«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жауапты бизнес – жарқын болашақ

2016 жылғы 31 Қазан
7893 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі жоба таныстырылды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында қауымдастықтар өкілдерінің, мемлекеттік органдардың, ҚР Кәсіподақтар федерациясының және «CSR Central Asia» корпоративтік даму жөніндегі агенттігінің қатысуымен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін талқылаған кездесу өтті.

Жиында Ұлттық палатаның «Бизнесті жауапты жүргізу үшін кәсіпорындардың (ұйымдардың) әлеуетін арттыру» жобасы көрсетілді. Ол әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша Республикалық үшжақты комиссияның шешімімен мақұлданған корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік ұстанымдарын дамыту жөніндегі жоспарды жүзеге асыру үшін жасалған. Жоба үш жылға есептелген. Ол кәсіпорын саясатында бизнесті жауапкершілікпен жүргізудің қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған. Жобаның маңыздылығының басты дәлелі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басқарушы талаптарына сай, қаржылық емес ақпаратты жариялау процесіне ықпал ету болып табылады (мысалы, әлеуметтік және экологиялық көрсеткіш).

Бүгінде корпоративтік есепті, негізінен, шетелдік тараптың қатысуымен «Самұрық Қазына» АҚ құрамына енетін ірі компаниялар дайындайды. Алайда, көптеген қазақстандық ірі, орта, шағын кәсіпорындар қаржылық емес есептің мақсаты мен талабын түсінбейді. Көптеген қазақстандық компаниялар, тәжірибеде солай бола тұра, әлеуметтік жауапты екенін сезінбейді. Сол себепті жоба аясында қаржылық емес есептіліктің пішіні КӘЖ бойынша есеп дайындаудың халықаралық стандарттары негізінде әзірленеді және сынақтан өткізіледі. 

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілік көрсеткішінің ауқымы барынша кең. Алайда кәсіпке лайықты және барынша қарапайым көрсеткіштерді анықтап, кәсіпкерлерге өзін бағалауды ұсыну жоспарланып отыр. Болашақта, бизнес әлеуметтік жауапкершік бойынша индикаторлар енгізетін болады. Осылайша әртүрлі кәсіпорындарды өзара салыстыру мүмкіндігі пайда болады.

Сонымен қатар, жоба аясында ақпараттандыруды арттыру және КӘЖ мәселелерін түсіну бойынша шаралар кешені жоспарлануда. Онда жобаның келесі құрамдас бөліктері қарастырылады: экономикалық құралдарды жетілдіру, бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ынталандыру, экономикалық емес құралдарды жетілдіру, сонымен қатар көлемді ақпаратты-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Жиынға қатысушылар жобаның маңыздылығын және оны жүзеге асыруға әлеуметтік серіктестер қолдау көрсету керектігін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер