«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпті қалай таңдаған дұрыс?

2016 жылғы 01 Қараша
- Қостанай облысы
6867 просмотров

Ауыл мектебінің мұғалімдері түлектер арасында кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізу неге қиын екенін түсіндірді

Жүз жиырма оқу меңгерушілері мен психологтар бас қосып, өзара тәжірибелерімен бөлісті. Бұл семинарды Кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшылары Қарасу және Қарабалық аудандары білім басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырды. Семинар мақсаты – оқушылар арасындағы кәсіп таңдау жұмысын жүргізудің тиімділігін арттыру, мектеп жасынан бастап өміршең мамандық таңдауға үйрету.  

Семинарлар өзгеше өткізілгенін айтады Палата сарапшысы Зарина Көкжанова. Мұғалімдерді екі топқа бөліп, бір топ – оң нәтижені қаузаса, келесісі – теріс жайттарды ортаға салумен болды. Осылайша біраз мәселенің жай-жапсары айқындалды.

«Басты мәселе – оқушылар да, ата-аналар да қандай колледж қай мамандықты тегін оқыта алатынын, нарықта қай мамандық сұранысқа ие екенін білмейді. Ол туралы еш хабары жоқ. Екінші мәселе – педагогтарға арналған әдістемелік материалдар жоқтың қасы. Тек кеңес одағы кезіндегі әдебиет қалған. Ара-тұра ресейлік әдебиет бар. Ал, біздің отандық әдебиет мүлде жоқ. Педагогтар табантірер тұғыр жоқ. Үшіншіден, бұл ең өткір мәселе болса керек – оқушылардың ынтасының жоқтығы, ырықсыз, еңбек етуге ниетсіздігі. Бұрынғыдай еңбек жасақтары жоқ. Бүгінгі балаларды сенбілікке шығара алмайсың. Сондықтан әке-шешесі қайда барып оқы десе, сонда барып оқи салады», – дейді Зарина Көкжанова.

Оң нәтиже деп педагогтар отбасылық әулеттердің тәжірибесін атады. Олар облыс аудандарында аз емес. Мұндай отбасының баласы күні ертең кім болатынын біліп өседі. Назар салатын тағы бір дүние – тұрақты түрде өркендеп келе жатқан кәсіпорындардың қанат жаюы. 

«Егер ауданда өндірістік база жақсы болса, еңбек ету шарты толық, жалақысы көңілден шығарлық өндіріс болса, бұл оқушыны құлшындырады. Оқушының экономикалық білімі болғаны да өте маңызды. Мұғалімдердің айтуынша, көптеген түлектер үй салу үшін, отбасын асырау үшін қанша ақша керектігін нақты біліп тұрады екен. Ал, кейбірі әке-шешесі қайда жұмыс істеп, қанша ақша табатынын да білмейді. Педагогтар мектеп аясында кәсіпкерлікті пән ретінде енгізсе қайтеді деп сұрап жатыр. Өз кезегінде мұғалімдер заманауи технологияны меңгеруге, интернет пен әлеуметтік желіні игеруге ниетті. Сол арқылы кәсіп таңдау жұмысын жаңа деңгейге көтергісі келеді», – дейді Зарина Көкжанова.

Білім басқармасы семинар нәтижесі облыстағы мектептердің бәріне арналған әдістемелікке негіз болатынын жеткізді. Оқушылардың да пікірі назардан тыс қалмайтын болды.

Өткен айда жалпы сауалнама жүргізу нәтижесінде оқушылар кәсіп таңдау туралы өз пікірлерін ортаға салған еді. Сауалнама нәтижесін басқарманың арнаулы мамандары зерттеп жатыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер