«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға басымдық беріледі

2016 жылғы 20 Желтоқсан
23102 просмотров

Қазақстан экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы мемлекетке айналуы мүмкін

Өзін де қамтамасыз етіп, экспортқа да шығару

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің сыртқы нарықтағы даму келешегі зор.

Қазақстанның аграрлық саласын тұрақты дамып жатқан әрі әлеуеті зор, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған, сонымен бірге азық-түлік тауарларының және шикізаттың негізгі түрлерімен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп отырған сала ретінде сипаттауға болады.

Ауылдық жерлерде жалпы тұрғындардың 43 пайызға жуығы өмір сүріп жатыр. Сонымен қатар аграрлық сектор жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын құрап отыр.

Саланың дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіш ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімдер көлемінің физикалық индексі (КФИ) болып саналады. 2015 жылы ауыл шаруашылығының КФИ – 103,4%-ды, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 104%-ды, ал мал шаруашылығы – 102,7%-ды құраған.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлеміндегі өсімдік шаруашылығының үлесі 55%-ға тең болған.

Ауылшаруашылық дақылдарының егіс алқабы соңғы 5 жылда шамамен 21 млн гектарды құраған. Бұған қоса, егіннің айтарлықтай үлесі бидайға бөлінген. Бірақ монодақылдардан бастап, өзге де дақылдар егілетін алқаптардың ауданын ұлғайтуға бағытталған өсімдік шаруашылығын әртараптандыру саясатының арқасында 2011 жылы бидай алқабы 13,8 млн гектар болса, 2015 жылы 11,8 млн гектарға дейін қысқарған. Осы жылдар ішінде арпа алқаптарының ауданы 37,6%-ға, сұлы алқаптары 45,2%-ға, тұқымдыққа егілетін жүгері алқабы 41,0%-ға, майлы дақылдар 10,7%-ға, жем-шөп алқаптары 40,8%-ға, көкөніс-бақша дақылдарының алқаптары 19,2%-ға, картоп егістіктерінің ауданы 3,4%-ға дейін қысқарды. 

Соңғы 5 жыл ішінде астықтың орташа жылдық түсімі 18,8 млн тоннаға тең болған. 2006-2010 жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10,1%-ға өскен. Сондай-ақ астықтың орташа өнімділігі 12,3 ц/га құрап отыр.

Жыл сайын республикада ылғал ресурстарын сақтау технологияларын қолданатын алқап аудандары артып келеді, суарылмалы егін шаруашылығының проблемаларын шешу жөнінде шаралар қабылданып жатыр, тамшылай суару технологиясына негізделген жеміс-көкөніс дақылдарының өнімі артуда.

Жабық топырақ құрылыстарының ауданы 2015 жылы 967,8 га болса, жылыжайда өсірілетін көкөністердің жалпы өнімі 147,7 мың тоннаны құрады, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 120 мың тоннаға артық. Маусымаралық кезеңде тұрғындардың жылыжай көкөністерімен қамтылуы 60%-ға жетті.

2015 жылы картоп егілетін алқаптың ауданы 190,6 мың гектар болып, жалпы өнім көлемі – 3 521,0 тоннаға тең болды. Бұл, сәйкесінше, 2011 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,4%-ға және 14,5%-ға артық. Бұл тұста, ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілері өндіретін картоп толығымен қала базарларына, тұқымға және экспортқа жіберілуде.

2015 жылы жеміс-көкөніс дақылдары мен жүзімдіктер ауданы 57,5 мың га болса, олардың жалпы өнімі 280,2 мың тонна болды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 5,3%-ға және, тиісінше, 19,2%-ға артық.

Көрсетілген көлем республика тұрғындарының қажеттіліктерін 54%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, тапшылық импорттық өнімнің есебінен жабылады.

Мал басын көбейту қажет

Қазақстан – мал шаруашылығын дамытуға қолайлы ел. Мұнда көптеген табиғи жайылымдық жерлерді орынды пайдалану арқылы көп шығын жұмсамай-ақ, бәсекеге қабілетті әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге болады. Ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнімдердің 45%-ы мал шаруашылығы саласына тиесілі.

Мал басының жыл сайынғы өсу қарқыны 5%-ға тең. Бүкіл әлем бойынша жыл сайын экологиялық таза өнімге деген сұраныс артып келеді. Сондықтан бұл тың нарықты қолға алу арқылы қазақстандық өндірушілердің табысқа жетуге мүмкіндіктері бар. Ал бұл үшін мүмкіндіктер мен резервтер өте көп. Бүгінгі күні Қазақстанда ауданы 180 млн гектар болатын табиғи жайылымдардың тек 40%-ы ғана пайдаланылуда. Бұл малшаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Тұтас алғанда, республиканың ішкі нарығы ауыл шаруашылығының негізгі түрлері бойынша өзін өзі қамтып отыр және экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асыруға әлеуеті жетеді. Елде өндіріс көлемін ұлғайту бойынша айтарлықтай резервтер бар. Сонымен бірге, Қазақстанның айналасында үздіксіз ұлғайып отыру тенденциясына ие өте үлкен өткізу нарықтарының болуы да бұл үшін қолайлы фактор болып отыр.

Ас атасы – нан

Бүгінгі таңда еліміздің негізгі экпорттық позициямыз бидай мен ұн болып отыр.

Қазақстан экспортының қосымша негізгі позициялары ретінде, біріншіден, көкөніс дақылдарын атауға болады. Бүгінде республикамыз пияз, қызылша, қияр, томат және картоп секілді көкөніс дақылдарының экспортын ұлғайту бойынша үлкен мүмкіндіктерге ие.

Ет өнімдері

Тағы бір басымдық берілген экспорттық позиция – ет. Бүгінде Қазақстан 900 мың тоннадан астам ет өндіреді, осы бағыт бойынша үлкен экспорттық әлеуетке ие. Бүгінде барлық мал басы мен өнімділікті арттыруға еліміздің зор мүмкіндігі бар. Ал мал шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарының сыйымдылығына келер болсақ, ол елдің ішкі нарығында да, шекаралас мемлекеттер бойынша да жеткілікті.

Осылайша, елдің агроөнеркәсіптік кешені үлкен әлеуетке ие болғандықтан, оның сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. Өз ауылшаруашылық өнімдерін әлемдік бағамен сата отырып, біз өзіміздің шикізаттық өндірісімізді ынтыландырамыз, өңдеу кәсіпорындарының өндірісін арттырамыз. Жолға қойылған экспорт каналдары, ақыр соңында, біздің ауыл шаруашылығымызды дамытып, қайта өңдеуді жаңа белеске шығаратын факторға айналады.

Бұл бағыт бойынша етті мал шаруашылығын, жем-шөп өндірісін дамыту, жем-шөп дақылдарын егетін алқаптарды ұлғайту, жайылымдық ресурстарды басқару, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту, ветеринарияны ұйымдастыру жүйесін жетілдіру және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар күшейтілді.

Мемлекет нәзік жүн өндірісін басымдық берілген инвестициялық бағыттар қатарына қоса отырып, оны дамытуға үлкен мән береді.

Қалдықсыз өндіріс

Сонымен бірге, Қазақстанның экпорттық позицияларының бірі – былғары шикізаты. Республикада мал көп сойылатындықтан, оның мөлшері көп. Сондықтан біздің аграрийлер былғары шикізатын ары қарай өңдеу үшін, оны өзара тиімді шарттарда жеткізуге дайын. Сонымен бірге, экспорттық жеткізілімдердің қажетті көлемдері ғана емес, олардың сапасы да қамтамасыз етіледі.

Қазақстанда осы бағытта өндірілетін мал шаруашылығының сапалы сипаттамаларын жақсарту жөнінде түбегейлі қадамдар қолға алынады. Тиісті бағдарламаларды жүзеге асыру есебінен, қолда бар мал басын асылдандыруға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, асыл тұқымды малдарды импорттау, асыл тұқымды репродукторлар құру және бұл малдардың санын жеделдете көбейтуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу де республиканың агроөнеркәсіптік кешенінің негезгі бағыттарының бірі саналады және ол тиімді дамудың әлеуетті мүмкіндіктеріне ие.

Тағамдық өнімдер құрылымында негізгі үлесті бидай өңдеу (22,3%), сүт өндірісі (16,7%), нан-тоқаш өндірісі (15%), ет өңдеу (13,6%), майлы дақылдар (7,9%), жеміс-көкөніс (7,6%) және өзге де салалар (16,9%) алып отыр.

Бұл тұста жыл сайын елге терең өңдеуден өткен ауылшаруашылық өнімдері үлкен көлемде импортталады. Бұл Қазақстан үшін қайта өңдеу өнеркәсібін дамытатын қосымша әлеует болып отыр. Елдегі ауылшаруашылық шикізаттарын өңдеу және тағам өнеркәсібі саласында сыртқы саудалық тауар айналымының көлемі 2015 жылы 3,2 млрд. АҚШ долларын құрады.

Анағұрлым жоғары технологиялық өндірістер де импорт үлесінің көп бөлігін алып отыр. Соңғы бес жыл ішінде ірімшік пен сүзбенің (51%), шұжық өнімдерінің (46%), ет пен консервілердің (40%), сары майдың (36,4%), қант (42%) секілді өнімдердің импорттағы үлесі артқан. Ал қант қамысын есепке алғанда импорт 97%-ға, жеміс-көкөніс консервілері 84%-ға жеткен.

Сонымен қатар қант зауыттарының өндірістік қуаты 37,1% болса, бұл көрсеткіш жеміс пен көкөністерді қайта өңдеу саласында 27%, майлы дақылдар кәсіпорындарында 45-50% болған. Өндірістік қуаттылықты арттыруда сапалы шикізаттың тапшылығы тұтас қайта өңдеу өнеркәсібі үшін қолбайлау болып тұр. Жарма мен ұн өндірісі ішкі тұтыну толығымен қамтамасыз етеді.

Балық шаруашылығы да күнтәртібінде

Елдің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды құрамдас бөлігі – балық шаруашылығы. Біздің тоғандарымыз бекіре, алабұға және балықтың басқа бағалы түрлеріне бай. Инвестицияны осы салаға тарту, сондай-ақ балық ресурстарын көбейту және қорғау жөніндегі жұмыстарды жақсарту мақсатымен тоғандар мен балық аулайтын орындарды табиғат пайдаланушыларына 10-нан 49 жыл аралығындағы ұзақ мерзімге пайдалануға беріліп келеді.

Кез келген бизнестің табысты және сәтті жүзеге асуы, ең алдымен, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылыққа, мемлекеттің болжалды түрде жүзеге асатын іс-әрекетіне, заңнамалық базаның айқындылығына және кәсіпкерлік бастаманы қолдау дәрежесіне байланысты болмақ. Осы тұрғыда Қазақстанда атқарылып жатқан шаралар аз емес, шетелдік инвестицияны қолдау туралы мемлекеттік саясат толығымен осыған бағытталған. Бұған бүгінде ел экономикасының әртүрлі секторларында жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар да куә болып отыр.

Экономиканың аграрлық секторының қолданыстағы заңнамалық базасы, ең алдымен кәсіпкерлік бастамасы бар тауар өндірушілерді қолдау және қорғауға бағытталған халықаралық тәжірибе нормаларына, нарықтық экономика талаптарына толығымен сәйкес келеді.

Мұның барлығы агробизнестің тұрақтылығының кепіл беріп қана қоймай, сонымен бірге ауылдағы тауар өндірушілердің сенімді жұмыс  жасауына негіз болмақ.

Қазақстан әлемдік экономикамен тығыз байланыса отырып, ашық экономиканы құруға бағытталған стратегиялық бағытты таңдаған болатын. Енді, міне, өзінің дұрыстығы мен аса өміршеңдігін дәлелдеп берді. Экономиканың аграрлық секторы кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырды. Ал бұл елдің заманауи әрі бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешенін құруға, оның экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуға және ауыл тұрғындарының экспорттық мүмкіндіктері мен тұрмысын жақсартуға ынталандырады.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында қолжетімді несие ресурстарымен қамтамасыз ету, несие ресурстарының мөлшерлемесін арзандату, халықаралық стандарттарға өту, өткізу нарықтарын көбейту, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен техникалық реттеу саласындағы заңнамаларға бақылауды күшейту, жүйені ұйымдастыру, шикізатты тасымалдау және сақтау жөніндегі шаралар қабылданады.

Жоспар бойынша жұмыс істеу

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытатын мемлекеттік бағдарлама жобасы жасалып жатқаны белгілі.

«Атамекен» ҚР ҰКП салалық қауымдастықтармен, одақтармен бірлесіп аталған мемлекеттік бағдарламаны жасауға белсенді түрде қатысады. Ұлттық палата Ауыл шаруашылығы министрлігіне бизнес-қоғамдастықтың жобада көргісі келетін бірқатар ұсыныстарын жолдады. Олар жобада мемлекеттік қолдау шараларын күшейтіп, Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуына және ауылдағы өндірісті дамытуға, сонымен бірге ауыл экономикасына инвестиция құюға ниетті жандар үшін бағдар болмақ. Бұл, өз кезегінде, саланың дамуына сеп болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер