«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекет басшысы экономикадағы кәсіпкерлік үлесін арттыруды тапсырды

2017 жылғы 23 Қаңтар
9689 просмотров

Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовті қабылдады, деп хабарлайды akorda.kz

Елбасыға еліміздегі кәсіпкерлік белсенділік жағдайы жөніндегі есеп беріліп, былтырғы ҰКП жұмысының қорытындысы мен алдағы уақытқа арналған жоспар жайы жеткізілді.

Тимур Құлыбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметі барлық өңірлерде көрсетілетінін, аудандық деңгейге дейін кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндігі барын атап өтті.

ҰКП басшысының сөзіне қарағанда, 5 стратегиялық басымдық қатарында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін қорғау, бизнес-ортаны жетілдіру, қаржы мен инфрақұрылымның және өткізу нарықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту және бизнесті сервистік қолдау назарда ұсталуда.

Барлық бағыт бойынша белгілі бір нәтижелер байқалуда. Мысалға, бизнес саласының өзекті мәселелерінің 65 пайызы шешімін тапқан. 2016 жыл аясында Ұлттық палата нормативтік-құқықтық актілердің 4930 жобасына қатысты сараптама жүргізіп, оның ішінде 57 заң жобасы тұжырымдамасы, 83 заң жобасы, 2338 Үкімет қаулысы, мемлекеттік мекемелер бұйрықтары болып отыр.

Шағын және орта бизнесті шағын несиелеу бағдарламасы табысты жүзеге асып, агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге басымдық берілуде. Дуальдық оқыту жүйесі енгізілуде. Бұл жерде 22009 оқушыны өндірістік оқытуға қатысты 2190 шарт жасалып, кәсіпорындар мен 8 салалық қауымдастық жанынан біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау жөнінен 65 оқу орталығы құрылған.

Тағы бір маңызды жайт, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіби стандарттарды бекіту қызметі табысталып, өткен жыл басынан 200-ден астам кәсіби стандарт жобасы қарастырылған. Мамандарды салалық сертификаттаудың 5 жылдық жоспары әзірленіп, іске асырылуда. 2 сертификаттау орталығы аккредиттеуге дайын.

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қолға алынып, кәсіпкерлікке тегін оқыту негізінде, Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 3141 адам көкжиегін кеңейтті. Мобильді оқу орталықтары секілді жаңашыл қадамдар, ауылдық жерлердегі халықты тереңінен қамтуға мүмкіндік бермек. Жұмыспен қамту орталықтарында жедел желілер іске қосылып, бағдарлама қатысушыларын жұмысқа тұрғанша немесе жеке бизнесін алып кеткенше қолдау көзделуде. 

2705 млн теңгелік сомадағы 563 өтінім қаржыландырылып, 2544 жұмыс орны пайда болған. Бұл жобалар мал және өсімдік, балық шаруашылығы, бал арасы, құс шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, халыққа қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану тәрізді экономика саласының кең ауқымын қамтуда.

Жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау тұрғысында, 43397 кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, 57697 сервистік қызмет иесін тапқан. Тыңнан енгізілген «тәуелсіз салалық сарапшылар» институты, 250 млн теңгеден асатын сатып алулардың тендерлік құжаттар жобасын жасауға атсалыспақ.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Самұрық-Қазына» қорының бірлескен жұмысы барысында, 2014 жылдың 1 тамызы мен 2016 жылдың 1 желтоқсаны аралығы, ҰКП күш салуымен отандық тауар өндірушілермен 500 млрд теңгеден астам сомада 1541 ұзақ мерзімді шарт жасалған.

ҚР Президентінің мемлекеттің ел экономикасындағы үлесін 2020 жылға қарай 15%-ға азайтуға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында, 88 млрд теңгелік 364 ұйым бәсекелестік ортаға берілді. Дегенмен, аталмыш үдеріс әлі қарқын алып кеткен жоқ. Жекешелендіру бағдарламасының басты бөгелу себебі ретінде, Тимур Құлыбаев, қаржыға қолжетімсіздік мәселесін атады. Бұл түйткіл Үкіметтің, қаржы институттарының және тиісті мемлекеттік құрылымдардың көмегімен тарқатылу үстінде.

Өткен жылғы маңызды міндеттер шеңберінде, экспорттық-импоттық операцияларды оңайлату, дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін дамыту тармақтары атқарылды.

2016 жылдың 30 қарашасындағы «ҚР салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда салықтық және кедендік дауларды апелляциялық реттеу баптары қайта сүзгіден өтті. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің тексеріс нәтижесі жайлы ескертулерге кәсіпкерлер түсіретін шағымдарды қарастыру бойынша баптар алынып тасталды. Бизнесмендер арызын тиісті министрлік жанынан құрылған апелляциялық комиссия екшеуге кіріспек.   

2017 жылы, ҰКП, кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы аясында, елдегі бизнес ахуалын жақсарту бойынша өткен жылы басталған жұмысты жалғастырмақ. Осылайша кәсіпкерлік белсенділік те көтеріле түспек.

Баяндаманы мұқият тыңдап өткен Елбасы бизнесті қолдау жөнінде Үкімет мақсатты түрде тұрақты жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті.

«Заңнамалық актілерге дер кезінде өзгерістер енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, тексеруші мекемелер саны қысқартылды, жоспарлы тексерістер алынып тасталды. Кәсіпкерлер заңнамалық үдерістерге белсене атсалысып келеді, бұл елдің ішкі жалпы өніміндегі бизнестің үлесін арттыруға ықпал етуге тиіс», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ,  Президент елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет қабылдап жатқан шараларға бизнес өкілдері тарапынан лайықты қайтарым болуға тиіс екеніне назар аударды.

«Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен қолдауға бизнестің жауап беретін кезі келді. Азаматтарды кәсіпкерлік саласына тұрақты түрде тартып, ел экономикасындағы олардың үлесін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Палата басшылығы қазіргі уақытта шағын және орта бизнес үлесі ішкі жалпы өнімнің 25%-ын құрап, онда 3 миллионнан астам адам жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. 2016 жылы 11,2 трлн теңгенің өнімі өндірілген, бұл – 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6%-ға артық. Абылай Мырзахметов Елбасының тапсырмасы бойынша рұқсат беру және бақылау-қадағалау саласында ревизиялық жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның нәтижесінде рұқсат беру құжаттары айтарлықтай азайтылып, жоспарлы тексерістер алынып тасталды.

«Бас прокуратурамен, Парламент депутаттарымен бірлесіп, қазір шағын және орта бизнес қызметінің түрлі саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қайта қарастырудамыз», – деді Басқарма Төрағасы.

Бұдан бөлек, Ұлттық палата басшылығы, отандық кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыру және тиімдірек ете түсу үшін мобилді қызметтер қалыптастыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер