«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Елшілермен кездесті

2016 жылғы 09 Желтоқсан
10284 просмотров

ҰКП басшысы шетелдік елшілер мен дипломатиялық миссия қызметкерлерін Ұлттық палатаның 2016 жылы атқарған жұмыстарымен және 2017 жылға көзделген қызмет жоспарымен таныстырды

Астанада «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстанда тіркеуден өткен дипломатиялық миссия басшыларымен кездесу өткізді.  

Ұлттық палата жетекшісі бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 10 нақты қадам аясында жұмыс істеп жатқан «Атамекен» ҰКП қызметіне кеңінен тоқталды. Төралқа Төрағасы ҰКП қызметіндегі келесі стратегиялық бағыттардың маңыздылығын атап өтті. Олар: кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, бизнес-ортаны жетілдіру, мемлекеттік қадағалау және тексеру жүйесін жандандыру, эспорттық-импорттық операцияларды жеңілдету.

Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев, Ұлттық палатаның айрықша жобасы – Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына баса назар аударды. Бүгінде карта қазақстандық бизнес өкілдері мен инвесторлар үшін ақпараттық ресурс қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ, оның көмегімен тауарды экспортқа шығарудың мүмкіндігі кеңейіп, қаржы көздерін іздеу жұмыстары жеңілдетілген. Аталған карта аясында қазақстандық кәсіпкерлердің 170 инвестициялық жобасы іріктеліп алынған. Осыған орай, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы («Атамекен» ҚР ҰКП толық еншілес мекемесі) аталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту ісін қолға алмақ.  Тимур Құлыбаев Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшылары мен өкілдеріне, республиканың барлық өңірлерінде бірлескен кәсіпорындар құруға айрықша үлес қосқандары үшін алғыс білдірді.

«Атамекен» басшысы белгілі бір саладағы шетелдік инвестиция құюға ыңғайлы бірқатар нысандарды жекешелендіру мәселесіне тоқталып, бұл ретте бүгінгі таңдағы жекешелендіру екі жолмен жүзеге асырылатынын нұсқады: аукциондарда сату және қаржылық нарық тетіктері арқылы инвесторларға сату. Ірі көлемдегі акция пакеттері Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында өткізілсе, ал қалған мемлекеттік коммуналдық мүлік аукциондар арқылы сатылымға шығарылады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Тимур Құлыбаев барлығына бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету басты мәселе екенін алға тартты. Сол себепті, жекешелендіруге мүдделі шетелдік инвесторлар аталған процеске қатыса алады деді ол.

«Жалпы Қазақстандағы бизнес-орта көрші елдермен салыстырғанда ең үздік орталардың бірі болып табылады. Сондықтан, біздің елде бизнесті жүргізу мүмкіндіктері өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді», – деді ҰКП жетекшісі.

Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Аян Еренов, атқарылған жұмыс қорытындыларына тоқталып өтті. Мәселен, түрлі бизнес-қоғамдастықтардың хатшылығы кейпінде қызмет атқарған Сыртқы сауда палатасы 2016 жылы 12 кездесу өткізген екен. Олардың арасында Ресей Федерациясы, Австрия, Нидерланды, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония сынды белді мемлекеттер бар. Аян Еренов Еуроодақ, Қытай, Ресей, ЕАЭО, Түркия сынды маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастық орнату туралы да ақпаратпен бөлісті.

Бұдан бөлек кездесуде тараптар пікір алмасып, барлық қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесуге қатысушылар соңғы жылы ҰКП бастамасымен бизнес пайдасына шешілген бірқатар оң шешімдер туралы жылы пікір білдірді. Оның ішінде: салық және кеден дауларын сотқа дейінгі аппеляциялық реттеу, әкімшілік кедергілердің барынша азаюы сияқты мәселелер де жолығады.  Сонымен қатар, бизнес-қоғамдастықтар, шетелдік инвесторлар мен бірлескен кәсіпорындардың пікір-ұстанымдары ескерілетін жаңа Салық кодексінің әзірленуі туралы да сөз қозғалды.

Дипломатиялық миссия басшылары, өз кезегінде, ҰКП-ның әкімшілік кедергілерді азайту қызметіне қатысты қызығушылық білдіріп, бақылау және қадағалау органдары тарапынан болатын тексерістерге, бизнес-климатты жақсартуға, шетелдік инвесторлар мүдделерін қорғауға қатысты сауалдар қойды. Сондай-ақ шетелдік әріптестер назарынан салық заңнамасының тұрақтылығы және салық дауларын соттан тыс реттеу жөніндегі мәселелер де тыс қалмады.  

Кездесу соңында Тимур Құлыбаев «Атамекен» және дипломатиялық корпус арасындағы ынтымақтастық одан әрі өз жалғасын табатынына сенім артып, қатысушыларға алғыс білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер