Жасырын қаржы жарыққа шықты. Ол енді ел экономикасына жұмыс істеу тиіс
Бұл ретте құзырлы органдар жаппай тексерістер орын алмайды деп сендіріп отыр
Триллиондаған қаржы мен ауқымды қамту – бұл бүгін Қазақстан Үкіметі отырысында мүлік және қаржыны заңдастыру қорытындысы бойынша қаралған басты мәселелер болды. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атап өткендей, акцияға барлығы 140 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 5,7 трлн теңге – оның ішінде, ақшалай 4,1 трлн теңге, ал мүлік түрінде 1,6 трлн теңге заңдастырылған. 151 мыңға жуық жылжымайтын мүлік нысаны және заңды тұлғалардың қатысуымен 213 нысан заңдастырылған. Қаражатты заңдастыру мақсатында 11 821 шот ашылған.
«Ел ішінде 5 трлн теңгенің және шетелде 700 млрд теңгенің активтері заңдастырылды. Олардың ішінде 614 млрд теңге ақшалай болса, 70 млрд теңге мүліктің үлесі болып табылады», – деді қаржы министрі. Заңдастыру көрсеткіштері бойынша алдыңғы саптан Алматы қаласы көрінген. Онда 3 трлн 981 млрд теңге заңдастырылса, Астанада 533 млрд теңге, Алматы облысында 390 млрд теңге заңдастырылған.
Сонымен қатар, отандастардың «жасырын қалған» қаражаттары мен мүліктері орналасқан елдердің географиялық картасы да назардан тыс қалмады. Олардың қатарында 32 ел бар – Австрия, Армения, Болгария, Белиз, Ұлыбритания, Венгрия, Виргин аралдары, Германия, Гонконг, Грузия, Испания, Италия, Қытай, Кипр, Қырғызстан, Латвия, Литва, Лихтенштейн, БАӘ, Ресей, АҚШ, Сингапур, Тайланд, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Чехия, Швейцария, Украина, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея.
Бақыт Сұлтанов, өз кезегінде, ҚР-дағы 151 мың заңдастырылған мүліктің ішіндегі 9,5 мың нысан коммерциялық мүлік ретінде тіркеуге алынғандығын мәлімдеді. Нәтижесінде, «бұл мүлікке салынған салық көлемін жылына 800 млн теңгеге арттыруға мүмкіндік береді». Сонымен қатар, заңдастыру айналымына 4,1 трлн теңгені тарту «салықты жылына 150 млрд теңгеге дейін көбейтуге жол ашады». «Бұл есеп айырысу мүмкіндігі болып табылады. Яғни, экономикаға триллиондаған қаражат құйылды. Ол қосымша тұтыну мен инвестициялық сұранысты тудыруға септігін тигізді және елдің ішкі жалпы өнімін арттырып, сол арқылы салықтар төленіп жатыр», – деп тоқталды министр. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1,9 трлн теңге бүгінгі күнге дейін банк шоттарында жатқан көрінеді. Ведомстводағылар «ол қаражат банктердің қосымша қорлары әрі экономикаға несие беру көзі болады» дейді. «Заңдастырылған қаражаттың 2,2 трлн теңгесін азаматтар банк шоттарынан алған. Олардың барлығы дерлік инвестицияға немесе қорға жұмсалды. Заңдастырылған мүліктің 1,6 трлн теңгесі – несие алуға қажет мүдделі кепіл мүлігі болып табылады», – деді Бақыт Сұлтанов.
Заңдастырылған кезеңнен кейінгі жұмысқа тоқталып өткен қаржы министрі, аталған кезеңді маңызды деп атап өтті. Ведомство басшысы «бұл кезең қаражаттың көлеңкеде қалуына жол бермей, экономикаға жұмыс жасауына жол ашады» деді.
«Біріншіден, ол заңмен бекітілген кепілді ұсыну болып саналады. Жауапқа тартпау туралы ережелер мен ерекшеліктердің барлығын салық және өзге де мүдделі органдар бұлжытпай сақтауы тиіс», – деп атап өтті министр.
Қаржы министрлігі, сонымен қатар, «әлемдік» кірістерді, азаматтардың мүліктерін, шетелдік құзыреттерді бақылауды одан әрі жалғастыратынын» жеткізді. «Біз бұл туралы бірнеше мәрте мәлімдедік және оны жүзеге асыратын бірқатар тетіктер де бар. Естеріңізде болса, жыл басынан бастап Салық кодексінің кез-келген шетелдегі мүлікті міндетті түрде декларациялау туралы ережесі өз күшіне енген болатын», – деді Бақыт Сұлтанов. Министр өз кезегінде, «қолданыстағы заң азаматтарды шетелден алған кірістерді декларациялауға міндеттейтінін» кесіп айтты. Оған дәлел ретінде, Бақыт Сұлтанов, 2015 жылы, қазақстандықтардың 700 млн АҚШ долларын құрайтын шетелдік кірісі декларацияланғанын жеткізді. «Сондай-ақ, ратификацияланған салық конвенцияларын қолдану да оң нәтиже берері сөзсіз», – деп түйіндеді Бақыт Сұлтанов.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: