«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қандай өңірдің бизнеске қолайлы екені анықталады

2017 жылғы 31 Қаңтар
7670 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сәуір айында 5 бағыт аясында бизнес жүргізуге қолайлылық рейтингісін жарияламақ

Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын талқылауға арналған брифингте «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

«ҰКП-ның еліміздің әр өңірінде бөлімшелері бар және аудандар деңгейінде кәсіпкерлерге қолдау көрсете алады. «Атамекен» осымен екінші жыл өңірлердегі бизнес жүргізудің қолайлылығы бойынша рейтинг жүргізіп келеді. Себебі, өңірлердегі кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдардың агроөнеркәсіп кешені, салық төлеу, сатып алулар, сәулет және құрылыс, жер қатынастары саласындағы жұмысына жиі шағым түсіріп жатады. Яғни, жергілікті билік қолындағы барлық құралдар, бизнес талаптарына сай келмей отыр», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов. ҰКП Басқарма Төрағасы, сондай-ақ, 2017 жылдың сәуір айында 5 параметр бойынша 2016 жылдың қорытындыларын жариялайтынын атап өтті. «Әкімдердің КРІ көрсеткіші олардың бизнеске қаншалықты қолдау көрсететініне байланысты бағаланатын болады, бұл өте маңызды», – деді А.Мырзахметов.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, ҰКП мен Үкіметке аталған мәселе бойынша сараптама жасап, тиісті ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелген. ҰКП-да мұндай ұсыныстар әзір екен, оған тек кейбір өзгертулерді енгізу қажет деді Палата басшысы. «Ондай өзгертулердің ішінде техникалық желілерге қосылу, энергетика мәселелері де бар. Себебі, жыл өткен сайын аталған мәселелер бойынша шағым түсірушілер саны көбеюде, демек, жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлерге заңсыз талаптар қойып отыр», – деді Ұлттық палатаның Басқарма Төрағасы.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, мәселені шешудің бірден-бір жолы –  бірыңғай электронды терезе құру. Онда кәсіпкер түрлі бюрократиялық процедуралардан арылып, техникалық желілерге, энергетикаға және тағы басқаға қол жеткізе алады екен. Кей өңірлерде аталған жоба пилоттық режимде сәтті іске қосылған көрінеді. Мысалы, Шымкентте энергия қуатына электронды түрде қол жеткізу мүмкін болған, бұл өз кезегінде, бизнеске өте қолайлы дейді Басқарма Төрағасы.

Айта кетер жайт, биылғы Жолдауда Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнеске кедергі келтіретін барлық «келеңсіздіктерді» азайтуға қатысты шаралар қолдану туралы тапсырма берілген. Әсіресе, ол энергетика, көлік және логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салаларға қатысты болмақ. Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекеттік қызмет көрсету процестері барынша жаңғыруы тиіс. Осылайша, ұқсас процедураларды жойып, құжаттар мен мерзімді қысқарту қажет екен. Бұл ретте, аталған процедуралардың барлығын электрондық форматқа өткізу керек.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер