«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тимур Құлыбаев: «Жекешелендіру үдерісі әлі де толық қарқын алып кете алмай отыр»

2016 жылғы 08 Желтоқсан
13684 просмотров

Ұлттық компаниялардың сатып алу саласы заңнамалық күшейтуді қажет етеді

Астанада, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынды ашқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, Елбасы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша Палата алдына бірқатар нақты тапсырмалар қойғанын атап өтті. Оның ішінде халықты жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мен жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері бар екенін, сонымен қатар Ұлттық палата тарапына, ауылшаруашылық кооперативтерін көбейту, экспорттық әлеуетті әртараптандыру сияқты агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайттары жүктелгенін айтты. 

«Барлық мәселелер бойынша (бизнес мүддесін қорғауда – ред.) ілгерілеушілік анық байқалады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқармасы Төралқа нұсқаулары бойынша жұмыстар жүргізуде. Осы орайда бір-екі жайтқа тоқталып кеткім келеді», – деп бастаған Тимур Құлыбаев жекешелендіру үдерісі, заңнамалық құзырет қамтамасыз етілсе де, әлі де толық қарқын алып кете алмай отырғанын атап өтті.

«Бұл тұста әкімдіктермен коммуналдық меншікке талдау жасалатынына келіскен болатынбыз. Мемлекет қарауында қалатын нысандардан басқасы бәсекелестік ортаға табысталуы керек. Ең үлкен түйткіл жекешелендіру мәселесін қаржыландыруға келіп тірелетіні аян. Бұл іске әлбетте банктер атсалысқаны абзал, бірақ қайта қаржыландыру мөлшерлемесі тым жоғары. Осыдан барып инвестициялық қызмет пен ұзақ мерзімді шарттар туралы айту қиын. Жеке бизнеске экономиканы әртараптандыруды, жаңа кәсіпорындар іргетасын қалауды қанша жүктегенімізбен, шынтуайтында оларға елде бір-ақ қаржы көзі бар. Ол «Байтерек» қоры. Ал бұл холдинг, белгілі бір себептерге байланысты, квазимемлекеттік салаға басымдық беретіні белгілі», – дей келе Төралқа Төрағасы, қаржыға қолжетімділік жайы қарастырылатын кеңес өткізу туралы ҚР Премьер-министріне  ұсыныс білдірді.   

Квазимемлекеттік саланың сатып алуы мемлекеттік сатып алудан бір жарым есеге асып түсетіні, 5 триллион теңгені құрайтыны мәлім. Ұлттық компанияларда барлық іс-қимылдар  ішкі ережелермен реттеледі. «Самұрық-Қазына» қоры ынтымақтастыққа ашық рай танытқанымен, «Атамекен» тиісті тетіктердің кәсіпкерлерге түсінікті болғанын қалайды. Себебі жергілікті өндірушілерге ұзақ мерзімді уағдаластықтар ауадай қажет. Бұл қадамды жемісті атқарып, жауапкершілікті күшейту, корпоративтік процедураларды жеңілдету үшін Ұлттық палата заңнамаға бірқатар ұсыныстар бермек.

«Атамекен» ҰКП жұмыспен қамту төңірегінде  2017 жылы Үкіметпен бірлесе ауылдық жерлерді шағын несиелеу мен оқытуға айрықша назар аудармақ. Мұнда Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында бизнесті дамытуға бағытталған  «Бастау» бағдарламасының тәжірибесін басқа өңірлерде де өрбітуде оң нәтижеге қол жеткізбек.

Тимур Құлыбаев алдағы уақытта мемлекеттік қадағалау-бақылау қызметтері әлі де түбегейлі өзгеріп, тексеру түрлері қысқаратынына үміт білдірді. 

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер