алғанда мемлекеттік қолдау ірі агрофирмаларды емес, кооперация құрған шағын және орта шаруашылықтарға бағытталатын болады. Бүгінде ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімнің жартысы жеке шаруашылықтардың өз күшімен өндіріледі. Өнімді бастапқы өңдеу, сақтау, сатудағы мүмкіндіктердің жоқтығынан шаруалардың табысы шектеліп отыр.  Көп жағдайда шағын шаруашылықтар мемлекеттік қолдауға қолдары жетпейді. Осы және басқа мәселелер ауылдағы кооперацияларының жылдам дамуы кезінде ескерілетін болады.

Өнім өңдеудің көлемін арттыру, саланың технологиялық жабдықталуы, сонымен қатар өнімді жинау, сақтау, тасымалдау және тауарды сатуды жолға қою жақсы әсер бермек. Бүгінде сүт пен еттің 70-80%-ы жеке шаруашылықтармен орындалып отыр. Алайда өнімді дайындау мен сату мәселесі жолға қойылмағандықтан, аталған көлем өңдеу процесіне дейін жетпейді. Сондықтан, өңдеуші кәсіпорындар тек 60%-дық жүктемемен ғана жұмыс істеп отыр (сүт 35-тен 60%-ға дейін, ет 10-нан 60%-ға дейін).  Өндірістің өнімділігін арттыру мақсатында жеке шаруашылықтарды коопреацияға айналдырып, бір орталықтан басқару, ұйымдастыру – сүт пен етті бір орталықтан алып кетуге, жүйе жасауға, отбасылық бордақылау алаңдарын құруға көмектеседі.

Ауыл шаруашылық кооперативтеріне сауда алаңдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бүкіл республика бойынша көтерме-тарату орталықтары құрылатын болады. Бұл орталықтар ауылшаруашылық өнімдерін сату үшін  көтерме сауда жасауға арналған арнайы қоймалар, павильондар мен басқа да орындардан  тұратын болады. Бұл орталықтарда ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларын сақтау, қаптау, сату және тасымалдау бойынша технологиялық операциялар шоғырланатын болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер