«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада жеделсаты жасайтын зауыт бар

2016 жылғы 07 Қараша
12400 просмотров

Астаналық компанияның нарыққа шыққанына көп болған жоқ, алайда ол өз өнімін «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарына жеткізіп тұру туралы келісімшартқа қол жеткізіп үлгерген 

Ақмола лифт (жеделсаты) құрылысы зауытының өндіріс басшысы Самат Нұрманов кәсіпорынның «AUXE» маркалы лифт, эскалатор және траволатор шығару ісіне маманданданып жатқанын айтты. Бұл марка «ЕХРО-2010» Шанхай халықаралық көрмесі мен 2008 жылғы Бейжің олимпиадасы нысандарында сәтті пайдаланылғандықтан, таңдау осы брендке түскен.

«Қазақстан аумағында мұндай өндіріс әлі жоқ. Ақмола лифт құрылысы зауыты жолаушылар тасымалдайтын лифтілер құрастырады. Олар 400 кг-нан 1250 кг-ға дейінгі, 15 адамға есептелген салмақты көтереді. Сонымен қатар зауыт 5000 кг дейін жүк тасымалдайтын лифтілер, ауруханаларға арналған және автокөлік көтеретін лифтілер, траволаторлар шығарады. Біздің өнімдердің өзіндік құны оны тасымалдауға көп шығын жұмсалмайтындықтан, шетелдік өнімнен бірнеше есе төмен. Мысалы, көршілес Қытай елінен лифт алдыратын болсақ, оны жеткізуге орташа есеппен 6-7 мың доллар қажет. Қазақстан бойынша біз автокөліктермен жеткізіп береміз. Бұл бірнеше есеге арзанға түседі», – деді Самат Нұрманов.

Басшылық зауыттың жылына 1 000 лифт және 250 эскалатор шығара алатынын және тапсырыс берушіге жабдықтарды 1-2 ай ішінде жеткізіп беретінін айтып отыр. Ал нарықта бұған орташа есеппен 4-6 ай кетеді. Кәсіпорынның қосалқы бөлшектер сақтайтын өз қоймасы бар. Лифттер мен эскалаторлар сынып қалған жағдайда олар 1-3 күн ішінде қажетті бөлшектерін жеткізіп бере алады.

«Бүгінде кабина корпустары, көтергіш жақтаулар, лифтіні көтеретін жүктер, кронштейн және басқа да бөлшектерді тікелей зауытта өндіріп отырғандықтан,  құрал-жабдықтардың шамамен 60%-ы өзімізде шығады деп айтуға толық негіз бар. Ал қозғалтқыш, электроника секілді бөлшектерді Жапониядан, Кореядан және Қытайдан әкелеміз», – деді кәсіпорын басшысы.

Лифтіні көтеретін құралдарды өндіру үшін тек қазақстандық шикізаттар, оның ішінде табақ металл, мырыш табақ, «Арселор Миттал» АҚ-ның домналық заттары, цемент және Өскемен цемент зауытының өзен құмы, павлодарлық топырақ эмалі пайдаланылады.

Эскалатор шығаруда да «Арселор Миттал» АҚ-ның металдары және павлодарлық бояулар қолданылады.

Болашақта лифт едені үшін мәрмәрлар және металл бұйымдар, тағы басқа дүниелерді пайдалану жоспарланып отыр.

Кәсіпорын өнімдері заманауи қауіпсіздік стандарттарына сай. Лифтілердің қозғалысы қалыпты жылдамдықтан асқанда автоматты түрде іске қосылатын тежеу жүйесі бар.

Самат Нұрмановтың айтуынша, үйлердің құрылысы әртүрлі болатындықтан, кәсіпорын әр тапсырыс үшін жеке жұмыс істейді.

Зауыт кепілдік, сонымен бірге келісімшарт арқылы бекітілген қызметтерді жүзеге асырады. Кепілдік қызмет көрсету уақыты – 2 жыл, алайда отандық лифтілер орташа есеппен 20 жыл бойы пайдалануға жарамды.

Бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді, болашақта штат саны 80 адамға дейін көбеймек.

«Зауытта білікті кадрлар жетіспейді. Астанада лифт шаруашылығы бойынша бірнеше колледж ғана мамандар даярлайды. Осыған байланысты шетелдік технологияны меңгеру үшін зауыт жұмысшыларының жартысы Қытайға оқуға жіберілді», – деді кәсіпорын басшысы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Өмірсерік Ержановтың айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты –  отандық машина жасау саласын дамыту және импорттың орнын басу.

«Зауыт қызметкерлері өздерінің бірегей жобаларының бірі ретінде Астанадағы LRT құрылысын айтады. Отандық лифтілер шетелдік лифтілерден еш кем түспейді, тіпті керісінше, олар біздің климаттық жағдайларға ыңғайланып жасалған», – дейді Өмірсерік Ержанов.

Жоғарыда көрсетілген артықшылықтардан бөлек, лифтілер мен эскалаторлар ЕХРО-2017 «Болашақ энергиясы» талабына толықтай жауап береді. Олар энергияны сақтайтын «ReGen» регенерация желісімен жабдықталған. Энергияны генератор сияқты өндіріп, оны жүйе жұмысына жұмсайды, бұл пайдаланылған энергияның 40%-ын немесе бір лифт үшін жылына 100 мың теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер