«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қоғамдық келісімді сақтауда кәсіпкерлер де табысты

2016 жылғы 12 Желтоқсан
7914 просмотров

Елбасы 3 театрға академиялық мәртебе берді

«Сарыарқа» велотрегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» фестивалі болып өтіп, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.   

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, қоғамда бірлікті, келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, мемлекетті дамытудағы Ассамблеяның маңызы мен рөлін атап көрсетті, сондай-ақ кәріс, неміс және ұйғыр ұлттық театрларына академиялық мәртебе беру туралы шешімін жариялады.  

«Мемлекет барлық этномәдени бірлестіктерді үнемі қолдап келеді, балалар үшін мектептерді қаржыландырып, ана тілдерін оқытады. Біздің газет пен журналдарымыз он бес тілде, ал театрларымыз алты тілде сөйлейді. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана бар, басқа елдерде жоқ. Бүгін осы фестивальде үш ұлттық театрға – кәріс, неміс, ұйғыр театрларына еліміздің академиялық театрлары дәрежесін беру туралы шешімімді жариялаймын», – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Фестиваль барысында ҚХА-ның жалпыреспубликалық жобалары: балаларға мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Мың бала» жобасы мен «Қайырымдылық керуені» республикалық қайырымдылық акциясының қорытындылары шығарылды. Осы орайда қарағандылық белгілі кәсіпкер, білім саласының жанашыры, мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков барша меценаттар атынан Елбасыға алғысын жеткізді.  

Фестиваль шеңберінде этномәдени бірлестіктердің көркемөнер және кәсіби шығармашылық ұжымдарының театрлық,   вокалды-хореографиялық қойылымдары мен би  композицияларынан тұратын, этномәдени бірлестіктердің  «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» театрландырылған көрсетілімі қойылды.    

Онда Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жетістіктері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық институтының бірегейлігі, қоғамның үйлесімді дамуының халықаралық эталоны ретінде танылған Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік үлгісі көрініс тапқан.     

Қойылымдарды көрсетуге этномәдени бірлестіктердің 47 шығармашылық ұжымы қатысып, көрермен ризашылығына бөленді. 

Құрметті қонақ ретінде фестивальға Кеңес одағының батыры, Ингушетияның алғашқы президенті Руслан Аушев, кеңестік және ресейлік композитор Александр Зацепин және балет әртісі, олимпиаданың бес дүркін чемпионы, әйгілі кеңестік гимнасшы Нелли Ким, балетмейстер Азарий Плисецкий секілді Қазақстан тумалары қатысты. Олардың тағдыры – тарих айнасы.

Азарий Плисецкий – әйгілі Майя Плицескийдің туған ағасы. Ол небәрі сегіз айлығында анасымен бірге Ақмоладағы «АЛЖИР» лагеріне түскен. Көптеген отбасылар секілді, олар да қазақ халқының көмегінің арқасында аман қалды.

«Дәл осында, сіздердің жерлеріңізде аяққа тұрдым. Енді мен оны өзімнің туған жерімдей көремін. Мен өзімді сіздермен отандас санаймын. Мемлекет менің көз алдымда дамып келеді. Біз мұнда 2010 жылы келгенбіз, ал қазір біз жаңа ғимараттар, даму қарқынын көріп отырмыз. Еліме деген мақтаныш сезімі кеудемді кернейді. Нұрсұлтан Назарбаевқа Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін белгілеп, ескерткіш тұрғызғаны үшін алғыс айтқым келеді», – деді Азарий Плисецский.

Шараға Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, барлық облыстардан келген республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенді мүшелері, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен кәсіпкерлер қауымы, жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, шығармашыл ұжымдар, ғылым, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, студенттер мен БАҚ қатысты. 

Жиын соңы асқақ рухты «Атамекен» әнімен аяқталды.

Ұйымдастырушылар фестивальге қатысушылар мен келген қонақтардың жалпы саны 10 мың адамнан асқанын атап өтуде.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер