«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан кәсіпкерлері Қытаймен ірі ынтымақтастық алаңында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

2025 жылғы 25 Қыркүйек
- Түркістан облысы
175 просмотров

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы кооперативтері мен шаруашылық қауымдастықтарының ұлттық қауымдастығы (АКҚҚБ), Бүкілқытай жеткізу және маркетинг кооперативтері федерациясы (ACFSMC), «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ және Narxoz Business School (білім беру серіктесі) стратегиялық іс-шара аясында бірлескен кездесу өтті. Жиын Қытай халықаралық импорттық көрмесіне (CIIE-2025, Шанхай) қатысуға дайындық пен серіктестікті тереңдету мәселелеріне арналды.

Айта кетейік, ACFSMC – Қытайдағы ең ірі кооперативтік жүйе. Ол 340 мыңнан астам сату және қызмет көрсету нүктелерін біріктіріп, 2023 жылы 7,3 трлн юань жылдық айналымға қол жеткізген. Бұл жүйе Қытай мен аймақ елдерінің бұқаралық нарығына тауар жеткізудің басты арнасы саналады.

Ынтымақтастық аясында бірнеше стратегиялық бағыт айқындалды:
    •    Қытайдағы ірі сауда желілеріне шығу. Қазақстандық және Орталық Азия өндірушілерінің өнімдері ACFSMC дүкендері мен орталықтарының сөрелерінде сатылымға шығарылады.
    •    Кооперативтік банктер арқылы қаржыландыру. Әлем бойынша 85 мыңнан астам кооперативтік банктер мен несиелік одақтар 13–14 трлн доллар активті басқарады. Бұл қаржыландырудың бірегей үлгісі – төмен пайыздық мөлшерлемелер және қолма-қол ақшамен немесе өніммен өтеу мүмкіндігі бар.
    •    Экспортқа дейінгі қызмет көрсету орталықтары. Қытай мен Азия-Тынық мұхиты елдеріне экспортталатын тауарларды сұрыптау, орау, сертификаттау және ілгерілету үшін бірлескен алаңдар құрылмақ.
    •    Бірлескен сертификаттау және зертханалар. Бұл жүйе Орталық Азия тауарларын тануды жеделдетіп, халықаралық нарықтарға шығуды жеңілдетеді.
    •    Баға тұрақтылығы мен инфляцияға қарсы іс-қимыл. Бірлескен сатып алулар арқылы тиімді ұсыныстарға қол жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін отандық SINARSIM платформасымен серіктестік орнатылды.

Күн тәртібінде
    1.    Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің CIIE-2025 көрмесіне қатысуға дайындық.
    2.    2025 жылғы 7 қарашаға қазақстандық спикерлер мен конференция қатысушыларын анықтау.
    3.    «Қытай кооперативіндегі Орталық Азия шельфі» жобасын әзірлеу.
    4.    Қазақстандық және аймақтық компаниялардың Қытай нарығына шығуына арналған акселерация бағдарламасы.
    5.    Қазақстандағы АКҚҚБ мүшелерінің өнімдерін ілгерілету және сату тетіктері айтылды.

Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен кәсіпкерлермен қатар, Өзбекстан мен Қырғызстаннан бизнес өкілдері де қатысты. Түркістан облысынан оннан астам кәсіпкер, сондай-ақ Палата директоры Асылан Ибадуллаев пен директордың орынбасары Бақытжан Құралбаев арнайы қатысып, өңірлік бизнеске ашылып отырған жаңа мүмкіндіктерді талқылады.

«ACFSMC-пен орнатылып жатқан әріптестік біздің өңір кәсіпкерлеріне әлемдегі ең ірі тұтыну нарығына шығуға жол ашады. Бұл – тек экспорт көлемін ұлғайту ғана емес, ауыл шаруашылығын, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге нақты мүмкіндік. Түркістан кәсіпкерлерінің өнімдері Қытай сөрелеріне шығуы – өңір экономикасының сапалы өсуінің кепілі», - деді Асылан Ибадуллаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174