«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Табысты сауданың бүгінгі келбеті

2017 жылғы 23 Қаңтар
- Алматы қаласы
8689 просмотров

Сарапшылар сауданың заманауи әдістері туралы айтты

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Маркетологтар клубында келелі басқосу өтті. Ірі компаниялардың пиар мамандары мен маркетологтарға, жеке кәсіпкерлер мен жақында бизнес әлеміне қадам басуды жоспарлап жүрген жандарға айына бір рет білікті мамандармен кездесуге мүмкіндік туды.

Осы жолғы тренинг тауарды ғана емес, алдымен, өзін «сатуға», яғни жақсы әсер қалдырып, өзін тұлға, сарапшы және білікті маман ретінде танытуға арналды. Шақырылған спикерлер де осал адамдар емес. Олар: Валентина Григорьева (менеджмент бойынша тәуелсіз кеңесші, коммуникация, көшбасшылық және басқару машықтарын үйрететін бизнес-тренер, Қазақстанға, Ресейге, Украинаға, Орталық Азия елдеріне, Румыния мен Македонияға жобалар енгізуде 10 жылдық тәжірибесі бар маман) мен Виктор Елисеев («Dentsu Aegis Network Kazakhstan» коммуникациялық агенттіктер тобының басқарушы директоры, продюсер, жазушы, жеке брендинг бойынша сарапшы, Қазақстанның Еуропалық бизнес-қауымдастығы Маркетинг және PR комитетінің тең төрағасы, ұлттық телевизиядағы «Суперажешки», «Я - шопоголик», «Дом-Весы», «Метро», «Мега караоке» сынды жобалардың идея авторы және продюсері).

Валентина Григорьева берген кеңестер бойынша, сауда қарапайым нәрселерді түсінуден басталады. Клиентіңнің кім екенін түсіну, оның психикалық келбеті мен сауда жасау кезіндегі көңіл-күйін зерттеу – клиенттің сырын ашып қана қоймай, оны тұрақты клиентке айналдыруға көмектеседі. Ережеге сай, олар өнім, оның бағасы, оны қолдану (оны бір жылдан соң да қолдануға бола ма, балаларға ше?), сатушы (ол сенім ұялата ма?) туралы мағлұмат білуі керек. Тұлғаны тез арада анықтау үшін Франклин Эрнстің тамаша әдісін қолдануға болады.

Оның пікірінше адамдарды 4 типке бөлуге болады: өзін-өзі бағаламайтындар («балалар» типі, қандай тауар қажет екенін, оны қандай бағаға іздеп жүргенін білмейді, таңдауға көмектесуді сұрайды), үмітсіз торығу (олар үшін бүкіл әлем қара түсті: сапасы күдік тудырады, бағасы тым қымбат, бүкіл қоғам да, үкімет те нашар), тәкаппар үстемдік (мен ғанамын, қалғандары менің көлеңкем, тауар туралы бірдеңе білесіз бе өзі? басшыларың кім, шақырыңдар!) үйлесімді тұлға (көп ойланбастан тауарды таңдап, сатып алады, не керек екенін біледі, өз таңдауына толықтай жауап береді). Әрбір клиент көңіл-күйіне, өмір жолына қарай бір сатыдан екіншісіне көшіп отырады. Әр психотоптың тілін таба білу керек. Сонымен қатар, сөйлесу арқылы әрбір типті үйлесімді тұлға деңгейіне шығаруға болады. Ол үшін әңгімелесу кезінде қолдау таныту қажет, сөзіне құлақ асып, дауласпай, сатып алу тақырыбына қарай біртіндеп өтіп, тауар туралы, оның сапасы мен кемшіліктері туралы айтып, баламасын ұсынып, чек шығару қажет.

«Бұл үшін білікті маман болу қажет. Сіз өз тауарыңызды 100% біліп, өз балаңыздай жақсы көруге тиіссіз! Осы әдісті пайдаланған кезде, тауарлар сөрелерде көп жатып қалмайды. Бірақ клиентпен келісу үшін емес, сату үшін келісесіз», – деп атап өтті Валентина Григорьева.

Жоғарыда аталғандармен қатар, бүгінде сауда-саттықта жеке бренд кеңінен танылып келеді. Танымал, табысты адамдарға еліктеуге деген талпыныстан қоғам көп ойланбастан, «жұлдыздар» сатып алатын дүниелерді сатып алады. Мысалы, солардікіне ұқсас джинсы, сағат немесе көлік. Бүгінгі таңда жеке атыңның көмегімен кез келген дүниені сатуға болады, деп есептейді Виктор Елисеев. Оның «Dentsu Aegis Network Kazakhstan» коммуникациялық тобы Қазақстан Республикасының жыл сайын өткізілетін Ұлттық бизнес-рейтингісінде «Сала көшбасшысы-2016» атағын жеңіп алған. Виктордың өзі де еңбек жолын журналистік кәсіптен бастаған, сондықтан пиар-ортадағы «есімнің» не екенін бір кісідей біледі. Оның үстіне, қазіргі уақытта әлеуметтік желідегі жарнамалардың мүмкіндіктері шексіз болып келеді.

«Өзіңнің жеке брендіңді жасау үшін, сіздерге мысалдар (сіздің салаңыздағы, яғни аспаздың немесе актердің, не болмаса, спортшының атаққа қалай жеткенін зерттеңіз), аудитория (сіздің клиенттеріңіз кім), ақша (кіріс пен шығындарды есептеңіз), оқу (кәсіби білігіңізді жетілдіріңіз, көп оқыңыз), көшбасшылық (өз салаңызда бірінші, үздік болуыңыз) қажет. Бүгінде танымал болу үшін қомақты қаражаттың қажеті шамалы. Талантты болып, видеоңызды ютубке жүктеп, есіміңіз арқылы ақша табуға болады. Видеоларыңыз біраз қаралған соң, сіздің парақшаңызға жарнама берушілер де кіреді. Ғаламдық желіні қолданушылардың барлығы бақылауда. Сіздің тінтуірді неше рет басқаныңызды, нарықтық жағдайды талдап отырған ютубтің жүздеген маманы зерттеп отыр. Интернет табысқа тез арада жетуге мүмкіндік береді, ендеше оны пайдаланып қалыңыз!», – деп Виктор Елисеев жиылған жұртшылықтың делебесін қоздырды.

Виктор Елисеев ұсынған мәлімет бойынша, Қазақстан халқының 86%-ы интернетті пайдаланады. Аудиторияның ең жедел өсетін сегменті – аға буын (7 млн адам). 6,2 млн адам мобильді қолжетімділікті пайдаланса, 6,7 млн адам онлайн-видео көреді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер