«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салық талабы мерзімін қысқартқан жөн

2017 жылғы 18 Қаңтар
15233 просмотров

Мәжіліс депутаттары бизнеске қатысты қосымша салықтық тексеру ережелерін өзгерту қажет дейді

Төменгі палата өкілдері Қазақстан Үкіметіне салық дауларына қатысты, жалпы бекітілген 3 жылдық талап қою мерзімін бекіту туралы ұсыныс жасады. Мұндай депутаттық сауалды, бүгін, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутат Меруерт Қазбекова жолдады.

Аталған ұсыныстың тууына бірден-бір себеп болған жағдай – «салық мәселелеріне арналған Үкімет сағаты барысында ҰЭМ басшылығымен арада орын алған пікірталас» (отырыс биылғы жылдың 16 қаңтарында өтті – авт.), деп тоқталды мәжілісмен. Депутат, өз кезегінде, Салық кодексінің 46 бабына сәйкес, салыққа қатысты талап қою мерзімі 5 жылды құрайтынын атап өтті. «Салық органдары үздіксіз жүргізіп отыратын тексерістерден кейін де, кәсіпкер өзін жайлы сезіне алмайды. Себебі, осыдан 5 жыл бұрын бірнеше рет мақұлданған есебінде немесе 5 жыл бұрын келісімшарт жасасқан, бұрынғы серіктесіне қатысты қандай да бір заңбұзушылық орын алмасына кім кепіл? Ал, кәсіпкер осының салдарынан тағы да қосымша салықпен қатар, 5 жыл бойы айыппұл мен өсімақы төлеуге мәжбүр болмақ», – деп атап өтті пленарлық отырыста Меруерт Қазбекова.  

Депутат, сонымен қатар, салыққа қатысты талап қою мерзімі «осы қалпында» сақталатын болса, «мәселенің орын алуына дейінгі айыппұлдар мен өсімақы сомасы, осыған дейінгі төленген салық сомасына тең болатынын, сол кезде тіпті, «салықты екі есе емес, үш есеге төлеуге» тура келетінін» тілге тиек етті.  

«Бұл бизнеске қазыналық тұрғыдан қысым жасап, кей жағдайда, тіпті, кәсіпорынның жабылып, азаматтардың жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады», – деп өз пікірімен бөлісті Парламент мүшесі.  

Бұдан бөлек, депутаттық сауал авторы, салық заңдарына да баса назар аударды. Ол өз кезегінде, «отандық кәсіпкерлердің Еуразиялық экономикалық одақ көлеміндегі бәсекелестеріне, салыққа қатысты талап қою мерзімі жеңілдетілгенін» айтты.

«Мәселен, Ресей Федерациясы Салық кодексінің 113 бабына сәйкес, салыққа қатысты талап қою мерзімі 3 жылды құрайды және бұл заңмен бекітілген ереже. Ал, кей жағдайда, кәсіпкердің қалауымен, мысалы, ҚҚС қайтарған кезде, 5 жылдық мерзім де қолданылады. Осы арқылы Ресей Федерациясы кәсіпкерлеріне, Қазақстандағы әріптестеріне қарағанда, әлдеқайда қолайлы жағдайлар жасалған», – деп тоқталып өтті Меруерт Қазбекова.

Депутат, сондай-ақ, Үкімет сағаты барысында, «Қаржы министрлігінің салық дауларына қатысты талап қою мерзімін 5 жылдан 3 жылға қысқартудан бас тартуы, отандық бизнес-қоғамдастық тарапынан түсініспеушілік тудырып отырғанын» мәлімдеді.

Сонымен қатар, депутат, салық дауларына қатысты 3 жылдық талап қою мерзімін бекітуге жөнінде тағы бір ұсынысын ортаға салды. «Ал, салық төлеушінің өзі, мысалы, ҚҚС қайтарған уақытта ұзақ мерзімге тексерту жүргізу туралы өтініш білдірген жағдайда, оларға ондай құқық беруге болады. Бірақ ол міндетті түрде, салық органдары тарапынан емес, кәсіпкер тарапынан ұсынылуы тиіс», – деп қорытындылады депутат.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер