«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

105 мемлекеттік нысан кәсіпкерлердің қолына өтеді

2016 жылғы 12 Желтоқсан
10002 просмотров

Кәсіпорындар бәсекелік ортаға беріліп, сондай-ақ оларды қайта ұйымдастыру және жабу жұмыстары жүргізілмек

Бастапқыда 1 мыңнан астам ұйым қысқарады, бұл жалпы көрсеткіштің 16%-ы. Екінші кезеңде – олардың тағы 4600-і немесе бастапқы санның 65%-ы қысқартылмақ. Бұл мәліметтерді сейсенбі күнгі Үкімет отырысынды Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов келтірді. «Бірінші кезеңде ұйымдардың саны 1 136 кәсіпорынға қысқарады. Олардың 408-і күн тәртібінде тұр», – деп атап өтті министр. Сонымен қатар олардың 243-ін тарату ұсынылды. Қаржы министрлігінің есебі бойынша, бірінші кезеңнен кейін мемлекет меншігінде «6 мыңға жетер-жетпес кәсіпорын қалады». Жекеменшікке жылдық айналымы 66 млрд теңге болатын, соның ішінде мемлекеттік тапсырыс есебінен 28 млрд теңгеге қаржыландырылатын 105 ұйым өтеді.

Бақыт Сұлтанов бұл нысандардың кәсіпкерлер үшін тартымды болатынын, өйткені олардың қызмет түрі нарықтан ойып тұрып орын алғанын айтты.

«Бұл ауыл шаруашылығы, баспа ісі, туризм, спорт, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, сәулет және тағы басқа салалардағы қызметтер. Күнтәртібінде тұрған 408 ұйыммен қоса, кәсіпкерлер жылдық кірісі 336 млрд теңге болатын, соның ішінде бюджет есебінен 119 млрд теңгеге қаржыландырылатын 513 нысанға қол жеткізеді», – деп сөзін жалғады министр.

Бірінші кезең 2017 жылы басталады деп күтілуде. «Бірінші жарты жылдықта ең тартымды деген нысандар шығарылады, олардың тізімі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде әзірленеді», – деді Қаржы министрі.

Жалпы алғанда, «алдағы екі-үш жылда ұйымдардың саны тағы 4,5 мың мемлекеттік нысанға қысқарып, 1 393-ті құрайды» деп атап өтті министр. Осыған байланысты екінші кезең барысында «жаңа ұйымдастыру сипатын – бюджеттік мекемені» енгізу жоспарланып отыр. Бақыт Сұлтанов өлшемдер Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып әзірленетіндігін айтты.

«Бұл үшін монополияға қарсы органдар жүргізген кешенді салалық талдау қажет. Жаңа ұйымдастыру өлшемдеріне сәйкес келмейтін органдар бәсекелік нарыққа беріледі», – деп хабарлады қаржы министрі.

Тақырыпты тереңінен қозғай отырып, Бақыт Сұлтанов кәсіпкерлердің балабақшаларды басқаруға қызығушылық танытып отырғанын келтірді. Сондықтан Қаржы министрлігінің хабарлауынша, пилоттық жоба елорда мен облыс орталықтарында басталуы мүмкін.

«Жоғары оқу орындарын жекешелендіру бойынша Білім министрлігімен бірлесіп мынандай кесте әзірленді: 32 жоғарғы оқу орны коммерциялық емес және коммерциялық акционерлік қоғамдарға айналады. Бұл жұмыс 2017 жылы басталады, 2020 жылға қарай қосымша акциялар шығару арқылы жеке капитал тартылады», – деді Бақыт Сұлтанов.

Колледждерге келер болсақ, білім туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін, «олар 2018 жылы ірі кәсіпорындар мен университеттердің сенімгерлік басқаруға беріледі». Бұдан бөлек, 2017-2020 жылдары 124 емхананы сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр.

Қаржы министрінің айтуынша, ол үшін мемлекеттік мүлік, білім, денсаулық сақтау туралы заңнамалар мен басқа да құқықтық актілерге түзетулер енгізу қажет. Қаржы министрлігінің өкілдері «бұл шаралар бюджеттік шығындарды да, мемлекеттік активтерді басқаруды да тиімді ететіндігіне» сенімді.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер