«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Климаттық жағдай көкөніс өсіруге кедергі емес

2016 жылғы 16 Қараша
- Маңғыстау облысы
7203 просмотров

Қазіргі таңда Маңғыстау өңірі ауыл шаруашылық өнімдерінің экспортына тәуелді облыстардың қатарына жатады. Сонымен қатар, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, басқа облыстармен салыстырғанда Маңғыстау облысындағы тұтынушы қоржынының құны айтарлықтай жоғары. Көкөніс, жеміс-жидек, ет өнімдері секілді күнделікті тұтынылатын тауарлар өзге облыстардан тасымалданатындықтан, бағасы қымбат. Сондықтан, жергілікті агроөнеркәсіпті дамытудың өзектілігі айқын көрініп тұр.

Осы мәселе «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атамекен» пікірталас клубының Жаңаөзенде «Маңғыстау өңіріндегі агробизнестің болашағы қандай?» деген тақырыппен ұйымдастырылған отырысында кеңіңен талқыланды. Оған  облыс әкімдігінің өкілдері, «Атамекен» ҰКП басшылығы мен мамандары, Агробіліктілік орталығы,  мемлекеттік органдар, жергілікті бизнес өкілдері қатысты.

Маңғыстау облысында жеке кәсіпкерлік салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіштерге ие. Дейтұрғанмен, бұл ретте өңірдің ауыл шаруашылығы кенжелеп тұрғанын байқауға болады. Мысалы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша елімізде 6 млн 831,2 мың бас ірі қара мал болса, соның тек 15 мыңы Маңғыстау облысында. Бұл өзге облыстармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Мысалы, Қызылорда облысында 279,1 мың, Ақтөбеде – 432,8 мың бас, Батыс Қазақстанда 523,5 мың бас ірі қара бар. Маңғыстау облысында 273,8 мың қой, 60,2 жылқы, 83,3 мың ешкі, 27,1 мың құс бар болса,  өзге облыстарда мал мен құс саны бұдан бірнеше есе жоғары. Бұл бір жағынан түсінікті жайт. Өңірдің табиғаты негізінен түйе шаруашылығына қолайлы, сондықтан да еліміздегі 181,2 мың бас түйенің 50,4 мыңы Маңғыстау облысына тиесілі.

Жылыжай – қысы-жазы егін жай

2015 жылы Қазақстандағы жылыжайлар көлемі 124 гектарға артты. Оңтүстік Қазақстан жылыжай шаруашылығы бойынша көш басында. Бұл өңірдегі жылыжайлардың жалпы аумағы 1000 гектардан асты. Екінші орындағы Алматы облысында 67,3 гектар жерде 399 жылыжай, соның ішінде 26,9 гектарда 12 өнеркәсіптік жылыжай жұмыс істейді. Алматы облысындағы жылыжайлардың 52%-ы – мемлекеттің қолдауымен салынған жоғары технологиялы нысандар. Жамбыл облысында 24,2 гектар, Қарағанды облысында 21,5 гектар аумақта жылыжайлар өнім беруде.

Ал Маңғыстау облысында жалпы аумағы 9 гектарды құрайтын 11 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде өндірістік түрдегі 3 жылыжай 5,8 гектар аумақты алса, 3,2 гектар жерде  фермерлік үлгідегі 8 жылыжай бар. Қарақия ауданында 2 гектар аумаққа жылыжай салу үшін «ӨзенМұнайГаз» АҚ «Сенек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қаржы бөліп отыр, сондай-ақ Мұнайлы ауданында «Агро-Ай-групп» ЖШС 40 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысын бастаған. Ақтау қаласында да аумағы 3 гектар болатын жылыжай салу жоспарланған.

 «Бізге күнделікті тұтынатын азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидектердің барлығы дерлік сырттан келеді. Өзімізде өспейтіндігіне қынжылам. 20 гектар жер алдым, енді ауыл шаруашылығымен айналысып, қызанақ, қияр секілді әрқайсымыздың дастарханымызда тұратын көкөністерді өсіргім келеді. Бұл күнге дейін су тапшылығынан ештеңе өсірілмеген. Су тартылса, жылыжай салынса, құнарлы жерден талай өнім алуға болады», – дейді Маңғыстау облысы агроөнеркәсібінің өкілі Базархан Қанатбаев.

Сонымен қатар шаруа «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасының аясында кәсіпкерлік курстан өтіп жатқан жаңаөзендіктердің ынтасы ерекше екенін, жастардың оқып, ізденіп, жаңа кәсіпті жүргізуді үйренгенетіндіктерін қуанышпен жеткізді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына алғысын жаудырған Базархан Қанатбаев білмегенді үйретіп, жаңа бағытты көрсетіп жатқан мамандарға ауылдастардың ынта-ықыласының зор екенін де жасырмады.

Өнімділік – озық тәжірибеде

Бүгінде елде ауыл шаруашылығына әлемдік озық тәжірибелерді енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, тамшылатып суару әдісі қолданылатын алқаптың көлемі 2005 жылы республика бойынша 160 гектар болса,  2009 жылы 4,2 мың гектарға, 2010 жылы ­­- 10,8 гектарға, 2011 жылы 18,3 гектарға ұлғайып, 2015 жылы 50 мың гектарға жеткен, яғни 300 есеге өскен.

Осы тамшылатып суару технологиясын Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы шаруашылықтар да қолданысқа енгізуде. Айталық, 2015 жылы 247,5 га жерге егін егілді, соның 235,5 гектарында немесе 95 пайызын тамшылата суару әдісі қолданылды. Бұл технология табиғаты қуаңдау, шөлейтті болып келетін Маңғыстау өңірі үшін тиімді екенін Израильдің тәжірибесінен-ақ бағамдай беруге болады. Жері өте жайсыз, суы тапшы осы ел бүгінде жеміс-жидек пен көкөністерін біздерге экспорттап отырғаны мәлім. Демек, тиімді технологияларды дұрыс игеріп, кәсіпкерлікті дамыта білсек, Маңғыстау облысында да агробизнесті өркендетуге мүмкіндік бар.

Қарлыға ТЕЛМАН


Еншілес ұйымдар

Серіктестер